Тірлік сылдыр суға, ал мердігер қуға айналды ма?
Тіліміз жазықты, әрине. Жамбыл облысы тұрғындарын көгілдір отынмен қамту бағытында бүгінде ауқымды жобалар қолға алынуда. Ауылдарға газ құбыры жетіп қойған аймақтар да аз емес. Алайда елді мекенге келгенімен, ел оны тұтына алмай отырса, одан не пайда? Қазынадан қаржы қаралып, қазығы қағылғаннан кейін не себепті тұрғындар көгілдір отынның қызығын көре алмай отыр? «Басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сылдыр суға, одан әрі буға, ал мердігер компания қуға айналды» деп бұқара неге налиды? Міне, осы мәселелерді күні кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев майшаммен қарады. Шу ауданы Төле би ауылы тұрғындарының тұрғын үйлерге газ тарту бойынша мердігердің қымбат қызметіне қатысты шағымдары басқосудың басты тақырыбына айналды. Ауылға газ құбыры бірнеше жыл бұрын тартылғанымен, кейбір үйлер әлі күнге дейін көгілдір отынсыз отыр. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, үйлерге газ жеткізуге жауапты мердігер «Париев» ЖШС 2016 жылы қызметтерінің бастапқы бағасын 420 мың теңге деп белгілесе, кейіннен ол соманы 570 мың теңгеге дейін өсіріп жіберген екен. Ал мердігер компания бұл жағдайды құрылыс материалдарының қымбаттағанымен байланыстырған. Осылайша, екіжақты кикілжің туып, бұқара мұндай қаржыны қалталары көтермейтінін айтып шағымданған. Кейіннен Шу қаласынан Төле би ауылына дейін ұзындығы 8,7 шақырым магистральды құбырды сатып алу және мемлекет балансына қою үшін облыстық бюджеттен 251,1 миллион теңге бөлініп, газ құбырын үйге кіргізу бағасы 475 мың теңгеге төмендетілген. Алайда ауылдағы ағайын бұл бағаны төлеуге екінің бірінің шамасы жетпейтінін жанайқаймен жеткізген. Нәтижесінде, Төле би ауылындағы 4 200 үйдің қазір тек 35,2 пайызы ғана газға қосылып отыр. Қалған үйлер қызметтің қымбаттығына байланысты ауылға келіп тұрғын газ құбырына үмітті көзбен қарап, күнелтуде.– Жұмыс тобы бір аптаның ішінде бұл мәселенің шешімін табуы керек. Компанияның қызметтері басқа аудандарға қарағанда неге қымбат екенін саралаңыздар. Қордай ауданында газ жүргізіп жатқан компанияның қызмет құны 350 мың теңге, ал Шу ауданында жарты миллионнан асады. Олардың газы алтын емес шығар? Неліктен тұрғындар екі апта бойы газсыз қалады? Халық қызметтерге үздіксіз ақы төлейді, сондықтан газ да тұрақты берілуі тиіс. Олардың наразылығы орынды. Барлық кінәлілер әділ жазаға тартылуы керек. Ешкімге елді алдауға жол берілмейді, – деп облыс әкімі Бердібек Машбекұлы нақты тапсырмасын берді. Сондай-ақ аймақ басшысы бұл мәселені жеке бақылауына алатынын жеткізді.Негізі, Шу ауданының газ мәселесі бұған дейін де сан мәрте көтерілген. Облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов те бұл жұмысқа жан салып кіріскенімен, түйткілдің түйінін тарқата алмады. Рас, магистральды құбырды сатып алу және мемлекет балансына қою арқылы құнын арзандатты. Алайда Бердібек Машбекұлы атап өткендей, жарты миллион теңгеге жуық соманы қара халықтың қалтасы көтермеуде. Осы ретте Шу ауданының әкімі Нұржан Календеровке хабарласып, «облыс әкімі берген бір аптаның ішінде түйткілдің түйінін тарқату мүмкін бе?» деген сауалымызды қойдық.
