«Қазақ радиосына» – 99 жыл
«Қазақ радиосына» – 99 жыл
146
оқылды
Атап айтқанда, сатирик Көпен Әмірбек «Қайырлы таңда» тыңдарманға тамаша көңіл күй сыйласа, Бүркіт Бекмағамбетов, Аманжан Еңсебайұлы және Әбдірәлі Бөлебай сияқты дикторлардың жаңалықты тізгіндеуі әдемі үйлесім тапты. Күләш Молдахметова балаларға арналған «Тапқыр бала» хабарын, Құсман Игісінов «Түркі әлемі» бағдарламасын жүргізді. Нұржан Мұхамеджанова «Армандастар» хабарының тізгінін ұстады. Сондай-ақ Ұлжан Пармашқызы «Дос­тық» хабарын дайындап, Қымбат Досжан «Ақ тілекте» тыңдаушылардан келген хат­тарды оқып, қуаныш иелерін құттықтады. Руслана Құдайбергенова «Ел ағаларын», Мақат Садық «Түскі шайды», Қымбат Әбілдақызы «Біз жанбасақ» хабарын, ал Ер­кін Байғабылұлы «Радиомедицина» хабарын жүргізді. «Қазақ радиосының» сандуғашы Сауық Жақанова «Жырлайды жүрек» поэзия сағатының шырайын кіргізді.
 «Келер жылы ғасырлық мерекесін атап өтетін, тәулік бойы хабар тарататын елі­міздің бірінші радиосын тыңдап өстім, тыңдап келемін. Оның үстіне, Сауық апамыздың ертегілерін, Аманжан ағаның қоңыр үнін естіп есейген ұрпақтың бірі ретінде бұл тартуды ерекше қабылдадым. Қазақ радиосы үнемі қосулы болсын!» деп жазды Facebook-парақшасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.
Ал QAZAQ RADIOLARY ЖШС бас ди­рек­торы Ернұр Бураханның айтуынша, «Қазақ радиосының» ғасырлық мерейтойын атап өту – «сағындырған дауыс иелері» аға буын өкілдерінің осылайша эфирмен қайта қауышуымен басталады. Алғаш 1921 жылдың күзінде ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлының бастамасымен Орынбор қа­ла­сынан хабар таратқан, ғасыр куәсі бол­ған қара шаңырақ, әр қоғамның тұсында әртүрлі дамып, уақыт өткен сайын заман талабына сай жаңғырды. Қазір құрамына 4 бірдей (Qazaq radiosy, Shalqar, Astana, Classic) радионы біріктірген QAZAQ RADIOLARY серіктестігі бүкіл қазақ да­ласына ақпарат таратады. Qazaq radiosy пандемияға бейімделіп, елдің әлеуметтік, құқықтық тақырыптағы қажетін өтеуге біржолата ден қойды. Ал Shalqar болса, таза ұлттық бағыттағы таным, тарих пен пайым-парасаттың өзегіне айналды. Қазір Qazaq radiosy республиканың 89% аумағына тараса, ал Shalqar радиосын елдің 64%-ы тың­дайды. «Жол картасына» сәйкес 2025 жылға қарай оның деңгейін 95%-ға жет­кізу жоспарланған. Қазір осы мақсатта шек­аралық аймақтарда радиосигналдың қамту деңгейін кеңейтуге қатысты бірқатар жұмыс қолға алынған. Осындай сапалы жұмыстың нәтижесі болар, қазіргі түрлі жаңа медианың дамуына қарамастан, радио өз тыңдарманын жо­ғалтқан емес. Соңғы 5 жылда  тіпті тың­дарман саны 12 пайызға артқан.  

Жанна ТІРКЕШБАЙҚЫЗЫ