Елге қызмет – ерге міндет
Елге қызмет – ерге міндет

«NUR OTAN» партиясы ішкі іріктеу – праймериз өткізіп жатқаны бәрімізге белгілі. Елімізде мұндай саяси мазмұнға ие өзгеше форматтағы іріктеу алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл бастама тың серпін мен жаңа серпіліс беретіні анық. Таңдаудан өткен азаматтар халықтың сөзін діттеген жеріне жеткізіп, көкейдегі сан сұрақтардың жауаптарын табуға бар күш-жігерін салады деп сеніммен айта аламын. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде қаншама өзекті мәселелер көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылды.    

Білікті де білгір үміткерлер еліміздің ертеңі мен болашағы үшін аянып қалмасы ақиқат. Саяси додаға қатысушылардың бағдарламалары көңілге қонымды. Әрқайсысы халықты алаңдатқан, толғандырған, ойландырған мәселелерді тиімді жолмен шешуді  көздейді. Барлығының мақсат, мүддесі бір. Ол ел үшін еңбек ету. Жалпы, біздің дүниеге келгендегі миссиямыздың негізіде осы деп білемін. «Елге қызмет – ерге міндет». Бұл менің өмірлік ұстанымым.  
Иә, әлемдік пандемия адамзаттың көзқарасын, ой-өрісін, ақыл-санасын өзгертті. Бұл індет кезінде  көптеген олқылықтар мен кемшіліктеріміз анық көрінді. Осындай кем-кетіктерді енді қайтып болдырмау үшін жалынды жастар мен іс-тәжірибесі мол азаматтар ел игілігі үшін барынша қызмет қылуы қажет.
Праймеризге үміткер әрбір тұлға осыны біледі. Сезінеді. Елдегі жағдайға жаны, ет-жүрегі ауырады деп есептеймін. Тағдыр бізге Тәуелсіздік сыйлады. Біз оның босағасын берік қылып, бірлігін бекем еттік. Енді оның одан әрі гүлденуіне атсалысқанымыз абзал. Праймериздің негізгі мақсаты да осы.
Жалпылама іріктеу жайында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл алғаш рет өтіп отыр. Бұл – партияішілік сайлау. Бұл - шынайы әлеуметтік лифті, бәсекелестік іріктеуі, жаңа идеялар мен жобалар іздеу» - деп нақты айтты. Расында да, бізге қазір жаңа реформалармен қатар, бәсекелестік керек. Бәсеке бар жерде өсу, өну, сапа болады. Сондықтан, үміткерлерге дауыс беріп, өз таңдауыңызды жасаңыз!
Қазір ел келешегіне бей-жай қарайтын уақыт емес. Біз бірге болсақ, алынбайтын қамал болмайды. Елім деген ерлер жетерлік. Ерім дейтін елімізде бар. Тек, ерінбей жұмыс жасау керек. Сөзіміз іс-әрекетімізбен келісті болсын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қазір той тойлайтын заман емес, ой ойлайтын заман» - деген сөзіне қосыла келіп, ойланайық дегім келеді.