Мадияр Қожахмет, Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы: Бүгінгі қоғам ашық болуды талап етеді

Мадияр Қожахмет, Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы: Бүгінгі қоғам ашық болуды талап етеді

Қоғамның қозғаушы күші – жас­тар. Елбасы Н.Назарбаев биылғы жылды Жас­тар жы­­лы деп бекіткені бел­гілі. Жылдың соңғы ай­ла­ры бі­тетін күн де алыс емес. «Қара­ша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» демекші, әні-міне де­ген­ше, қыстың алғашқы айы да есік қағары сөзсіз. Соны­мен, Жастар жылына қан­­дай есеп береміз? Біз осы са­уалды Ақпарат және қо­ғам­­дық даму министрлігі Жас­тар және отбасы істері ко­ми­тетінің төрағасы Мадияр Дүй­­сенбайұлына қойған едік.

– Мадияр мырза, қазіргі уақыт­та жастар тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қолдау табуда. Осы орайда, Президенттік кадрлық резер­ві – жас мамандарға деген жоға­ры сенімнің дәлелі. Кадрлық резерв­ке іріктеу жөнінде жастар нақ­ты ақпарат ала алды ма?    

– Жалпы, жастарға кадрлық резервке іріктеу жөнінде көп ақпа­рат берілді деп ойлаймын. Барлық бұқаралық ақпарат құралында да, әлеуметтік желіде де осыған қа­тыс­ты мәліметтер жарияланды. Кадр­лық резервке өзін ұсынғысы кел­ген жастар бұдан хабардар. Оның үстіне құжат қабылдау элек­трон­­ды форматта өткізілді. Бұл – кадрлық резервке енудің тағы бір оңай жолы.

Тағы бір мәселе, бұл іріктеуден кейін жастар арасында бәсеке туын­дауы да мүмкін. Өйткені кадр­лық резервке іріктеуден бар­лы­ғы бірдей өте алмауы мүмкін. Шын мықтылар ғана бұл додаға ат салыса алады. Оларға бір деңгейден бір деңгейге өтудің өзі – үлкен сынақ. Меніңше, бұл 300 адаммен ғана шектеліп қалмайды. Өйткені қазірдің өзінде нақты саны қанша­ға жеткенін білмейміз. Бұл мәсе­ле­мен Мемлекеттік қызмет істері агент­тігі айналысып жатыр.

– Бұл биылғы жылдың басты шараларының бірі ме?   

– Кадрлық резервке іріктеу – Пре­зиденттің жаңа бастамасы. Не­гізі бұл бастама да Жастар жы­лы­­мен тоқайласып отыр. Тәуелсіз­дік­тен бері қарай жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, жақсы жағ­дай жасалып келеді. Негізі жас­­тарды толғандыратын 5 мәселе бар. Атап айтар болсақ, үймен және жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіп­­керлікпен айналысуға жағдай жасау, білім беру, сондай-ақ олар­дың азаматтық белсенділігін кө­те­ру­ге ықпал ету. Жастар жылында атқарылған негізгі жұмыс – осы негізгі бес бағытты жүйелендіру.    Біріншіден, үймен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда жастарға мемлекеттік бағдарламалар арқылы ғана емес, оларға арнайы үй беру мәселесі қарастырылып жатыр. Нұр-Сұл­тан, Алматы, Шымкент қала­ла­рын­да жастарға жеңілдікпен бас­па­на беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге он мыңдаған жасты кәсіпкерлікке үйретіп, олардың бизнесін бастауына алғашқы ақ­ша­­лай көмек көрсету мәселесі грант арқылы шешілуде. Сонымен қа­тар 11-сыныптарға, универси­тет­­­­терге кәсіпкерлік негізі деген ар­найы сабақ өткізу – басты наза­ры­мызда.

– Өзіңіз білесіз, Жастар жылы аяқ­талуға таяу. Кез келген жылды өткізуде науқаншылдыққа көбірек ба­сымдық беретініміз жасырын емес. «Алаулатып-жалаулатып» бір жыл да өте шығады. Неге олай?

– «Науқаншылдық» деп бір­жақ­ты кесіп айтуға болмайды. «Ауыл жылы», «Жастар жылы» деп атын атап, түсін түстеген соң,   сол жылға ерекше көңіл бөлінеді. Бел­гілі бір атаудың шеңберінде ар­найы жоспар жасалады. Нені қам­тып, не қамтылмау керектігі еске­ріледі. Нақты іс-шаралар жос­па­ры бекітіледі. Әуелі өткізілетін шара­лардың нәтижесі қандай бол­мақ? Соны зерттеп-зерделеп алуы­мыз қажет. Кез келген мәселе бас­қо­сусыз шешілмейді. Онда адам­дар бір-бірімен кездесіп қана қой­май, ой-пікірімен бөлісіп, мәсе­ленің шешімін табуға тыры­са­ды. Форумдарда жаңа бағдар­ла­ма­лар қабылданып, кемшіліктер айтылып, ортақ талқыға түседі. Сондықтан науқаншылдық деп емес, нақты атқарылған жұмыстар­ға баға берілетін жыл деп қараған жөн. Мысалы, биыл «Жастар прак­­­­­тикасы» аясында 30 мың жас­қа жұмысқа орналасуына көмек көр­сетілді. Одан бөлек, «Диплом­мен ауылға», «Жас маман», «Жас кә­сіпкер» бағдарламасы қабыл­дан­ды.

