Осы аптаның сәрсенбісінде «Ақсу» қант зауыты қант қызылшасын қабылдаудың және қайта өңдеуден өткізудің жаңа маусымына кірісті. Кәсіпорынға тәтті түбірді алғаш болып Ақсу мен Сарқан аудандарының шаруа қожалықтары жеткізді. Ақсу ауданы әкімдігі хабарлағандай, биыл облыстың 11 ауылдық округіндегі 83 шаруа қожалығы 3 167 гектар жерге қант қызылшасын сепкен. Өткен жылы ауданда 2 850 гектарға қант қызылшасы егіліп, гектардың орташа өнімділігі 340 центнерден айналып, барлығы 97 241 тонна өнім алынды. Биыл шаруалар 126 мың тоннадан астам өнім аламыз деп болжап отыр. Әзірге гектардың орташа өнімділігі 400-600 центнер болып тұр. Ақсу қант зауытының бас директоры Самат Нәдірбаевтың айтуынша, зауыттың қуаттылығы тәулігіне төрт мың тоннаға есептелген. – Енді біз үшін қызылшаның 10 күндік қорын жинаудың маңыздылығы артып тұр. Сонда зауыт толық қуатында жұмыс істей бастайды. Күніне 100-120 автомашина қабылдауға қауқарлымыз. Өндірісті жылдан-жылға жетілдіріп, барлығын шаруаларға қолайлы етуге тырысып жатырмыз , – дейді директор. Жалпы, аудандағы бірегей кәсіпорын қант қызылшасын қабылдауға 100 пайыз дайын. Қазір зауытта 240 адам жұмыс істейді. Өндіріс толық басталған кезде жұмыс орындарының саны 550-ге дейін жетеді. Сонымен бірге технологиялық процестерді жетілдіру үшін Украинадан технологтар мен мамандар шақырылып, олар да уақытпен санаспай еңбек етуде. Аудандағы серіктестікті шикізатпен қызылша өндірісі бойынша жұмыс істейтін 17 сервистік-дайындау орталығы және Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы қызылша өсіретін 200-ден астам шаруашылық қамтамасыз етеді. Биыл Алматы облысының диқандары алдына үлкен меже қойып отыр. Олар 500 мың тонна тәтті түбір жинап, шамамен 42 мың тонна қант өндіруді жоспарлаған. Қайта өңдеуді облыстың Ақсу және Көксу аудандарындағы екі қант зауыты жүзеге асырады. Облыста қант қызылшасының егіс алқабы 2,1 мың гектарға ұлғайтылып, 16,1 мың гектарға жетті.
Кезекте тұрған 2 788 адам баспаналы болады
Алматы облысында құрылыс, оның ішінде тұрғын үй құрылысы қарқынды. Облыс орталығы Талдықорған қаласы қанатын кеңге жайып, көріктене түскенін күнделікті көріп те жүрміз. Дегенмен жылдар бойы баспана мұқтаждығын бастан өткергендер әлі де баршылық. Оған облыс бойынша биыл кезекте тұрған 2 788 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланғаны дәлел бола алады. Биыл облыста 938,8 мың шаршы метр баспананы пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен – 131,8 мың шаршы метр, жеке құрылыс салушылар есебінен 77,3 мың шаршы метр тұрғын үйде қоныс тойы тойлануы тиіс. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, 2020 жылы бюджет қаражаты есебінен 246,2 мың шаршы метр немесе 3 258 пәтер (714 тұрғын үй) баспана құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 1 31,8 мың шаршы метр болатын 1630 пәтерлі 532 үйді пайдалануға беріледі деп болжанған. Ал жалпы ауданы 114,4 мың шаршы метрді құрайтын 1 628 пәтерлі 182 үй 2021 жылдың бірінші жартысында пайдалануға беріледі деп жоспарланыпты. Биыл кезекте тұрған 2 788 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланғанын жоғарыда айттық. Төменде көрсетілген мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынатын баспаналар жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Атап айтсақ, «Нұрлы жер» бағдарламасымен 1 245 пәтер, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 600 пәтер, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 467 пәтер, «5-10-20» бағдарламасымен 476 пәтер өз иелерін қуантады.Б.АБАҒАН, Алматы облысы