«Праймериз нәтижесі – үлкен азық, зерттейтін дүние» – саясаттанушы Айдос Сарым
«Праймериз нәтижесі – үлкен азық, зерттейтін дүние» – саясаттанушы Айдос Сарым
Бұл – бірнеше өлшемі бар дүние. Біріншіден, «партияішілік» деген сөзге өте қатты назар аудару керек. Осындай идея айтылған кезде анда-мұнда, әлеуметтік желі­де «бұл мүмкін емес», «әділ өтпейді», «көпшілік қатыспайды» дегендей сыңаржақ пікірлер болды. Енді нәтижесін қарайық. 11 мыңдай адам қатысты. Оның басым бөлігі – бұрын-соңды саяси өмірге ара­лас­паған азаматтар. Әр жерде әрқалай, әрине. Өзіміз біркелкі емеспіз. Бір-біріне ұқсайтын өңірлер жоқ. Бір облыстың ішінде бір-біріне ұқсайтын ауданымыз жоқ. Бір жерде консервативті орта, бір жерде еті тірі орта. Бір Алматының өзінде, мысалы бір ауданда бір орынға 12 адам таласса, кейбір ауданда бір орынға 6-8 адам үміткер болды. Екінші мәселе бар. Баяғыда мәслихатқа, партияға, тағы басқасына адамды қалай жинайтын? Ең алдымен, әкім немесе тиісті басшы қо­ғам­да аты шығып жүрген азаматты шақы­рып алып: «Сізге осындай ұсыныс бар. Қа­лай қарайсыз? Әзірге мына жерді бас­қар­саң, болашақта сені ана жаққа жіберсек де­ген ойымыз бар» деп тізімге кіргізіп, оған партияның аппаратын негіздеп, «осыған көмектесіңдер, штабын құрыңдар, қара­жатын шығарыңдар» деп жүктеп қоятын. Ал праймериздің жүйе ретіндегі кереметі, партияға үлкен мүмкіндік берді. «Азаматтар алдымен бақ таластырып, бір-бірін сынақ­тан өткізіп алсын. Қай жеңгені тізімге ене­ді» деген қағида болды. Партия аста-төк ақша жұмсаған жоқ. Тек ережесін бекітіп, қадаға­лауды ұйымдастырды. Праймеризде канди­дат­­тардың шама-шарқын байқадық. Кейбір үміткерлер өзіне ғана сеніп, өзі жүгіріп, өз бетімен жұмыс істеді. Бұған ұлт­тық дәреже­дегі үлкен сайлау ретінде қатыс­қан азамат­тарды да көрдік. Клип тү­сіріп, штаб жалдап, оған адам алып, фильм дайын­дап біраз әуреленді. Үгіт-насихат мате­риалдарының өзіне дейін әртүрлі бол­ды. Кейбірі үш бет қағазын принтерден ба­сып таратса, біреулер үлкен полиграфияда жасалған түрлі-түсті, сапалы дүниелерін ұсынды. «Праймериз әділетсіз өтеді, негізгі мақсатын орында­майды» деген әңгімелер айтылды. Бірден ескертейік, партия «мы­нанша пайыз жаңа­ра­мыз, мы­нанша адам аламыз» деп ешкімге уәде берген емес. Қа­тысқан азаматтар да оны әртүрлі түсініп, әртүрлі қабылдаған сияқты. Партия бол­ғандықтан, партияның ұйым­дары бол­ғандықтан, пандемия кезі болған­дықтан, үгіт-наси­хаттың шектелуі сынды кедергілер кездесті. Дегенмен пар­тия – үлкен орта. Праймериз Қазақстанның саяси өміріне орнықты десек, келешекте ескеретін жайт көп. «Қай кандидат жеңіске жетті? Несімен ұтты? Неге басымдық жасады?» деген мәсе­лені арнайы зерттеуіміз керек. Прай­мериз біраз нәрсенің бетін ашты. Әсіресе, өңір­лерде отырған тым ескішіл, ішкі-сыртқы өзгерістерге қабілетсіз ма­мандарға сабақ болды. Праймериз партия ішіндегі ұйым­дас­­тырушылық жұмыстардың бір жолға қойылғанын дәлелдеді. Қиын-қыстау ке­зең­­де қатарын түгендеп, кеті­ретінін кеті­ріп, келтіретінін келтіріп, өз-өзін жаңартып алды. Праймериз партияның өз мүддесінен туындады. Сондықтан оның әділ өткеніне сенуіміз керек. Қоғамда өзгеріске, жаңа тұлғаларға деген сұраныс бар. Праймериз нәтижесі – үлкен азық, ой салатын, зерттейтін дүние. Қайталап айтайын, бұл жалпыұлттық сайлау емес, бұл жалпыұлттық дода емес. Бұл – партияішілік шара. «Жағдайымызды көрейік, мүмкіндігімізді анықтайық, қата­рымыздағы белсенділердің санын шама­лайық» деген науқан. Қатысқандардың бәрі депутат болмайды. Біреу штабқа кіруі мүмкін, біреу резервке кіруі мүмкін, біреу қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Бұл партия үшін бір жағынан сынақ болса, екінші жағынан үлкен жұмыс болды. Осы­ны да ескерген дұрыс.