– Негізі, бұл жұмыспен Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы айналысуы тиіс. Алайда ауданға жауапты болғандықтан, қолдан келгенше халықтың сөзін сөйлеп, мәселенің шешілуіне жан салып жатырмын. Айтып отырған 1-2 ұсынысым бар. Бірақ оны қазір жария етпей-ақ қояйын. Себебі Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ұсынысын да тыңдауымыз керек. Былай алып қарасаңыздар, бұл мен ауданға әкім болып келгенге дейін де айтылған мәселе. Мейлі, біз «Париев» ЖШС-інен жобаны толықтай алып қойсақ, одан кейін не істемекпіз? Оның есеп-қисабы қалай шығарылады? Осы таңға дейін газға қосылып қойған тұрғындардың жағдайы не болады? Біз осы мәселелердің барлығын зердеден өткізуіміз керек. Содан кейін ғана барып шешім шығарғанымыз жөн. Десе де, осы аптаның аяғына дейін тығырықтан шығатын жолдың нұсқалары айтылып қалуы тиіс, – дейді аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы.
Жарты миллион теңгеге кім газ кіргізе алады?
Жалпы,бұл газ мәселесіне қатысты Жамбыл облысындағы жалғыз жағдай емес. Т.Рысқұлов ауданы Луговой ауылындағы Ынтымақ көшесінің тұрғындары да ауылға келіп тұрған көгілдір отынды тұтына алмай отырғандарын айтып, жанайқайын білдіруде.– Ауылымызға бірнеше жыл бұрын газ кірген. Алайда Ынтымақ көшесіне жетпей қалды. Газ құбыры тартылып жатқанда ауыл тұрғындары жиналып құрылыс басындағыларға барған. Бірақ олар «Сіздердің көшелеріңіз жобада жоқ» деп бізді көзге ілмеді. Көшемізге тасжолды айтып жүріп, жақында төсеттік. Енді жарық керек болып тұр. Қараңғы көшемен балалар түгілі, өзіміз жүруге қорқамыз. Осындай келеңсіздіктерді ойласақ, бейне біз өзімізді мүлде ұмыт қалып кеткен халықтай сезінеміз, – дейді көше тұрғыны Ырысты Жұмабайқызы.Луговой ауылының әкімі Мұрат Свановтың бұл мәселеге қатысты айтар өз уәжі бар екен.
– Рас, 2012 жылы ауылға газ кіргізілген. Алайда жоба бойынша құрылысшылар газды тек ауылға кіргізіп беруге міндетті болды. Енді көше мен үйге тұрғындар газды өз қаржысына кіргізуі керек. Ынтымақ көшесіне газды тартатын ең жақын газ реттеу пункті 1 шақырымнан аса қашықтықта жатыр. Сол себепті бұл көшенің тұрғындарына көгілдір отынды тарту басқаларға қарағанда қымбатқа түсіп отыр. Яғни, әр үй 500 мың теңге төлеп қана газды үйіне кіргізе алады. Ал Ынтымақ көшесінде тұратын 49 үйдің бәрінің бірдей 500 мың теңге төлеуге жағдайлары жете ме? Мен бір маманды белгілеп, кім қажетті соманы төлей алатынын зерделейін. Содан кейін барып бір байламын шығарармыз, – дейді ауыл әкімі.ТҮЙІН:
Шындап келгенде, 500 мың теңгеге екінің бірі үйіне газ кіргізе алмайтыны белгілі. Сонда мемлекеттік қаржыға ауылға газ кіргізгеннен не пайда? Оны қара халық тұтынып, көгілдір отынның қызығын көре алмаса? Неге жобаны жасағанда бұқарамен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, Үкімет қаржысына үйме-үй газды кіргізіп беріп, содан кейін ай сайынғы төлем ретінде төлетпеген? Егер сол 500 мың теңгені 2-3 жылға шағып берсе, қара халықтың қалтасына ауыр соқпас еді ғой. Мұндай әдіс көпқабатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізетін кондоминиум жүйесінде қолданылып келеді емес пе? Көгілдір отынға келгенде не себепті басшылар бар бағдарламаны пайдаланбай отыр? Сұрақ көп, нақты жауап жоқ.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында Мойынқұм ауданы сияқты әлі күнге тезек тұтатып, үй жылытып жүрген халық бар. Олар мемлекеттік мораторийден кейін үй маңындағы сексеуілді де отын қылып пайдалана алмауда. Не газы, не отыны жоқ халық сонда қалай күнелтпек? Көмірдің бағасы қыс айларында шарықтай түсетіні тағы бар. Сондықтан бұл мәселені мақұлға емес, ақылға салған жөн. Әйтпесе, бүгінгідей әлемдік пандемия кезінде үйін не газбен, не сексеуілмен жылыта алмаған жұртшылық жаппай ауыруы да бек мүмкін.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ». Сол себепті биылғы қыста бұл мәселелерді билік өкілдері жіті зердеге салады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы