«Тікелей бағыныштылардың жемқорлығы үшін басшылардың жауапкершілігі институты нормативтік тұрғыда реттелді. Ол биыл 9 ай ішінде тиімді құрал екенін дәлелдеді. Саяси басшылардың отставкаға кетуіне қатысты қарастырылып отырған кезеңде аудандық және облыстық деңгейдегі 9 әкім отставкаға кету туралы өтініш берді, 6 әкім жұмыстан шығарылды», – дейді ол. Олардың арасында Сәтбаев қаласының әкімі Ыдырысовтың және Алматы облысы Панфилов ауданы әкімі Өмірәлиевтің отставкалары қабылданбаған. Облыс әкімдері оларға «сөгіс» жариялапты. Қарамағындағы қызметкерлері жемқорлық қылмысты өзгерісті енгізуге дейін (2019 жылғы 10 желтоқсан) жасағандықтан, Сәтбаев қаласының әкімі отставкаға өтініш бермеуіне де болар еді. «28 қыркүйекте Қостанай облысы Рудный қаласының әкімі Ғаязов отставкаға кетті. Ол бұл қызметті 2011 жылдан бері атқарып келеді. Бұған дейін хабарланғандай (13 қыркүйек) оған тікелей бағынышты Рудный қаласы Қашар кентінің әкімі Алдонғаровқа қатысты үкім заңды күшіне енген болатын. Сол секілді Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі Нұртаевтың да отставкаға кету туралы өтініші қаралуда. 8 қыркүйекте оның сотталған орынбасары Тәжібаевқа қатысты үкім заңды күшіне енді. 5 іс әлі мониторингте», – дейді Данияр Бекайдаров.
Ж.НҰРЛАН