Сот, прокурор, полицей: азамат құқығын кім қорғайды?
Сот, прокурор, полицей: азамат құқығын кім қорғайды?
512
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сүйену керегін айтқан еді. «Бізге азамат­тардың құқығын қор­ғайтын, жоғары ха­лықаралық стан­дарттарға жауап бере­тін модель қажет. Сол себепті Қа­зақстанда құзыретті нақ­ты бөлетін үш звенолық үлгіні енгізу керек деп есеп­теймін», – деді Пре­зидент халыққа Жолдауында. Ендеше бұл қандай үлгі екенін талдап көрелік. Сот төрелігінің аталған моделі әлемнің барлық елінде қолда­нылады десек болады. Мұндағы жұмыс принципі мына­дай: қылмыстық про­цеске полиция, про­куратура мен соттан құралған үш звено жауап береді. Аталған құрылымдар арасында құзырет нақты шектеулермен бекітілген. Яғни, бірінші звено, яки полиция, қыл­мысты ашады, оған кімнің қатысы бар екенін анық­тайды, дәлелдер жинайды. Екінші звено – прокуратура. Мұнда про­курор жиналған дәлелдерге тәуелсіз баға беріп, азаматтың құқығы бұзылуына жол бермей, кінәсіз жанның жапа шегіп қалмауын қамтамасыз етуі тиіс. Үшін­ші – сот, ол органдардың шағымын қарайды, іс бойынша тоқетерін айтады. Бұл – Бас прокуратураның берген мәліметі.  

Бұл жүйе сонда қай жүйе?

«Жаңашыл жүйе деп отырған үш зве­нолық модельдің ешқандай да жаңалық емес» деген пікірді заңгер Абзал Құспан айтып отыр. «Енді бәрі жақсы болып кетеді» деп бөркімді аспанға ата алмаймын. Өйткені қазіргі жүйе де дәл осындай. Бар-жоғы жақсы атау қойылды. Аты өзгергенімен, заты өзгермеді. Меніңше, қазір керісінше прокуратураның әсерін азайту керек деп есептеймін. Қылмыстық іс бойынша бұл органның керегі сөзсіз. Дегенмен бізде оның өкілеті шамадан тыс. Құқық қорғау органдарына қатысты үлкен реформа керегі анық. Әйтсе де, оның жемісін көру үшін алдыңғы кезекте адами фактор реттелуі керек. Яғни, бірінші күннен қадағалауына алып алатын «пәлеқор» полиция, іс жүзінде тек айыптау бағытында жұмыс істейтін прокуратура, тергеу органдарының ықпа­лынан шыға алмайтын «қорқақ» судьялар өзгермейінше бәрі бекер», – дейді заңгер.  Ал Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов бұл модельдің фильтр іспеттес болатынын айтады. «Қасым-Жомарт Кемелұлы еуропалық елдердің үлгісімен үш звенолық жүйе енгізу керегін айтқан. Осы орайда, Пре­зидент Әкімшілігі жанынан арнайы комиссия құрылды. Бұл модель по­лиция, прокурор, сот өкілеттерінің нақ­ты шекарасын белгілейді. Мысалы, біріншісі қылмысты анықтап, ашып, дә­лелдер жинайды да, істі прокурордың қа­рауына жолдайды. Олар болса, объективті баға беріп, дәлелді базаларды тексереді. Мүмкін, нақты сол бап бойынша қарайды. Сонымен бірге тергеуші судья бар. Ол тағы бір зерделеп шығады да, соңында үкімді сот шығара­ды. Бұл дегеніміз – азаматтардың құқы­ғының қорғалуын қамтамасыз ететін фильтр десек болады», – дейді прокурор. Бас прокуратураның деректеріне көз салсақ, 2019 жылы азаматтардың кон­ституциялық құқығының бұзыл­ғанын тіркеген 1 017 факт белгілі болыпты. Кон­ститу­цияның 83-бабына 2017 жылы мына­дай өзгеріс енгізілген еді. 1. Про­куратура мемлекет атынан Қазақстан Рес­публи­касының аумағында заңның сақ­талуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қа­дағалауды жүзеге асырады, сотта мем­лекеттің мүддесiн қорғайды және мем­лекет атынан қыл­мыстық қудалауды жүзеге асырады. 2. Республика прокуратурасы тө­менгі прокурорларды жоғары тұрған про­курорларға және республика Бас про­курорына бағындыра отырып, бірыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкілетін басқа мем­лекеттік органдардан, лауазымды адам­дардан тәуелсіз жүзеге асырады және республика Президентіне ғана есеп береді. 3. Республиканың Бас прокурорын өз өкілеті мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен әкім­шілік жазалау шараларын қол­дануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Бас прокурор өкілетінің мерзімі – бес жыл. 4. Республика прокуратурасының құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі заңмен белгіленеді.   [caption id="attachment_76910" align="alignnone" width="759"]sot grafika © инфографика: Рауғаш Омарова[/caption]  

Прокурор айыптаушы ғана емес

 Бұл мәселеге қатысты адвокат Джохар Өтебековтің ұсынысы бар: «Біздің «кеңес­тік» модель сәтсіз жа­салған. Аза­маттарға да, полицияның өзіне де қо­лайсыздық көп тудырады. Дамыған елдерде біздің тергеуші сияқты заңгер-полицей жоқ. Барлық мәселені сотқа қатысатын кәсіби заңгер – прокурор шешуі керек. Ұсынысым: тер­геуші функциясының кей бөлігін прокурорға берсе дұрыс болады. Сол кезде заңның сақталуын қадағалайтын қызметкер процеске әу бастан қатысады. Қылмыс квалификациясы мен айыптау актісін тергеушілер емес, прокурор даярлағаны жөн». Жаңа үш звенолық модельде ақтап алатын үкімдер көбеюі тиіс. Жазықсыз жала жабылып, жапа шегетіндер азаюы керек. Әрі полиция қызметкерлері, прокурорлар мен судьялар арасындағы заңсыз қарым-қатынастар мен бай­ланыстар жібі үзілмесе тағы болмайды. Бас прокуратураның ақ­параты бойын­ша, қылмыстық істердің 37 пайызы электронды форматта қаралады екен. Алдағы уақытта қылмыстық процесті түгелдей цифрландыру жоспарда бар деседі. Мұның арқасында манипуляция мен фальсификацияны барынша азай­туға болады. Сонымен бірге құ­жат­тарды ауыс­тырып, ыңғайына қа­рай жасап алмас үшін іс өндірісі де түгелдей цифр­ландырылса игі. 1 қазан­нан бас­тап сотқа дейінгі істермен айна­лыса­тын құқық қорғау органдары электрон­ды форматқа көшті. Яғни, азаматтар құқығына қатысты негізгі про­цес­суалдық шешім қабылдау тәсілі өзгер­ді. Ендігіде барлық процес­суалдық шешім сотқа дейінгі тергеулердің бі­рың­ғай тізіліміне салы­нады. Оны қа­да­ғалаушы прокурор мен процестің өзге де қаты­сушылары еркін көріп отырады. Бұл жерде про­курордың міндеті – заңның қатаң сақталуын қадағалау. Ешқандай заңсыз актілер болмауын бақылайды, бас-көз болады. Президент Әкімшілігі жанынан үш зве­нолық сот төрелігі жүйесін енгі­зумен айналысатын арнайы комиссия құры­лады. Жаңа модельге Қазақстан 2021 жылдың 1 қаң­тарынан бастап ауысады деп жос­парланып отыр.  

Жадыра АҚҚАЙЫР