Жалпы, кез келген жас «маған көмек берілуі керек» деп қол қусы­рып отыруына болмайды. «Ізде­ге­нің алдынан іздемей-ақ табылар» дегендей, ізденген жасқа барлық мүмкіндік бар. Соны пайдалана білуі қажет. Мәселен, жас талапкер мемлекеттік бағдарламаға сүйене отырып, өзінің мақсатын жүзеге асыруына болады. Әйтпесе, біз «Мынау саған жасалған жеңілдік» деп ешкімнің есігін қақпаймыз. Тіпті, «міне, саған баспана, міне жұмыс» деп ешкім ұсынбайды да. Қазір біз нарықтық заманға көш­тік. Әр адам арманына өзі қол созуы керек. Соның ішінде жастар жалындап, жарқырап тұруы тиіс. Оның тек сыртқы келбеті емес, ақыл-ойы мен кәсібилігі де жоғары ба­ға­ланады. Себебі бәсекелестік – бү­гінгі қоғамның басты талабы.

– Жастардың жас мөлшерін қа­лай анықтаймыз? Кей бағдарла­ма­­лар­да 29-ға дейінгілер алынса, кей­­бірінде 35-ке дейін деп жазылып жүр. Негізі қайсысы нақты?

– Заң бойынша жастардың жас мөл­шері – 29. Бірақ Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының ұйға­ры­­мымен жас мөлшері 35 жас­қа дейін көтерілуі мүмкін деген пікірлер бар. Мысалы, жастар кадр­­лық резервін 35 жасқа дейін жа­сау­да. Тіпті, кейбір мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін жас­тар­дың жасын 35-ке дейін көтеріп отыр­мыз. Оның үстіне 29 жас аз деп есептейтіндер де бар. Алайда заң­ды тұрғыдан жас мөлшерін ауыс­тыру – қосымша қаражатты та­лап етеді.

– Келесі жыл волонтерлерге ар­­­­налмақшы. Алайда волонтер де­ген­­де – бізде формализм басым секіл­ді. Мәселен, Еуропа елдерінде жұмыс беруші жастардың қоғамдық жұмыстағы белсенділігін ескереді, Ресейде оқуға түсуіне жеңілдік жа­са­­­л­ады. Біздегі волонтерлікке деген көзқарасты өзгерту қажет емес пе?

– 2016 жылы волонтерлікке бай­ланысты арнайы заң қабыл­да­нып, соның аясында бірқатар бағ­дар­лама жасалды. Сөйтіп, Мем­ле­к­ет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтерлер жылы деп атауды ұсынды. Волон­тер­лік қызмет деген аудармашылық жасаумен шектелмейді. Волонтер­лік­тің бағыты сан-сала. Мәселен, Арыс оқиғасында тұрғындарға қаржы-қаражаттан бөлек, көмек беріп, азық-түлік жеткізіп, киім тасы­ған да волонтерлікке кіреді. Бүгінде волонтерлерге арналған арнайы сайт та бар. Волонтер бол­ғысы келген адам сонда тірке­ліп қоюына болады. Міне, сол арқылы ол адамның ерікті түрде қоғамдық жұмысқа араласатынын біліп оты­рады. Мұның келешекте жұ­мыс­қа орналасуына не болмаса ЖОО-ға түсуіне септігі тиюі де мүмкін. Себебі заңды тұрғыда волон­­терлік қызметке айрықша мән беру туралы ұсыныстар айтылуда.

– Ал егер волонтер ретінде тір­кел­мей, қоғамдық жұмыстарда бел­сен­ділік танытып жүргендерге же­ңіл­дік болмай ма?

– Кез келген адам волонтер бола алады. Ал сайтқа тіркелу – ол оның қаражат алуына, ерікті ре­тін­де ақша табуына мүмкіндік жасай­ды. Қазір Волонтер сайтын плат­фор­­ма ретінде қарастырып отыр­мыз. Осы плат­фор­ма аясында бел­­­сенді жастарды анықтауға мүм­­кін­дік туады.  

– ХХІ ғасырдағы ең үлкен қауіп – жастардың ажырасуы. Отбасын бұз­ған жастар көп. Жетім бала, же­сір әйел, жұмыссыз еркек жетіп ар­ты­лады. Одан бөлек, АӘК алу үшін ажырасып жатқандар да көп. Негі­зі Үкімет көпбалалы аналарға жәр­­демдесу арқылы оны жасанды ма­сыл­дыққа әкелмеді ме?

