Жамбылда газ мәселесі «мәз» болмай тұр
Жамбылда газ мәселесі «мәз» болмай тұр
 

Тірлік сылдыр суға, ал мердігер қуға айналды ма?

Тіліміз жазықты, әрине. Жам­был облысы тұрғындарын көгіл­дір отынмен қамту бағытында бүгінде ауқымды жобалар қол­ға алынуда. Ауылдарға газ құ­быры жетіп қойған аймақтар да аз емес. Алайда елді мекенге  келгенімен, ел оны тұтына ал­май отырса, одан не пайда? Қа­зынадан қаржы қаралып, қазы­ғы қағылғаннан кейін не себепті тұрғындар көгілдір отын­ның қызығын көре алмай отыр? «Басы тәп-тәуір басталған тір­ліктің соңы сылдыр суға, одан әрі буға, ал мердігер компания қуға айналды» деп бұқара неге на­лиды? Міне, осы мәселелерді күні кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев майшаммен қарады. Шу ауданы Төле би ауылы  тұрғындарының тұрғын үйлерге газ тарту бойынша мердігердің қым­бат қызметіне қатысты ша­ғымдары басқосудың басты та­қырыбына айналды. Ауылға газ құбыры бірнеше жыл бұрын тар­тылғанымен, кейбір үйлер әлі күнге дейін көгілдір отынсыз отыр. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қармасының басшысы Құ­дай­берген Қорғанбаевтың ай­туынша, үйлерге газ жеткізуге жа­уапты мердігер «Париев» ЖШС  2016 жылы  қызметтерінің бастапқы бағасын  420 мың тең­ге деп белгілесе, кейіннен ол соманы  570 мың теңгеге дей­ін өсіріп жіберген екен. Ал мер­дігер компания бұл жағдайды   құ­рылыс материалдарының қым­баттағанымен байланыстырған. Осылайша, екіжақты кикілжің туып, бұқара мұндай қаржыны қал­талары көтермейтінін айтып ша­ғымданған. Кейіннен Шу қаласынан Төле би ауылына дейін ұзындығы 8,7 шақырым магистральды құ­бырды сатып алу және мемлекет балансына қою үшін облыстық бюд­жеттен 251,1 миллион тең­ге бөлініп, газ құбырын үйге кіргізу бағасы 475 мың тең­геге төмендетілген. Алайда ауыл­дағы ағайын бұл бағаны тө­леуге екінің бірінің шамасы жетпейтінін жанайқаймен жет­кізген. Нәтижесінде,  Төле би ауылындағы 4 200 үйдің қазір тек  35,2 пайызы ғана газға қосылып отыр.  Қалған үйлер қызметтің қымбаттығына байланысты ауыл­ға келіп тұрғын газ құбы­рына үмітті көзбен қарап, күнел­туде. Jambil Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қор­ғау жөніндегі облыстық де­пар­тамент «Париев»  ЖШС-іне  қатысты тергеу амалдарын жүр­гізгенімен,  Меркі аудандық сотына жіберілген іс әкімшілік құқықбұзушылық құрамының  болмауына байланысты тоқ­татылған. Алайда Энер­гети­ка және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық бас­қармасының басшысы Құдай­берген Қор­ғанбаев жиын­да «Париев»  ЖШС өз мін­деттемелерін толық орын­дамағанын мәлімдеді. Ком­пания техникалық қызмет көрсетуді жүргізуге мүмкіндік беретін шарт жасаспаған десек, бұл осы жылдың қыркүйегінде Төле би ауылында газдың өшірілуіне әкелген. «Париев» ЖШС қызмет көрсететін учас­кеде тұратын Шу қаласының тұрғындары да осы  мәселені көтеріп, дабыл  қағуда.
– Жұмыс тобы бір аптаның ішінде бұл мәселенің шешімін табуы  керек. Компанияның қыз­меттері басқа аудандарға қа­ра­ғанда неге қымбат еке­нін саралаңыздар. Қордай ау­данын­да газ жүргізіп жатқан ком­панияның  қызмет құны 350 мың теңге, ал Шу ауданында жарты миллионнан асады. Олар­­дың газы алтын емес шы­ғар? Неліктен тұрғындар екі апта бойы газсыз қалады? Ха­лық  қызметтерге үздіксіз ақы төлейді, сондықтан газ да тұ­рақты берілуі тиіс. Олардың на­разылығы орынды. Барлық кінәлілер әділ жазаға тартылуы керек. Ешкімге елді  алдауға жол берілмейді, – деп облыс әкімі Бердібек Машбекұлы нақты тапсырмасын берді. Сондай-ақ аймақ басшысы бұл мәселені жеке бақылауына алатынын жет­кізді.
Негізі, Шу ауданының газ мәселесі бұған дейін де сан мәрте көтерілген. Облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов те бұл жұмысқа жан салып кіріс­кенімен, түйткілдің түйін­ін тар­қата алмады. Рас,  магис­траль­ды құбырды сатып алу және мемлекет балансына қою арқылы құнын арзандатты. Алай­да Бердібек Машбекұлы атап өткендей, жарты миллион теңгеге жуық соманы қара ха­лық­тың қалтасы көтермеуде. Осы ретте Шу ауданының әкімі Нұржан Календеровке хабарласып, «облыс әкімі берген бір аптаның ішінде түйткілдің түйінін тарқату мүмкін бе?» деген сауалымызды  қойдық.
– Негізі, бұл жұмыспен Эн­ер­гетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық бас­қармасы айналысуы тиіс. Алайда ауданға жауапты болғандықтан, қолдан келгенше халықтың сөзін сөйлеп, мәселенің шешілуіне жан салып жатырмын. Айтып отырған 1-2 ұсынысым бар. Бірақ оны қазір жария етпей-ақ қояйын. Себебі Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ұсынысын  да тыңдауымыз керек.   Былай алып қарасаңыздар,  бұл мен ауданға әкім болып кел­генге дейін де айтылған мәселе. Мейлі, біз  «Париев» ЖШС-інен  жобаны толықтай алып қойсақ, одан кейін не істемекпіз? Оның есеп-қисабы қалай шығарылады? Осы таңға дейін газға қосылып қойған тұрғындардың жағдайы не болады? Біз осы мәселелердің барлығын зердеден өткізуіміз керек. Содан кейін ғана барып шешім шығарғанымыз  жөн. Десе де, осы аптаның аяғына дейін тығырықтан шығатын жол­дың нұсқалары айтылып қа­луы тиіс,  – дейді аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы. 
 

