Салық жүйесі: күрделі де түсініксіз
Салық жүйесі: күрделі де түсініксіз
335
оқылды
Салық кодексінің жаңа редак­циясы 2017 жылы қабылданып, қолданысқа енгізілді. Жаңа өзгер­тулерге сай салық салу кәсіпкерлер үшін қарапайым әрі түсінікті болады деген үміт бар еді. Алайда олай болмай шықты.
«Ұлттық экономика министр­лігінің дерегі бойынша, бүгіндері биз­­нес есептіліктің 639 түрін және жеке – қаржылық, салықтық, ста­тис­тикалық есептілікті ұсынады. Әрине, мұндай үлкен есеп беру жүйе­сі кәсіп­керлер үшін проблема болып көрі­неді. Салық есебі өте күрделі. Бұл салыққа қатысты қате­ліктерге, айып­­пұлдар мен жаза­ларға алып келеді. Тіпті, патенттік және жеңіл­­детілген салық салу жүйелері бизнес субъек­тілерінен штатты кө­бейтуді және оған бухгалтер немесе салық маманын қосуды талап ете­ді», – дейді Сенат депутаты Дәурен Әділбеков.
Сондықтан ол Үкіметке салық заң­­на­масына тиісті өзгерістер мен то­лықтырулар әзірлеп, заңға тәуел­ді актілердің санын азайту мүмкін­дігін қарастырып, салық есептілігін қыс­қартып, жеңілдетуді, салықты есеп­теуді қарапайым әрі түсінікті етуді ұсынып отыр. Кәсіпкерлер құқын қорғау жө­ніндегі омбудсмен Рүстем Жүні­сов те осындай проблеманың барын айтады.
«Қолданыстағы салық салу жүйе­­­­сі шағын бизнес субъектілері үшін және өзін-өзі жұмыспен қамту­шылар үшін тым күрделі және түсініксіз екені рас. Кәсіпкер мемле­кетке қанша қаржы төлеуі тиіс екенін нақты түсінетіндей жүйе қа­жет, сондай-ақ кәсіпкердің жұмса­латын уақыты мен күш-жігері де үнемделуі тиіс. Егер мұндай жұмыс­тарды (тіркеу, салықты ұстап қалу, есептілікті тапсыру) кәсіпкер үшін қандай да бір агент атқаратын болса, тіпті ыңғайлы болар еді, мысалы: банк, цифрлық платфор­малар. Мем­лекет басшысы микро және шағын бизнес үшін үш жылдық мораторий мен салық  демалысын  жария­лағанын білесіз. Осы салық дема­лысы ұсы­нылған уақытты пай­да­ланып, ШОБ үшін барлық салық режимін кешенді түрде қайта жазып шығу керек. Бұл ретте басты назар бизнестің іріленуі мен деңгейінің өсуіне аударылуы тиіс», – дейді ол.
Расында, бұл жұмысты осы бір жылымық кезде атқарып алсақ, ШОБ-қа берілген салық демалысы аяқталғанда абдырап қалмаймыз. Сарапшылар бүгінде салық жүйесін­дегі проблемаларға негізінен жеке сектор бетпе-бет келетінін айтады. Ал ква­зисектордағы бизнес субъектілері мем­лекеттен дотация алатын бол­ғандықтан, салық есебін жасайтын кадрлардың санын арттыруға мүм­кіндігі бар. Ал өз күшімен өмір сүріп жатқан бизнес субъектілерінің бух­галтерия бөлімін кеңейтуге мүм­кін­дігі бола бермейді. salik toley Ресми дерек бойынша, бүгінгі таңда елімізде коммуналдық мен­шікте 5,6 мың мемлекеттік кә­сіпо­рын (акционерлік қоғамдар мен жауап­­кершілігі шектеулі серік­­тес­тіктер) бар. Егер осы кәсіпорын­дар жеке секторда болса, бүгінгі салық есептілігіне қатысты мәселені көп болып көтерер еді. Ал көптің дауысы қашанда алысқа жетеді.

Бірыңғай салық жүйесі керек

Қай саланың бизнес субъектісі болмасын, бірыңғай салық жүйесінің енгізілгенін қолдайды. Себебі бір­неше салықты бөлек-бөлек төле­генше, бірден төлеу тиімді. Алайда бұл жүйе келесі жылы ғана енгізілуі мүмкін. Ұлттық экономика ми­нистр­­лігінің дерегінше, бюджетке салық пен басқа төлемдерді аударуға арналған бірыңғай төлем тұжы­рымдары әзірленген. Ол тұжырым­дар бизнес қауымдастықпен ақыл­дасып, «Атамекен» ұлттық пала­тасымен бірге дайындалған. Алайда ақпараттық жүйені соңына дейін жасау үшін белгілі бір уақыт керек. Мысалы, келесі жылы бұл нормалар заң жүзінде бекітіледі деген ақпар бар.
Жалпы, салық төлеу мен салық туралы есеп беруді жеңілдетуге сала­лық  қауымдастықтар да атсалыс­қаны жөн. Себебі әр саланың өзіне тән салық түрі бар. Бұл орайда еліміздегі Ет одағының жоспары көңілге қона­тын сияқты. Ет одағы төрағасы Мақ­сат Бақытбаевтың айтуынша, қауым­­дастық фермерлер үшін салық комитетінің серверімен синхрон­далатын және салықтарды автоматты түрде есептейтін мобильді қосым­шаны (есеп) әзірлеп, енгізуге дайын. «Сондай-ақ бірыңғай ауыл­шаруа­шылық салығы енгізілген жағдайда және жердің сапасына байланысты салық мөлшерлемелерін есепте­генде, түсімдер қағидасына сәйкес салық төлеуді автомат­тан­дыруға болады», – дейді ол.
Әзірге қазақстандықтар үшін салық төлеу процедурасының Қар­жы министрлі ұсынған электрон­ды нұсқасы – iOS және Android құрыл­ғыларына жүктеуге болатын e-Salyq мобильді қосымшасын місе тұтуға тура келеді Бұл бағдарлама бірден салық төлеушілердің алдында тұрған бірнеше мәселені жойып отыр – банкке бармай, мәліметтерді тол­тырмай, төлем терминалын пайда­ланбай-ақ, осы қосымша арқылы салық төлеуге болады. Жүйе уәкілетті органдар мен мемлекеттік кірістер органдарының дерек­қорларын орта­лықтандыру арқылы жасалған. Яғни, бұдан былай салық салынатын объект иесіне және оның мәртебесіне қатысты кез келген өзгерістер авто­матты түрде интеграцияланған мә­ліметтер базасында жаңартылып отырады. Есептеу жүргізіліп, салық төлеушіге алдағы төлем туралы PUSH-хабарлама немесе SMS ар­қылы хабарланады. Жүйеде рекви­зиттер орнатылған және төлем түскен кезде ол автоматты түрде аза­мат­тардың жеке шотына түседі. Бұл адами фак­тордан пайда болуы мүмкін қателікті жояды.

 Кәсіпкерлер салықтың өсуіне қарсы

Соңғы уақытта тау-кен және ме­таллургия кәсіпорындарына салы­натын салық өседі деген әңгіме тарай бастады. Бұл әңгіме негізсіз емес. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік па­латасының салалық комитетінің тө­рағасы Николай Радостовецтің айтуынша, Парламентке мақұлдауға жіберілген құжатта тау-кен және металлургия, мұнай саласына корпо­ративті табыс салығы мөлшерін 20-дан 24%-ға, ҚҚС 12%-дан 16%-ға арттыру қарастырылған. Ірі кә­сіпорын­дардың барлық жетекшісі Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовке хат жолдапты.
«Коронавирус пандемиясына байланысты инвестиция төмендеді. Егер біз корпоративті табыс салығы мен ҚҚС өсірсек, ұзақмерзімді жо­балар мен салымдарды қалай есеп­тейміз? Бізге кәсіпорындардың жұ­мысын қалпына келтіруге мүм­кіндік берілсе, онда бұл сала бюд­жетке жоспарланған салық тү­сі­мінен де көбірек пайда әкелер еді», – дейді олар.
Тағы бір мәселе - Салық ко­дексіне енгізілген өзгерістер мен то­лықтырулар шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлер қызметін шектейтін және пайдалы қазбаларды өндіруде салық салуды реттеуде көмескілік тудыратын түзе­ту енгізбекші көрінеді. Нақтылап айтсақ, минералды шикізатты бас­­­тапқы өңдеу кезінде өндірістен тү­зелген қалдықтар көлемін шы­ғынға жатқызбау ұсынылып отыр. Ал қазіргі кезде нақты өндірілген өнімге ғана салық салынады. Егер ми­нистрлік ұсынысы енгізілсе, бүкіл қорға салық салынатын болады, өйткені техногенді-минералды объект бастапқы өнімге жатады. Бұл ұсыныс елге келетін инвесторды сырт­қа тебу болып саналады дейді сарапшылар.  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