– Жалпы, отбасылық қаты­нас­тар­д­ың құнсызданғаны ешкімге жасы­рын емес. Ажырасу санының артуы, үйдегі зорлық-зомбы­лық­тың, әлеуметтік жетімдіктің үрдісі жоқ емес, бар.

Бұрынғы кезде әкесіз өскен бала болмады. Сондықтан да «тірі жетім» деген ең ауыр сөз болатын. Ал қазіргі таңда бұл нәрсе саңы­рау­құлақша қаптап кетті. Міне, содан «әлеуметтік жетімдік» деген ұғым пайда болып, қанға сіңуде. Мы­­салы, британдық The Еcono­mist басылымының ақпа­ра­ты бо­йын­ша, ажырасу жағынан көрсет­кі­ші жоғары он елдің қатарында Қазақ­стан бар. 1-орында Ресей бол­са, Қазақстан – 9-орында.

Мәселен, елімізде 2016 жылы 51 993 ажырасу құжаты тіркелген екен. 2017 жылы 54 626 болса, 2018 жылы 54 797 неке бұзылған. Міне, соңғы 2 жылда ажырасу көбейе түс­кен. Бұл тенденция биыл да жал­ғасуы мүмкін. Биылдың 6 айын­да 29 025 отбасы ажырасқан. Был­тырғы жылдың сол аралы­ғында ажырасу 2 мыңға көбірек болған. Сондықтан біз ажырасу фактісін азайту үшін отбасы инс­ти­­тутымен тікелей байланысты ведом­стволардың өзара үйлесімді қызметін қамтамасыз ету қажет.

Соған орай, биыл халық мей­лін­ше көп шоғырланған қала Шым­­кентте «Қанатқақты» жоба­сын қолға алып, Отбасы, балалар және жастар істері басқармасы құрылды. Егер бұл басқарма отба­сы­лардың жағдайын жақсартуға, отбасы саясатындағы стратегиялық индикатордың жақсаруына жол ашса, өзге өңірлерге таратамыз. 2030 жылға арналған отбасы-гендерлік тұжырымдамасы бойын­ша екінші кезеңінің іс-шаралар кешенін жоспарлаудамыз. Бұл тұжы­рымдаманың іске асуына Қазақ­стан Президенті жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық ген­дер саясаты жөніндегі Ұлттық комис­сия ұйытқы болып отыр.

– Азаматтық бастамаларды қол­дау орталығы жастардың іс-ша­ра­ларын қолдауға арнайы грант бө­леді: фестиваль, конкурс, блогер­лер форумы. Мұндағы мақсат не? Жа­стар саясаты «жарқ-жұрқ» еткен саясат па, әлде ұзақмерзімді страте­гия­лық жоспар ма?

– Форум, конкурс, фестиваль кө­бірек насихатталғандықтан, со­лай көрінуі мүмкін. Саясат болған­нан кейін қоғамдық қарым-қаты­нас­тың барлық құралын пайдалан­ған дұрыс. Оның ішінде форум, фес­тиваль, конкурс та кіреді. Со­ның арасында әлеуметтік көмек көр­­се­­тетін жобалар бар. Өкінішке қа­­рай, олар БАҚ-та көріне бермей­ді.

– Биылғы жылы жастарға арна­йы марапат беріледі екен. Негізі жас­тардың «Дарын», «Серпер» де­ген марапат бар. Бұған қосымша бері­летін бұл қандай сыйлық? Жал­пы, жастарға атақ-дәреже беру қа­жет пе? «Әсіре қызыл – тез оңар» демекші, мұндай сыйлықтар жас­тар­дың ойын, ниетін бұзбай ма?

– Жастар жылы аясында жас­тар­ға қолдау көрсетілгені де дұрыс. Осындай бір жоба жасағымыз ке­ліп отыр. Олардың арасында во­лон­терлік қызмет көрсеткендер де бар. Тамыр-таныстықпен сый­лық­қа қол жеткізді деген мәселе туын­да­мау үшін ашықтық болғаны дұ­рыс. Ал сыйлық берілуі керек пе, жоқ па деген мәселеге келсек, мұн­дай қолдау – өзге жастарға үлгі бола­­ды. Әрі жастардың да жетіс­тік­­терін бағалауымыз керек. Әйт­песе, ол сыйлық, алғысхат, мара­­пат­тау қағазы – жастардың көз­қа­ра­сын өзгертеді деп ойламаймын.

– Өзіңіз қаншалықты ашықсыз?

– Барлық жұмысымды мүм­кін­дігінше ашық көрсетуге тыры­са­мын. Әлеуметтік желілерде па­рақ­­шаларым бар. Кез келген жас сол па­рақшаларым арқылы бай­ла­ныс­қа шыға алады. Әр пікірге құ­лақ асып, кемшін тұстарды рет­­теуге тырысып отырамыз.  

 

Әңгімелескен
Г.ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