Аудиторлар мен тергеушілер ұсталды
Аудиторлар мен тергеушілер ұсталды
141
оқылды

Бұл іске қатысты тергеуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің Алматы об­лысы бойынша департаменті бастаған.

«Алматы облысы Ішкі мем­лекеттік аудит департаменті бас­шысының орынбасары мен бас маманы «Жамбыл ауданы­ның тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөлімі» бас­шысынан тексерілетін «Жамбыл ауда­ны­ның Самсы ауылының сумен жаб­дықтау жүйесін қайта жөндеу және салу» нысаны бойынша аудиторлық тексе­рудің оң нәти­жесі үшін 1 мил­лион теңге со­масында пара  алды деген күдікке ілінді», – де­лінген хабарламада.
Ал Батыс Қазақстан облы­сында қылмыстық істі жауып беруге уәде берген тергеушілер ұсталған. Облыстық эконо­ми­калық тергеу департаменті тергеу басқармасының аға тер­геушісі мен жедел уәкілі 2020 жылы 1 қазанда азамат Т-ны алдау және сенімін пайдалану арқылы басқа органның өн­дірісіндегі қыл­мыс­тық істі тоқ­татуға ықпал ету сыл­тауымен 5 миллион теңге со­масындағы ақшалай қаражатын иемденген. Қылмыстық-про­цестік ко­декстің 128-бабына сәйкес ұс­талған олар Оралдағы уақытша тергеу изоляторына қамалды. Бұл іске қатысты ше­шімді сот шығарады.  

Тұмар МЫРЗА