«Ақсу» қант зауыты жаңа маусымды бастады
«Ақсу» қант зауыты жаңа маусымды бастады
240
оқылды
Осы аптаның сәрсенбісінде «Ақсу» қант зауыты қант қызыл­шасын қабылдаудың және қайта өңдеуден өткізудің жаңа маусымына кірісті. Кәсіпорынға тәтті түбірді алғаш болып Ақсу мен Сарқан ау­дандарының шаруа қожалықтары жеткізді. Ақсу ауданы әкімдігі хабар­лағандай, биыл облыстың 11 ауыл­дық округіндегі 83 шаруа қожалығы  3 167 гектар жерге қант қызылшасын сепкен.  Өткен жылы ауданда  2 850 гектарға қант қызылшасы егіліп, гек­тардың орташа өнімділігі 340 цен­тнерден айналып, барлығы  97 241 тонна өнім алынды. Биыл ша­руалар  126 мың тоннадан астам өнім аламыз деп болжап отыр. Әзір­ге гек­тардың орташа өнімділігі 400-600 центнер болып тұр. Ақсу қант зауытының бас ди­рек­торы Самат Нәдірбаевтың айтуынша, зауыттың қуаттылығы тәулігіне төрт мың тоннаға есеп­телген. – Енді біз үшін қызылшаның 10 күндік қорын жинаудың маңыз­дылығы артып тұр. Сонда за­уыт толық қуатында жұмыс іс­тей бас­тайды. Күніне 100-120 авто­машина қабылдауға қау­қарлымыз. Өндірісті жылдан-жылға жетілдіріп, барлығын шаруаларға қолайлы етуге тырысып жатырмыз , – дейді директор. Жалпы, аудандағы бірегей кә­сіп­орын  қант қызылшасын қа­былдауға 100 пайыз дайын. Қазір зауытта  240 адам жұмыс істейді. Өндіріс толық басталған кезде жұмыс орындарының саны 550-ге де­йін жетеді. Сонымен бірге техно­логиялық процестерді жетілдіру үшін Украинадан технологтар мен мамандар шақырылып, олар да уақытпен санаспай еңбек етуде. Аудандағы  серіктестікті шикізатпен  қызылша өндірісі бойынша жұмыс істейтін 17 сервистік-дайындау ор­талығы және Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы  қызылша өсіретін 200-ден астам  шаруашылық қамтамасыз етеді. Биыл Алматы облысының ди­қандары алдына үлкен меже қо­йып отыр. Олар 500 мың тонна тәтті түбір жинап, шамамен 42 мың тон­на қант өндіруді жоспарлаған. Қайта өңдеуді облыстың Ақсу және Көксу аудандарындағы екі қант зауыты жүзеге асырады. Облыста қант қызылшасының егіс алқабы 2,1 мың гектарға ұлғайтылып, 16,1 мың гектарға жетті.  

Кезекте тұрған 2 788 адам баспаналы болады

Алматы облысында құрылыс, оның ішінде тұрғын үй құрылысы қар­қынды. Облыс орталығы Тал­дықорған қаласы қанатын кеңге жа­йып, көріктене түскенін күнделікті көріп те жүрміз. Дегенмен жылдар бойы баспана мұқтаждығын бастан өткергендер әлі де баршылық. Оған облыс бойынша биыл кезекте тұр­ған 2 788 адамды тұрғын үймен қам­тамасыз ету жоспарланғаны дәлел бола алады. Биыл облыста 938,8 мың шаршы метр баспананы пайдалануға беру жос­парланған, оның ішінде бюд­жет қаражаты есебінен – 131,8 мың шаршы метр, жеке құрылыс салу­шылар есебінен  77,3 мың шаршы метр тұрғын үйде қоныс тойы той­лануы тиіс. Облыстық құрылыс басқар­масының мәліметінше, 2020 жылы бюджет қаражаты есебінен 246,2 мың шаршы метр немесе 3 258 пәтер (714 тұрғын үй) баспана құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 1 31,8 мың шаршы метр болатын 1630 пәтерлі 532 үйді пайдалануға беріледі деп бол­жанған. Ал жалпы ауданы 114,4 мың шаршы метрді құрайтын 1 628 пә­терлі 182 үй 2021 жылдың бірінші жар­тысында пайдалануға беріледі деп жоспарланыпты. Биыл  кезекте тұрған 2 788 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жос­пар­ланғанын жоғарыда айттық.  Тө­менде көрсетілген мемлекеттік бағ­дарламалар бойынша салынатын баспаналар жылдар бойы тұрғын үй  кезегінде тұрған азаматтарға бе­ріледі. Атап айтсақ, «Нұрлы жер» бағ­дарламасымен 1 245 пәтер, «Ба­қытты отбасы» бағдарламасы ая­сында 600 пәтер,  «7-20-25» бағ­дарламасы  бойынша 467 пәтер, «5-10-20» бағдарламасымен 476 пә­тер өз иелерін қуантады.  

Б.АБАҒАН, Алматы облысы