Күні кеше АҚШ Шыңжаңда азшыл топтардың құқығын белден басты деген айыппен ҚХР Үкіметі мен Коммунистік партиясына мүше бірқатар шендіге санкция салды. Штаттардың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның мәлімдемесінде Шыңжаңдағы азшыл топтарға қысым көрсеткен 28 ұйым мен кей коммерциялық компанияларға америкалық тауарлар экспортына шектеу қойылғаны айтылады.
Ақ үй тарабынан қойылған шектеу шараларын Бейжің қатаң сынға алды. Қытай бұл мәселеде өз ұстанымын Құрама Штаттар халықаралық қатынастарды реттейтін негізгі ережелерді елеулі түрде бұзып, өзге мемлекеттің ішкі ісіне араласуды көздеу ниеті жатыр деп білдірді. Бұл –Бейжіңнің пікірінше, мемлекеттің, яғни ҚХР-дың мүддесіне қайшы келетін шектеулер. Қытай Шыңжаңда АҚШ айыптап отырған адам құқықтарының бұзылу жайы атымен жоқ екенін алға тартты. Ал бұған дейін айтылып жүрген аз топтар мен мұсылмандарды аса ауыр қатыгездікпен азаптайтын лагерлер мен абақтыларға қатысты мәселеде Бейжің «аймақта жеңіл қылмыс жасағандарды түзету ұйымдары» ғана бар екенін мәлімдеді. Бұған себеп Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы діни экстремистер мен лаңкестердің ықпалында деді Қытай тарабы.
Шыңжаңдағы экстремизм жайы қалай пайда болды, қазіргі уақытта соншалықты дабыл қағатын мәселе бар ма? Соңғы бес жылда аймақта діни экстремистік алауыздық жоқ, жағдай тұрақты. Осыдан бес жыл бұрын, яғни 2014 жылы Шыңжаңда сепаратистер қатарынан екі лаңкестік әрекет ұйымдастырған еді. Сол жылдың наурызында автономиялық ауданның оңтүстік-батысындағы Куньмин қаласында қара бетперде киген содырлар сапаржайда адамдарға шабуыл жасады. Салдарынан 29 адам көз жұмды. Қытай билігі мұны лаңкестік әрекет деп бағалап, Шыңжаңдағы сепаратистік күштер жауапты деді. Дәл сол жылы мамырда Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының астанасы Үрімшіде екі автокөлік Гунъюаньбэй көшесінде орналасқан базарда жүрген адамдарға қарсы жүріп, салдарынан 39 адам қаза тауып, 94 тұрғын жараланды. Осы оқиғалардан кейін ресми Бейжің Шыңжаңдағы жағдайды қатаң бақылауға алып, бірнеше сепаратистік ұйымдар мен діни экстремизм ықпалына түскендерді анықтап, оларға жаза кесті, соттады.
Бұған дейін Қытай Шыңжаңдағы жағдай ішкі мәселе екенін бірнеше рет қадап айтып, Құрама Штаттарды әр елдің жеке мәселесіне бас сұқпауға шақырды. Қытайдың ішкі мәселесі десек те, АҚШ мұнда Қытайды мүлдем басқа параметрден қарайтын сыңайлы. Қатарынан екі жыл Қытай мен АҚШ арасындағы сауда қақтығысы үдеп келеді. Осы жылдың тамызында АҚШ тарапынан сауда қақтығысында қытайлық тауарларға 30 пайыз салық салынған еді. Сауда соғысын тоқтатамыз деген ниетпен күні кеше ғана Вашингтонға ат терлетіп келген қытай делегациясы Штаттармен тағы да мәмілеге келе алмай, елден кетуге мәжбүр болды. Өзіне қай салада да бәсекелес бола алатын мемлекеттің ізін кесу қалыпты фактор ма? Себебі бұған дейін ҚХР өз өндірісіне сәтті түрде роботтарды енгізді. Америкалық Boeing маркалы ұшаққа балама ұшақ дайындап жатыр. Huawei соңғы жылдарда Apple өнімдерінен бірнеше пайызға артық сатылуда және бұдан да өзге экономикалық жайттар Вашингтонның назарынан әлбетте тыс қала алмайды. Қытайдың ішкі саясатындағы ықтимал белден басуларды әлем назарына ұсыну арқылы оның сыртқы мәмілегерлік имиджіне нұсқан келтіру деген ойдың да бір ұшпағы болуы ықтимал. Дегенмен бұл Қытайдың ішкі саяси жүйесін құлдыратады дегенді білдірмесе керек.