Тарих «браконьерлеріне» тосқауыл жоқ
Тарих «браконьерлеріне» тосқауыл жоқ
172
оқылды
Иә, бұл тақырып БАҚ бе­тінде бірнеше рет жазылды. Біз де қаузап көргенді жөн көрдік. Өйткені расымен елімізде та­рих «браконьерлерінің» қолы­на кісен салынбайды. Бұл  жө­нінде әйгілі ғалым Зейнолла Самашев бірнеше мәрте айтты. Мәселен, археолог Елеке сазы мен Тарбағатай аймағында қыс­қа қарай трактор немесе бас­қа да ауыр техниканы әкеліп, ес­керткіштердегі әшекейлерді қазып әкететінін атап өткен-ді. «Олардың прокуратура, ішкі іс­тер орғандары сияқты барлық күш құрылымдарында өз адамы бар. Соларға тиісті мөлшердегі еншілерін бөліп береді де, есесіне ешкімнен қауіп болмайды» деп ғалымның ашығын айтқаны бар.  Археолог Әзілхан Тәжекеев те ға­лым­дар көлеңкелі археологиямен күресе алмайтынын, мемлекетте күресетін жүйелі жұмыс жоғын атап көрсеткен.  

Заңы әлсіз жерде – би мен қожа көп

Мемлекет ізін «таппай жүрген», археологтар нұсқаудан шаршаған «қара археология» түсінігі қайдан шықты дерсіз. Археолог Сырым Ғадылбекұлы бұл әлемде бұрыннан бар процесс екенін алға тартады. «XVIII ғасырда атақты Трояны ашқан Шлиманның өзі қазына іздеумен айналысқан», – дейді ол. Оның үстіне, археолог «қара археологиядан» гөрі көлеңкелі немесе тарихи браконьерлер деуді жөн көреді. Қазір бұл іс монета мен коллекция жинау сипатына айналып кеткен. Жерорта те­ңізі маңайында көлеңкелі архео­логияның қазаны қайнап тұр деседі.
Ал елімізде тарих бра­коньерлерінің көбеюі тәуелсіздік алған жылдардан кейін белең алған. Сырым Ғадылбекұлы мұ­ның  үш себебін айтып, жіктеп берді. Оның айтуынша, алдымен қоғамдағы урбанизацияның ық­палы зор. «Тұрғындардың қалаға көшу процесі жүрді де, далалы аймақтар бос қалды. Әсіресе, шекаралы, таулы аймақтар. Атал­ған аймақтарда қорғандарды қа­зып, алтын іздеу, қазына іздеу белең алды. Кейінгі 5-6 жылда қат­ты көбейіп кетуінің се­бебі – Ресейдегі заңнамалық өз­герістерге байланысты. Олар заңды қатаңдатып тастады да, ме­талл іздеу құралын қолдану үшін археологтердің өзі арнайы рұқсат алатын жағдайға жетті. Содан кейін Ресейде жүрген қазына іздеушілер мен коллекционерлер біздің ше­караға қарай өтіп кетті», – дейді археолог Сырым Ғадылбекұлы.
