Зейнетақы жинағы: бүгін үй керек, ертең күй керек
Зейнетақы жинағы: бүгін үй керек, ертең күй керек
131
оқылды
Салымшылар жинақтың шекті мөлшерден асқан бір бөлігін үй немесе жер сатып алуға, ипотека қарызын жабуға, оқуға, жекеменшік компанияларға инвестиция ретінде құюға құқылы. БЖЗҚ 721 мың азаматқа қордан шамамен 1,4 трлн теңге таратуы мүмкін. Дегенмен кей сарапшылардың уәжіне сүйенсек, зейнетақы жүйесінің басты міндеті – қамсыз қарттыққа кепілдік беру, яғни қартайғанда кедей болу қаупін төмендету. Ал жинақты мерзімінен бұрын жұмсап жіберу негізгі мақсатқа қарсы жұмыс істейді. «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, салымшылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағын шешіп алса, инфляция шарықтап, алып­сатарлық асқынады.
– Бұл – бір реттік науқан. Салымшылардың 6 пайызын ғана қамтиды. Зейнетақы жинағын алуға мүмкіндігі бар адамдар тап осы қаржыға мұқтаж емес. Ал тұрмысы нашар отбасылар қордағы жи­наққа қол жеткізе алмайды. Бұл бастама мемле­кетке тиімсіз: инфляцияның қысымын күшейтеді, алыпсатарлыққа жол ашады, эко­номикаға кесірін тигізеді. Жалпы, зейнетақы қорын мерзімінен бұрын пайдалану – популистік шара. Зейнетақы жиналуы керек. Жинақ үй алуға емес, аннуитетке бағытталуы керек, – дейді топ-ме­неджер.
Оның ойынша, идея авторлары халықтың нақты жағдайын ескермеген. Қазіргі таңда 6 миллионға жуық азаматтың жинағы 500 мың теңгеге де жет­пейді. Демек, салымшылардың 94 пайызына зейнетақы жинағы әзірге жабық. Қаржы сарапшысы Олег Чеботарев зейнетақы қорының есебінен құрылыс компанияларын жарылқауға үзілді-кесілді қарсы.
– Зейнетақы қорындағы қаржының бір ғана мақсаты бар. Ол – зейнеткерлікке шыққан соң игілігін көру. Оның мақсаты қор нарығын дамыту емес. Сондықтан мен зейнетақы жинақтарын екінші деңгейлі банктерге, экономиканың дамуына жұмсауға қарсымын. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржы тиімді басқарылуы керек. Қазір тиімді басқарылып отырған жоқ – дейді ол.
Экономист Олжас Құдайбергенов мүлде бас­қаша пайымдайды. Бензинді арзандату, қызмет көр­се­ту түрлерін тегін қылу, кредитті кешіру сияқты баста­малар – шын мәнінде популизм. Себебі ұсы­нысты жүзеге асырудың нақты механизмі жоқ. Ал зей­нетақы қорындағы жинағын тұтынудың жөні бөлек.
– Бұл жерде тегін ештеңе жоқ. Керісінше, азаматтарға дамыған елдердегі секілді зейнетақы қорындағы ақшасын үй алуға немесе емделуге алу ұсынылған. Әлемде азаматтардың зейнетақы жинағын қажетіне қарай пайдалану қалыпты нәрсе деп қабылданады. Мұны жоққа шығару қате және бұл мүмкіндік тұрмысы нашар азаматтарға емес, орта тап өкілдеріне беріліп отыр. Бұған дейін үнемі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға ғана жағдай жасалып келді. Ал жұмыс істеп, салық төлейтін орта тап өкілдері назардан тыс қала берді, – дейді маман. Экономистің есебінше, бұл науқан алыпсатарлық пен инфляцияға негіз болмайды. Өйткені қордан алынған ақшаның 60-70 пайызы несие төлеуге жұмсалады. Ал несиенің басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар арқылы үлестірілген. Яғни, қарыз кері қайтады. «Ақшаның қалған 30-40 пайызы – шамамен 420-680 млрд теңге тұрғын үй сатып алуға кетуі мүмкін. Дәл осы қаражат тұрғын үйге сұраныстың қайта артуына әсер етеді», – дейді Олжас Құдайбергенов.
Тұрғын үй демекші, риэлторлар зейнетақы қорындағы ақша жаппай нарыққа шығарылса, баспана бағасы өсіп, әр шаршы метрі 5 пайызға дейін қымбаттайды деп болжайды. Әрине, Қазақстан Үкіметі мұндай үлкен іске кіріскенде ең алдымен шетел тәжірибесіне жүгінетіні анық. Қоғамда Сингапур үлгісі қызу талқыланып жатыр. Сингапурда да зейнетақы жинағын тұрғын үй мен оқуға жұмсау үшін қордағы ақша біздегідей белгілі бір шекке жетуі қажет. Бірақ ел азаматтарының жала­қысынан зейнетақы қорына біздегідей 10 пайыз емес, 37 пайыз ұсталады. Тағы бір айыр­машылық – Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 200 мың теңге болса, Сингапурда теңгеге шаққанда 1,5 миллионға жуықтайды. Яғни, сингапур­лық­тардың шектік сомаға жетуге мүмкіндігі жоғары. Кіп-кішкентай арал-мемлекет осы тәжірибенің арқасында тұрғын үй бағдар­ламасын өте табысты жүргізіпті. Бүгінде азамат­тарының 90 пайызында жеке баспана бар және оның 80 пайызын мемлекет салып берген. Дегенмен олар да кемшіліксіз емес. Көбінің үйі болғанымен, қар­тайғанда күйі болмай қалған. Қариялар еңбегінің жемісін жей алмай, тұғырдан тайғанда кендірді жіпке жалғап, мар­дымсыз зейнетақысын місе тұтуға мәжбүр. Қысқасы, екі тараптың да уәжі орынды. Тара­зының қай басы ауыр тартатыны әлі беймәлім. Уақыт көрсетеді.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