«Эйр Астана» Airbus A321LR лайнерін таныстырды
«Эйр Астана» Airbus A321LR лайнерін таныстырды

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайындағы «Эйр Астана» әуекомпаниясының авиациялық-техникалық орталы­ғында жаңа A321LR ұшағының тұсаукесері өтті. Отандық әуе­ком­пания осы типтегі ұшақтардың ТМД-дағы алғашқы пайда­ланушысы.

Шамамен бір жарым жыл ішінде «Эйр Астана» операциялық лизингпен А321LR ұшағының жетеуін қа­был­дайтын болады. Олар Германияның Гамбургіндегі Airbus зауытынан тіке­лей жеткізіледі.

Жаңа әуелайнерлер «Эйр Астана» паркіндегі 2003 жылдан бері ұшып жүр­ген Boeing-757 ұшақтарын кезең-кезеңімен ауыстырады. Қазіргі уа­қытта әуекомпания ұшақтарының орташа жасы 7,1 жылды құрайды. Бұл әлемдегі ең жас әуепарктердің бірі.

– A321LR әуе кемелерін сатып алу – «Эйр Астананың» дамуындағы маңызды қадам. Бүгінгі күні Airbus-тың жаңа моделі технологиялық тұр­ғыдан тиімді және үнемді, – деп атап өтті «Эйр Астана» президенті Питер Фостер. – Жоғары сапалы бизнес-клас­та толық жазылатын креслолар мен эконом-кластағы эргономикалық креслолар жолаушыларға Батыс Еу­ропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Мәскеу, Дубай, Стамбұл мен Бейжіңге ұшатын рейстерде жоғары жайлылықпен саяхаттауға мүмкіндік сыйлайды, – деп қосты Фостер мырза.

Pratt&Whitney-ден заманауи қозғалтқыштармен жабдықталған A321LR әуе кемесі алдыңғы буындағы Airbus ұшақтарымен салыстырғанда отын шығынын 20 пайызға азайтты. Нәтижесінде атмосфераны бүлдіретін көміртекті шығарындылар көлемі де 20 пайызға төмендеді. Бұл әуеком­панияның қоршаған ортаны қорғау және ұшулардың қолжетімдігін арттыру саласындағы құндылықтарына жауап береді. Ал техникалық қызмет көрсету шығындары 5 пайызға азайды. Ең бастысы сырттағы дыбыстың шуы 50 пайызға төмендеді.

Жаңа ұшақтың тұсаукесері аясын­да «Эйр Астана» Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Ұлттық паралимпиада коми­тетіне 7 750 000 теңге мөлшерінде қа­йырымдылық көмек бөлді. Қаражат Қа­зақстанда паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту мен ілгерілетуге және қазақстандық паралимпиадашыларды халықаралық спорт іс-шараларына қатысу үшін дайындауға бағытталды.

А321LR ұшағы екі класты жинақта ұсынылды: бизнес-класста – 16 орын, эконом-класста – 150 орын. Барлық орындықтардың алдында кино көріп, музыка тыңдау үшін, не болмаса ұшу барысы туралы ақпарат алуға болатын мониторлар бар.

Айта кетейік, «Эйр Астана» пар­кінде Airbus тобындағы 19 ұшақ бар: сегіз А320 және төрт А321, үш А320neo, үш А321neo және бір A321LR.«Эйр Астана» – Skytrax сыйлығының «Орта­лық Азия мен Үндістандағы үздік әуекомпания» аталымының сегіз дүркін лауреаты.


А.АХМЕТҚАЗЫ