Жарты миллион теңгеге кім газ кіргізе  алады?

Жалпы,бұл газ мәселесіне қатысты Жамбыл облысындағы жалғыз жағдай емес. Т.Рысқұлов ауданы Луговой ауылындағы Ынтымақ көшесінің тұрғын­дары да ауылға келіп тұрған кө­гілдір отынды тұтына ал­май отырғандарын айтып, жан­айқайын білдіруде.
– Ауылымызға бірнеше жыл бұрын газ кірген. Алай­да Ынтымақ көшесіне жет­пей қалды. Газ құбыры тар­ты­лып жатқанда ауыл тұр­ғын­дары жиналып құрылыс ба­сындағы­ларға барған. Бірақ олар «Сіз­дердің көшелеріңіз жобада жоқ» деп бізді көзге ілмеді. Кө­шемізге тасжолды айтып жүріп, жақында төсеттік. Енді жарық керек болып тұр. Қараңғы кө­ше­мен балалар түгілі, өзіміз жүруге қорқамыз. Осындай ке­лең­сіздіктерді ойласақ, бейне біз өзімізді мүлде ұмыт қалып кеткен халықтай сезінеміз, – дейді көше тұрғыны  Ырысты Жұма­байқызы.
Луговой ауылының әкімі Мұрат Свановтың бұл мәселеге қатысты айтар өз уәжі бар екен.
– Рас, 2012 жылы ауылға  газ кіргізілген. Алайда жоба бо­йынша  құрылысшылар  газды тек ауылға  кіргізіп беруге міндетті болды. Енді көше мен үйге тұр­ғындар газды өз қаржысына кір­гізуі керек.   Ынтымақ көше­сіне газды тартатын ең жақын газ рет­теу пункті  1 шақырымнан аса қашықтықта жатыр. Сол себепті бұл көшенің тұрғындарына кө­гілдір отынды тарту басқаларға қарағанда қымбатқа түсіп отыр. Яғни, әр үй 500 мың теңге төлеп қана газды үйіне кіргізе алады. Ал  Ынтымақ көшесінде тұратын 49 үйдің бәрінің бірдей 500 мың теңге  төлеуге жағдайлары жете ме? Мен бір маманды бел­гі­леп, кім қажетті соманы төлей ала­тынын зерделейін. Содан ке­йін барып бір байламын шы­ғарар­мыз,  – дейді ауыл әкімі.
  ТҮЙІН:  

Шындап келгенде, 500 мың тең­геге екінің бірі үйіне газ кір­гізе алмайтыны белгілі. Сонда мемлекеттік қаржыға ауылға газ кіргізгеннен не пайда? Оны қара халық тұтынып, көгілдір отын­ның қызығын көре алмаса? Неге жобаны жасағанда бұ­қарамен түсіндірме жұмыстары жүр­гізіліп, Үкімет қаржысына үйме-үй газды  кіргізіп беріп, со­дан кейін ай сайынғы төлем ре­тінде төлетпеген? Егер сол 500 мың теңгені 2-3 жылға шағып берсе, қара халықтың қалтасына ауыр соқпас еді ғой. Мұндай әдіс көпқабатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізетін кондоминиум жүйесінде қолданылып келеді  емес пе? Көгілдір отынға кел­генде не себепті басшылар бар бағ­дарламаны пайдаланбай  отыр? Сұ­рақ көп, нақты жауап жоқ.

Қазіргі таңда Жамбыл об­лысында Мойынқұм ауданы си­яқ­ты  әлі күнге тезек тұтатып, үй жылытып жүрген  халық бар. Олар мемлекеттік мораторийден кейін үй маңындағы сексеуілді де отын қылып пайдалана алмауда. Не  газы,  не отыны жоқ халық сон­да қалай күнелтпек? Көмірдің бағасы қыс айларында шарықтай түсетіні тағы бар. Сондықтан бұл мәселені мақұлға емес, ақылға салған жөн. Әйтпесе, бүгінгідей әлемдік пандемия кезінде үйін не газбен, не сексеуілмен жылыта ал­маған жұртшылық жаппай ауыр­уы да бек мүмкін.

«Жаман айтпай,  жақсы жоқ». Сол себепті биылғы қыста бұл мәселелерді билік өкілдері жіті зердеге салады деп сенеміз.

 

Саятхан САТЫЛҒАН,  Жамбыл облысы