Токио аламаны таяп қалды. Чемпионаттар қалай аяқталды?

Токио аламаны таяп қалды. Чемпионаттар қалай аяқталды?

Токио Олимпиадасына 287 күн қалды. «Ат ауыз­ды­ғын шайнар» аламан алдында жүйріктердің бабын байқаған жөн. Жол­да­ма қолда, жүлде жолда деп жүрміз. Дегенмен орын басқандар мен тіс қақ­­қан­дар жайлы жазып көрейік.

Ұлттық құрама – ел абыройы. Рио Олимпиадасына 104 жол­да­ма­мен барып, 17 медальмен қайт­тық. Токиода жалпы 33 ойын түрінен жарыс өтеді. Олим­­пиадада классикалық са­­дақ атудан құрама жігіттері ал­ғаш рет бақ сынайды. Қазірге құрама қоржынында жүзуден, жеңіл атлетикадан, грек-рим мен әйелдер күресінен, бейнелік жүзуден 2 жолдамадан бұйырды. Еркін күрестен – 4, спорттық гим­­­настикадан – 1, классикалық са­дақ атудан – 3, спорттық сыр­ғанаудан 1 жолдама бар.

 

СМЕТОВТЕН БАСҚА КІМ БАР?

Әр спорт түрінен түзілген рей­тинг турнир нәтижесіне тә­уел­­ді. Осы жолы Галбадрах бір қадам алға жылжып, Сметов арт­қа шегінді. Олимпиада ойын­да­рынан кейін Әлем чем­пио­наты рейтингте маңызға ие. Одан кейін Masters, Grand Slam, Гран-при бәсекесі тұр.

Дзюдодан Будапеште өткен турнирге 16 дзюдошы аттанды. 60 келі салмақта Елдос Сметов алтын медальға ие болды. 66 келі салмақта Елдос Жұмақанов қола медаль еншіледі.

26-28 шілде аралығында Заг­­­ребте Гран-при турнирі өт­ті. 11 спортшы ел намысын қор­­­ға­ды. Ғұмар Қырғызбаев, Жан­­сай Смағұлов, Серік Ақыл­бек, Рус­лан Мұсаев, Айбек Се­рік­баев, Ерасыл Қажыбаев сын­ға түсті. Әйелдер арасында Гал­бад­рах Отгонцэцэгтің асы­ғы ал­­шысынан түсті. Финалда қар­сы­­­­ласымен тең түсіп жа­тып, же­ңіс­ті жұлып алды. Бұл Гал­бад­рахтың әлемдік рейтинг­те 10-орыннан 6-орынға көтері­луі­не себепші болды.

Токиода өткен Әлем чем­­пио­натында Елдос Сметов­тің қоласы жұбаныш бол­ды. Қазақстан құрамасы 147 ел­дің ішінде 16-орынға тұ­рақ­­тады. Токио татамиі қазақ­стан­дық­тар­ды аямады. Олимпиадаға жаңа леп, талпыныс пен жігер қажетін еске салды. Галбадрахтан басқа Назгүл Құбашева, Динара Құда­рова сынды дзюдодан ұлт­тық құрамадағы қыздарға сер­­­піліс керек екен. Ғұсман Қыр­­­ғызбаевтың Сметовпен бір салмақта өнер көрсететінін бі­ле­міз. Одан бөлек Жансай Сма­­ғұлов пен Елдос Жұмақанов 66 келі салмақта мықтыны анық­тай­ды. Риода Жансайдың қалай өнер көрсеткені есімізде. Демек, Жа­понияға жол түсуі үшін әр тур­нирді барынша жақсы нәти­же­мен аяқтау керек.

 

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА ЖАҒДАЙЫ 

27 қыркүйек пен 6 қазан ара­­­­сында Дохада жеңіл атле­ти­ка­дан Әлем чемпионаты өтті. Өкінішке қарай, Қазақстан құ­рамасының қоржыны бос қайт­­ты. 20 шақырымға спорт­­тық жүруден Георгий Шей­ко 19-орынға тұрақтады. Қыз­дар­дың нәтижесі 12-орын болды. Ел үмітін арқалап жүрген Ры­па­­кова 14,09 метрге секіріп, фи­нал­ға өте алмады. Жарыс жолын 13-орынмен аяқтады. Дегенмен Георгий мен Ольга Токиоға жол­­дама бар. Олар тың­­ғылықты да­йындалып, қар­сы­ластарын бақы­лап отырса жет­­кілікті. Бұл әдісті Шейконың өзі растайды. Өйткені кезекті олим­­пиадаға Георгий үшінші рет барады. Ол наурыз айында өткен Азия чемпионатында күміс ме­даль алды. Сөйтіп, Токиоға са­пар ше­ге­тін­дердің қатарына қо­сыл­ды.

 

БАЛАНДИНДЕ 2 ЖОЛДАМА 

Баландин Риода ерлік жаса­ды. Қазақстан 100 метрге брасс әдісі­мен жүзуден алтын алады деп ойлағандар кемде-кем. Рио мен Токионың арасында өт­кен жарыстарда Баландин өзін шыңдап жүр. Алғашқы жол­­­дамасын Champions Swim Series турнирінде 200 метрге брасс әдісімен жүзуден алды. Кванжуда су спорты түрлерінен өткен Әлем чемпионатының бірінші күнінде Токио нормати­він орындай алды. Осылайша, екінші жолдамаға қолы жетті. Сон­дай-ақ іріктеу кезеңінде сын­ға түскен Әділбек Мусин 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзу­­ден жартылай финалға өте алма­ды. Бұдан бөлек Вита­­­лий Худя­ков ашық суда жүзу бо­йын­ша Олимпиада жолдам­а­сы­на иелік етті.

 

КҮРЕС ТҮРЛЕРІНЕН 8 ЖОЛДАМА 

Балуандарымыз жарады. Күрес түрлерінен Нұр-Сұлтан қа­ла­сында өткен бәсекеде 8 жо­лдама бұйырды. Аталған жа­рыс­қа әлемнің 104 елінен 1003 бал­уан қатысты. Күрес түр­ле­рінен қазақстандық балуандар 7 медаль алды. Грек-рим кү­ре­­­сі­нен – 1 күміс, 2 қола, әйел­­дер күресінен – 1 қола, ер­кін кү­­рестен 2 күміс, 1 қола енші­ле­ді. Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхаметов грек-рим күресінен, Валентина Исламова мен Эльмира Сыздықова әйел­дер күресінен жолдама алды. Еркін күрес түрінен коман­да­ға 4 жолдама түсті.

 

МЕЖЕ – ОЛИМПИАДА

Сайыс нәтижелері мен көр­­сеткіштер – Олимпиадаға жетудің жолы. Мұнда еңбек пен талпыныс жатыр. Жоғарыда­ғы­­лардан бөлек, Токио жолда­ма­­­сын иеленгендерді тізіп шы­­ғайық. Спорттық құзға өр­ме­леуден Ришат Хайбуллин құр­­лықаралық бәсекеге бара­ды. Велоспорттан Евгений Ги­дич Токиода ел намысын қор­ғай­ды. Садақ атудан Денис Гань­кин, Ильфат Абдуллин, Санжар Мусаев сынға түседі. Бей­­нелі жүзуден Екатерина Немич пен Александра Немич олим­пиадаға қатысады. Қыздар өткен олимпиадада 16-орынға тұрақ­таған. Жапонияда бұдан да жақ­сы нәтиже көрсетеді деп ой­лаймыз. Олимпиада жолда­ма­сы мұнымен таусылмақ емес. Өйткені Олимпиада комитеті Риодағыдай жолдама санына қол жеткізуге болатынын айтады. Сондай-ақ Жапонияда өтетін олимпиада ойындарына 5 спорт түрі қосылды. Сонымен, бас-аяғы 33 спорт түрінен 12 мыңнан астам спортшы келеді деген бол­жам бар. Жоспарда Бра­зи­лия­дағыдай 205 ел қатыса­ды деп көрсетілген.

Жарыс алауы тұтанар шақта түрлі көзқарас пайда болады. Танымал агенттіктер шетінен жорамал жасап, түрлі статистика құрады. Токиоға болжам жаса­ған­дар­дың ішінде Gracenote статистикалық агенттігі бар. Агент­тік құрамалардың аяқ алы­сын, турнирдегі көрсеткішін талдайды. Тіпті әр спортшыға сипаттама жасайды екен. Gracenote нұсқасы бойынша, қа­зақ­стандық спортшылар 2 ал­тын алады. Ұйым бізге 4 кү­міс пен 5 қоланы «теліген». Жал­­пы­ко­мандалық есепте 11 медаль­мен 27-орынға шығуымыз мүм­­кін екенін де көрсетіпті. Ес­ке сала кетсек, агенттік Рио Олим­пиадасына да болжам жа­са­ған. Gracenote Қазақстан құра­ма­сы Бразилиядан 4 алтын, 3 күміс, 9 қола алатынын айтты. Коман­далық есепте 23-орын деп белгіледі. Ал біздің құрама 3 ал­тын, 5 күміс, 9 қола медаль ен­шіледі. Жалпыкомандалық есепте Gracenote жазған орын­нан 1 саты жоғары тұрдық.

ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары 24 шілде мен 9 тамыз ара­лығында өтеді. Төртжыл­дық­­ты түйіндер додада 33 спорт түрі­нен 339 медаль сарапқа салынады.


Айбике ЖАНАСЫЛ