Праймериз – үлкен мүмкіндіктердің бастауы
Праймериз – үлкен мүмкіндіктердің бастауы
Көріп, біліп отырсыздар, елімізге мәлім де беймәлім азаматтар өздерінің алдағы саяси науқанға қатысатынын, праймериз арқылы бақ сынайтынын әлеуметтік желіде мәлімдеп жатыр. Дұрыс-ақ, «Nur Otan» партиясының ұсынған платформасын сәтті пайдалану керек. Бұл – үлкен мүмкіндік. Сырттай сынап-мінеп,айқайға сүрең қосып,соқтаны солқылдатып отырғанша, жағдайға іштен араласу керек. Атымыздан түсіп,  аузымызды ашып қарап жүрген жүлделі елдерде тәжірибеден өткен тәсіл екен, азаматтар неге бағын сынап көрмейді? Бұл – ең әуелі бюрократиялық тасқамал кедергілердің алдын алатын, өзінің білімі мен білігін көрсететін, қоғам дамуына қажет ұсыныстарын ел-халыққа тікелей жария ететін нақты мінбе, сәтті қадам. Алдын ала сайлау,іріктеу тәсілі ең алғаш 1842 жылы АҚШ-та басталғанын айта кету керек. Демократиялық және Вигтер партиясының «босстары» бетімен кеткені соншалық, мемлекеттік жария қызметке кімді алып-қою сұрағын да «жекешелендіріп», саяси «апостолдар» білгендерін істеген. Яғни,дәл сол кезеңде «бармақ басты, көз қысты» шектен асқан жемқорлық жүйеннің тамырына дәл осы праймериз арқылы балта шапқан.  Небір сұрапыл дебаттар, ашық сайыстар арқылы жаңа тұлғаларға, жаңа идеяларға мүмкіндік туған. Кейінгі дәуірде праймериз тек АҚШ-тың саяси жүйесімен шектеліп қалған жоқ, Батыс Еуропа мәдениетіне де дендеп енді. 2005 жылы Италияда өткен праймеризде Романо Проди үздік шығып үкімет басшысы ретінде тағайындалғаны баршаға мәлім. Бүгінде Грекия, Ұлыбритания, Испания, Франция секілді елдер де осы тәжірибеге жүгінуде. 2016 жылы іргеміздегі Ресейдің билік партиясы «Единая Россия» да алдын ала сайлауды эксперименттен өткізді. Жалпы, праймериз – замануи демкоратиялық дәстүр ретінде мойындалған. Ел ішінен жүзден жүйрік суырылып шығып, жаңа тұлғалар шығуы керек, әсіресе жастар. Алдағы уақытта негізгі шешім қабылдайтын түрлі деңгейдегі мемлекеттік саяси қызметтер де толықтай праймериз арқылы анықталса құба-құп. Елімізге келіп жатқан праймериз дәстүрінің болашағы зор, оған кәміл сенім керек. Праймериздің өз артықшылығымен бірге кемшіліктері де бар екенін ескеруге тиіспіз. Елдің қошеметіне ғана бөленуді ойлап, кейбір үміткерлер радикалды ұсыныстар жасап, фундаментализмге бой алдыртып жатады. Бұдан сақтанған жөн. Біз (қоғам, ұлт) үшін ең негізгі құндылығымыз – Тәуелсіздігіміз, егемен елдің бірлігі мен ынтымағы. Жанды тақырыптардан да абай болуымыз қажет. Мәселен, Еуропаға жан-жақтан ағылып жатқан босқындар мен олардың иммиграциялық мәселелері праймериз барысында исламафобтық көңіл-күйді күшейтіп, нәсішілдік сияқты нәзік тақырыптарды қоздырып кетті. Есесіне елдің сыртқы қарызы секілді әл-ауқатты қамтитын сауалдар тыс қалды. Сол үшін праймеризге қатысатындарға да белгілі мөлшерде талаптар қойылған жөн. Мәселен, АҚШ-тың Теннеси штатында 25 партияласының қолдауы қажет болса, Нью-Йоркте бұл талап 25 мыңға дейін қатайтылған. Қалай десек текөш жүре түзеледі. Көрейік, сенейік, ел дамуына серпін әкелетін өте маңызды жобаларда ниеті таза, жанын арына садаға еткен азаматтардың аты бәйгеден келсін.

Жанарбек ӘШІМЖАН,

ақын, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы