Таулы Қарабақтағы ахуал күрделеніп барады
Таулы Қарабақтағы ахуал күрделеніп барады
161
оқылды
Елордадағы Әзірбайжан елшілігі Таулы Қарабақтағы ахуалға байланысты журналистерге арнайы брифинг өткізді.
«Таулы Қарабақтағы жағдай - өте нәзік мәселе. Сондықтан да шиеленіс бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатыр. Осы орайда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше Қазақстанның Әзербайжан еліне моральдық қолдау көрсетуін сұраймыз. Әзербайжан өзге мемлекеттерден әскери немесе басқа да көмек көрсетуін өтінбейді», - деді Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Мамедов.
Сондай-ақ, Рашад Мамедов брифинг барысында шетелдік БАҚ-тың ресми ақпаратқа сай келмейтін мәліметтерді жариялап жатқанын айтты.
«Бүгінде ақпарат порталдарында екі ел арасындағы ахуал туралы бейресми мәліметтер көбейіп келеді. Журналистер Әзербайжан немесе Армения елінің ресми ақпарат порталдарынан емес, деректерді үшінші елдің БАҚ беттерінен алып жатыр. Сондықтан қалам ұстаған қауымнан тек ресми ақпаратқа сүйене отырып, халықты дұрыс мәліметпен қамтамасыз етуді сұраймын. Бұл - өте маңызды. Мұны Әзербайжан Президенті таяуда өткен БҰҰ-ның 75-ші сессиясында да атап өткен болатын. Біз соғысты қаламаймыз. Дегенмен бізге тиесілі аумақ өз меншігімізде қалуы тиіс» , - деп атап өтті Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Мамедов.
Сондай-ақ, бүгін Армения қорғаныс министрлігінің өкілі Арцрун Ованнисян Бірыңғай ақпарат орталығында өткен брифингте Степанакерт қаласында атыс болғанын мәлімдеді.
«Жалпы, өткен түнде аталған аймақта біршама тыныш болды, кей бағыттарда ғана атыс тыйылмады. Алайда таңертең жағдай қайта шиеленісті» деді ол брифингте. Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Шушан Степанянның хабарлауынша, Степанакерт қаласында жиі-жиі зымыран соққысы тіркеліп отыр.
Еске сала кетейік, Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығыс 27 қыркүйекте басталған болатын.