Атап айтқанда, сатирик Көпен Әмірбек «Қайырлы таңда» тыңдарманға тамаша көңіл күй сыйласа, Бүркіт Бекмағамбетов, Аманжан Еңсебайұлы және Әбдірәлі Бөлебай сияқты дикторлардың жаңалықты тізгіндеуі әдемі үйлесім тапты. Күләш Молдахметова балаларға арналған «Тапқыр бала» хабарын, Құсман Игісінов «Түркі әлемі» бағдарламасын жүргізді. Нұржан Мұхамеджанова «Армандастар» хабарының тізгінін ұстады. Сондай-ақ Ұлжан Пармашқызы «Достық» хабарын дайындап, Қымбат Досжан «Ақ тілекте» тыңдаушылардан келген хаттарды оқып, қуаныш иелерін құттықтады. Руслана Құдайбергенова «Ел ағаларын», Мақат Садық «Түскі шайды», Қымбат Әбілдақызы «Біз жанбасақ» хабарын, ал Еркін Байғабылұлы «Радиомедицина» хабарын жүргізді. «Қазақ радиосының» сандуғашы Сауық Жақанова «Жырлайды жүрек» поэзия сағатының шырайын кіргізді.
«Келер жылы ғасырлық мерекесін атап өтетін, тәулік бойы хабар тарататын еліміздің бірінші радиосын тыңдап өстім, тыңдап келемін. Оның үстіне, Сауық апамыздың ертегілерін, Аманжан ағаның қоңыр үнін естіп есейген ұрпақтың бірі ретінде бұл тартуды ерекше қабылдадым. Қазақ радиосы үнемі қосулы болсын!» деп жазды Facebook-парақшасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.Ал QAZAQ RADIOLARY ЖШС бас директоры Ернұр Бураханның айтуынша, «Қазақ радиосының» ғасырлық мерейтойын атап өту – «сағындырған дауыс иелері» аға буын өкілдерінің осылайша эфирмен қайта қауышуымен басталады. Алғаш 1921 жылдың күзінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Орынбор қаласынан хабар таратқан, ғасыр куәсі болған қара шаңырақ, әр қоғамның тұсында әртүрлі дамып, уақыт өткен сайын заман талабына сай жаңғырды. Қазір құрамына 4 бірдей (Qazaq radiosy, Shalqar, Astana, Classic) радионы біріктірген QAZAQ RADIOLARY серіктестігі бүкіл қазақ даласына ақпарат таратады. Qazaq radiosy пандемияға бейімделіп, елдің әлеуметтік, құқықтық тақырыптағы қажетін өтеуге біржолата ден қойды. Ал Shalqar болса, таза ұлттық бағыттағы таным, тарих пен пайым-парасаттың өзегіне айналды. Қазір Qazaq radiosy республиканың 89% аумағына тараса, ал Shalqar радиосын елдің 64%-ы тыңдайды. «Жол картасына» сәйкес 2025 жылға қарай оның деңгейін 95%-ға жеткізу жоспарланған. Қазір осы мақсатта шекаралық аймақтарда радиосигналдың қамту деңгейін кеңейтуге қатысты бірқатар жұмыс қолға алынған. Осындай сапалы жұмыстың нәтижесі болар, қазіргі түрлі жаңа медианың дамуына қарамастан, радио өз тыңдарманын жоғалтқан емес. Соңғы 5 жылда тіпті тыңдарман саны 12 пайызға артқан.
Жанна ТІРКЕШБАЙҚЫЗЫ