Археологпен тілдесу арқылы көптеген дерекпен бетпе-бет кел­дік. Шынымен де, Ресейде «Мә­дени мұра нысандары туралы» федералды заң қатайған соң ар­хеологтердің Қазақстан мен Моң­ғолияға «ауа көшкенін» Алексей Ковалевтың да айтқаны бар. Бұл қалай іске асады дегенге келсек, олар Қазақстанға келіп, заңсыз қазба жұмысын жүрізеді. Мысалы, монета мен қыш ыдыстарға құмар екен. Қызылорда маңындағы көне қалаларда «барлау» жұмысын жүр­гізіп жүрген шетелдіктерді тұр­ғындардың да, археологтердің де көзі шалған. «Өздерінен қазына та­уып, Қазақстанға өтіп, еліміз арқылы Еуропаға тасымалдап жатқандар бар». Осылай деген Сырым Ғадылбекұлы Қазақстан «көмбенің қақпасы» болып отыр­­ғанын меңзейді. Өйткені елі­­мізде «тексеру» жүргізудің әл­сіз­­дігі шетелдіктердің тарихи ес­кер­ткіштерге қол сұғуына әкелген.
«Көлеңкелі археологияның бе­лең алып кетуінің тағы бір се­бебі – кейінгі жылдары Алтын адам­ның жиі табыла бастауы. Архео­логтердің «ана жерден Алтын адам, мына жерден керемет дүние» табылды дегенін естіп, халық әрбір төбенің астында алтын бар деп ойлайды. Сондықтан жөнсіз қазу жұмыстары көп болып кетті. Қо­сымша айтар болсақ, заңсыз ар­хеологияның «меңдеуіне» жур­налистер де кінәлі. Олар ар­хеологиялық бір жылт еткен фо­льганы  көрсе де,  «Алтын адам табылыпты» деп сенсация жасайды. Негізі,  бұрындары  Ке­ңес кезінде табылған бағалы дүниелер 1-2 жыл тексеруден өтіп барып, ғылыми жаңалық ретінде қолданысқа енетін. Қазір де солай. Бірақ бүгіндері хабар шыққан күні журналистер «мына жерден алтын шығып жатыр» деп сюжет түсіреді. Сондықтан  журналистер сенсация қуамын деп тарихи дүниеге кері әсерін тигізеді», – дейді археолог Сырым Есен.
Одан кейінгі мәселе – архео­логтер қорғандардың бәрін аша алмайды, жартысы қалады. Ал 1,5 жылдан кейін келсе, сол маңайдағы тұрғындар қазып, алтынның бәрін алып кеткен. Археологтердің ай­туынша, қазба жұмысын арнаулы методикамен ашпаса болмайды. Ал бұған заңның көзқарасы қандай? Бәрімізге белгілі, 1992 жылы «Та­рихи-мәдени ескерткіштерді қор­ғау туралы» заң қабылданған. Онда құнды жәдігерлерді сату, кон­трабандалық жолмен алып жү­руге қатысты бап бар. Онда 3-12 жыл­ға дейінгі бас бостандығынан айы­ру жазасы жазылған. Алайда құ­жатта сатпау туралы баптың жо­ғынан көлеңкелі археологиямен ай­налысатындар заңды белінен ба­сып жүр.  

«Көлеңкелі археологияның белең алып кетуінің тағы бір се­бебі – кейінгі жылдары Алтын адам­ның жиі табыла бастауы. Архе­ологтердің «ана жерден Алтын адам, мына жерден керемет дүние» табылды дегенін естіп, елдер әрбір төбенің астында алтын бар деп ойлайды. Сондықтан жөнсіз қазу жұмыстары көп болып кетті.

  Ал биыл Мәдениет және спо­рт министрлігі бекіткен Архео­логия­лық жұмыстарды жүзеге асы­ру қағидалары мен шарттарын бе­кіту туралы құжаттың 30-бабы 3-тармағында «Тарихи-мәдени мұра объектілерінің  сақталып тұр­уына қатер төндіруі мүмкін жұ­мыстарды жүргізуге тыйым са­лынады» делінген. Жазылғаны бол­маса, жазалап жатқанын көрген бірі бар ма екен?  

Шығыс Қазақстан мен Алматы маңы: қараусыз қалған қорған мен жәдіг­ерлер көп 

«Қара археологтердің» кө­бею себебін анықтап алған соң Сырым Ғадылбекұлынан қай өңірде заңбұзушылық дерегі көп екенін сұрадық. Археолог қорғандарды тонау мен алтын іздеу процесі Шығыс Қазақстан мен Алматы облысы аумағында жиі кездесетінін айтты. Себебі өңірлерде бос жат­қан жерлер мен таулы аймақ көп екен. Әсіресе, сақ кезеңі мен қола дәуіріне жататын патшалық қо­рым мен обада «алтын іздеу» процесі жүреді. Археолог Шығыс Қазақстанның Аягөз, Жарма ау­дан­дарында  «оқиға орнынан» бір­неше фотосурет түсіргенін де атап өтті. Оның айтуынша, трактормен қазып тастаған жер көп. Алматы облысында да жағдай солай екен. kasba1 Одан кейін археологтер оң­түстік өңірлерде ортағасырлық қала орнын тонау фактісі көп екенін алға тартады. Сырым Есеннен бөлек, археолог Әзілхан Тәжекеев те мұны растап отыр. Мәселен, Жамбыл, Түркістан мен Қызылорда облыстарында ортағасырлық қала ба­рынан бәрі хабардар. Сондықтан аталған өңірде тұрғындар мен «қара ар­хеологтар» монета іздеп, қыш құ­мыра табумен әлек болатын кө­рінеді.
«Жібек жолы бойындағы қа­ла­лар ортағасырлық Меркі қала­сында, Қордай ауылы маңында бірнеше рет осындай оқиғаға тап болдық. Қызылордада, Сырдың бойындағы ортағасырлық бірнеше қалада монета іздеп, қазып тастаған жерлер көп. Бұларда қазу сипаты басқаша. Алтын емес, монета мен қыш құмыра, тарихи құнды заттар іздейді. Себебі  ортағасырлық қала­­ларда алтын көп болмайтынын бі­леді. Сол үшін Ресейден келетін коллекционерлер осы аумақтарда көп жүреді. Аймақ  тұрғындары  «осы жерді орыстар келіп қа­зып кетті, қолдарында металл із­дейтін құрал бар» деп айтады. Ме­таліздегішін пайдаланып жүретін коллекционерлер көп. Ауыл тұр­ғындары арасында «мына жерде тол­ған ақша екен, қыш құмыралар бар» деген сияқты қауесетті естіп алып, қазып жататындар кезігеді», – дейді археолог Сырым Есен.
Сондай-ақ тақырыпқа негіз болуы үшін «археологтер қазған жерін қараусыз қалдырады» деген деректің мәнісін сұрадық. Сырым Ғадылбекұлының айтуынша, қазір заң бойынша кез келген археолог қазған орнын жауып кетуге тыры­сады. Бұл жерде далалық жер­лерде қорған қазатындар жаппай кетуі мүмкін екен. Оның ішіне бір­еудің малы түсіп кету қаупі бар. Әрбір археолог жерді заңға сүй­еніп  қазады, лицензиясы бар. Айта кетерлігі, жерді минус тем­пературада қазуға болмайды. Ол кезде жерді бүлдіріп алады дейтін заңдылық бар көрінеді. Сондықтан қазба жұмыстары жаз кезінде жү­реді. Бір қорған бірнеше жыл қа­зылуы мүмкін. kasba  

Кең даланы күзетіп жүрген ешкім жоқ

Мәселенің  себебі мен сал­дарын жазған соң шешу ама­лын да қарастырып көрдік. Ар­хе­ологтар Мәдениет және спо­рт министрлігіне қарасты ме­кемелердің жауапты екенін ай­тады. Жыл сайын Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығына қаржы бөлінеді. Айта кетерлігі, мекеме атауы әр аймақта әртүрлі сипатқа ие. «Жоғарыдағыдай заң­бұзушылықтарға жол бермеудің шешімі  – мониторинг жасау» деп отыр археолог Сырым Есен. Археолог өңірлердегі мекеме жұ­мысынан хабардар көрінеді. Бізге қай аймақта жұмыстың жақсы жү­ріп-жүрмейтінін жіпке тізіп берді.
«Солтүстік Қазақстан об­лысын­да бір-екі адам жұмыс ат­қарып жүргенімен, ресми түрде ор­ган жоқ. Білуімше, аймақтарда Мә­дениет басқармасына қарайтын құрылым болуы керек. Павлодар облысында мұндай мекеме жоқ. Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл өңірлерінде бір-бір инспектор отырады. Қалған аймақтарда жоқ деуге толық негіз бар. Әсіресе, Шы­ғыс Қазақстан  мен Алматы облысы инспекторлары өте на­шар жұмыс істейді. Өйткені заң­бұзушылық жиі тіркелгені – жұ­мыс жүрмегенінің белгісі. Не­гізі, штаты бар ауданға бара қалсаң, орнында бір домбырашы немесе кітапханашының көмекшісі отыр­­ады. Қандай қызмет атқара­тынын нақты білмейді. Бұл – осын­дай жауапсыздықтан, мемле­кеттік құрылымдардың  тиімсіз жұмыс салдарынан болып жатқан дүние», – дейді археолог Сырым Ғадылбекұлы.
Оның айтуынша, мемлекеттік механизмді дұрыстау керек. Басқару механизмін реформалау қажет. Бастысы,  инспекцияның жұмысын бір ізге түсіру маңызды. Көлеңкелі археологияға тосқауыл қою – әр облыстағы инспекция, аймақтардағы мекемемен тығыз қарым-қатынас жасауына бай­ланысты. Археолог келтірген мә­ліметке сүйенсек, өңірлердегі му­зейден бір жауапты адамды сайласа жетіп жатыр. Екінші бір мәселе, штатта отырғандар бар болғанымен, олардың қолында нақты дерек жоқ. Аймақтағы ес­керткіштердің тізімі жасалып, жылына 1-2 рет барып, көріп мо­ниторинг жасап отыру керек. Ол үшін жол шығынына ақша бөлінуі тиіс. Елде бар инспекциялардың жұмысын қадағалап, тексеруден өткізген жөн.
 «Заңбұзушылықпен айна­лысып жүргендер браконьерлер секілді. Табиғатты қорғаушылар сияқты инспекция қызметкерлері де далада жүруі керек. Бізде бірде-бір инспекцияның өкілдері да­лада жүрмейді. Ең керемет жұ­мыс істейтін – Қарағанды мен Жамбыл облысы. Ақтөбе мен Маң­ғыстау көшке ілесіп келе жа­тыр. Қалған облыстар мен ау­дандар мұндай жұмыстан бей­хабар. Шығыс Қазақстан, Ал­­­ма­ты мен Солтүстік Қазақстан об­лысын­да өлі тыныштық. Ау­мақ­та қанша ескерткіш барын біл­мейді. Халықпен жұмыс істеу жол­ға қойылмаған. Жергілікті учаске қызметкерлерімен тығыз байланысқа түсудің амалын қа­растырмаған. Қандай ескерткіш қалай қорғалатыны туралы да білімі таяз», – дейді археолог.
Білуімізше, жыл сайын ми­нистрлік облыстық мәдениет бас­қармаларының ескерткіштерді қорғау мекемелеріне ақша бө­леді. Сол қаржыны тиімсіз пай­даланатын мекемелер көп. Архе­олог Сырым Есеннің айтуынша, Қарағанды облысы бөлінген 30-40 млн теңге қаржы­ны ти­ім­ді пайдаланып отыр.  Со­ған ескерткіштерді аралап, тақ­тай­ша қойып жүреді. Жамбыл об­лысының  да жұмысы ақшаны тиім­ді пайдаланатындардың қа­тарынан.  Археолог Алматы мен Шығыс Қазақстанға әжептәуір қаржы бөлінетінін атап өтті. Бі­рақ олар бір Алтын адамның есе­бін береді де, өңірде құжатқа түспеген біршама жәдігер қалып қояды. Сондықтан  мониторинг жасау міндетті. Ақшаны тиімсіз пайдалану тонаушылардың кө­беюіне, қорғандардың қараусыз қалуына әкеледі. Қолда бар мәліметке назар аударсақ, елімізде 25 мың та­ри­хи жәдігер бар. Археологтер ашыл­мағаны, тізімге алынбағаны көп екенін айтады. Олардың ай­туынша, көміліп жатса ғана мұра, ал оны қазып алса, ол жер туристік объектіге айналады. Сондықтан елімізде қазылмаған, зерттеуді қа­жет ететін жерлер жетерлік. Ал археологтер бір жылда бір-екі нысанды аша алса, «қара ар­хеологтер» 50-ге жуық жерді қазып тастайды-мыс. Заң қатайып, ме­кемелер жұмысы жүр­месе, елде түртілмеген төбе, қа­зылмаған шұң­қыр қалмайтын түрі бар.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