Отандық бизнес орға жығылмасын десек...
Отандық бизнес орға жығылмасын десек...
211
оқылды

Ең қызығы сол,  Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жол­дауында Үкіметке отандық үлестің көлемін арттыру үшін нақты ұсыныс әзірлеуді тапсырған-ды. Ал  жағдай іс жүзінде басқаша сипат алатын түрі бар. Қайтпек керек?

Жаңа норма қайдан шықты?

Президент соңғы Жолдауында шетелдің арзан әрі сапасыз тауар­лары отандық өнім ретінде ұсы­нылып, сатып алу конкурсында жеңіп шығатын кезі жиі болатынын сынға алғаны бар. Отандық өнім өндірушілердің тізімі де, индус­триалды сертификаттар да жалған өндірушілерге нақты тосқауыл қоя алмай отырғанын тілге тиек етіп, Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кә­сіп­керлер палатасына жыл соңына дейін Қазақстанның қамту үлесін арттыру үшін нақты ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Отандық өңдеу өнер­кәсібінің өндірісін 5 жыл ішінде, кем дегенде 1,5 есе арт­тыруды міндеттеді.

Алайда біз 2017 жылдың 27 желтоқсанында қабылданған «Жер қойнауы және жер қойнауын пай­далану туралы» кодексте уақыт өте келе отандық өндірушілердің жеңіл­діктен қағылатыны туралы норманы ұмытып кеттік. Таратып айтсақ, бұл кодекс 2015 жылы Қазақстан Дүние­жүзілік сауда ұйымының толық құқылы мүшесі болғаннан кейін ДСҰ талаптарын ескере отырып жасалған еді. Бұл тауарларды сатып алудағы жергілікті қамту бойынша міндеттемелерді алып тастауға және қазақстандық тауар өндірушілер үшін 20% мөлшеріндегі шартты жеңілдікті қолдануды болдырмауға да қатысты...

Кодекстің 208-бабына сәйкес қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияда (бұдан әрі – ҚПҚ) тауарлардағы жергілікті қамту туралы міндеттемелер (бұдан әрі – ЖҚ) жоқ, ал кодекстің 278-бабы 29-тармағына сәйкес қазақстандық тауар өндірушілердің конкурстық өтінімдеріне 20% мөлшерінде шарт­ты жеңілдік 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылмайды.  

Депутат дабыл қақты

Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Мейрам Пішембаевтың дере­гіне сүйенсек, жер қойнауын пайда­ланушылардың 2019 жылға арналған сатып алудағы жылдық көлемі 8,2 трлн теңгені құраған. Оның ішінде көмірсутек шикізатын сатып алу көлемі 7 трлн теңгені, қатты пайдалы қазба байлықтары бойын­ша сатып алу 1,2 трлн теңгені құрайды. Ал уәкілетті органдардың дерегінше, тауарлардағы жергілікті үлестің көлемі орта есеппен 10-12% ғана. Ал енді 2021 жылдың 1 қаң­тарынан бастап жер қойнауын пай­далану саласындағы сатып алуда қазақ­стандық өндірушілер үшін қа­растырылған жеңілдіктер мен қолдаулар халықаралық міндет­теме­лер шеңберінде жойылса, жағ­дай не болмақ? «Тауарларда 0%-ға дейін, жұ­мыстар мен қызметтерде, сондай-ақ кадрларда 50%-дан аспайтын жер­гілікті қамту талаптары шектел­мек. Отандық өндірушілер үшін тендерді өткізу кезінде 20% шартты жеңілдік беру нормасы, қазақ­стандық өн­дірушілерден бір көзден тауарларды сатып алу құқығы және тапсырыс берушілердің тауарлардағы жер­гілікті қамтудың міндетті үлесін талап ету мүмкіндігі алынып тас­талады», – дейді М.Пішембаев. Дамыған елдер өз өндірушілеріне қолдау көрсетуді күшейтіп жатыр. Мысалы, АҚШ-та тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемле­кеттік сатып алудағы жергілікті қамту кем дегенде 75%, сондай-ақ металл өңдеу саласында тауарларды сатып алу кезінде 95% -дан кем емес болуы керек деген талап бар. Ресейде жергілікті өндірушілер сатып алу кезінде шартты 15% жеңілдік алады.

Ал жаңа жылда енгізілетін норма қазақстандық бизнесті бә­секеге қабілетсіз деңгейге түсіріп жіберуі мүмкін. Себебі сатып алуға қатысып, тапсырыссыз қалған компанияларға нарықтан кетуден басқа жол қал­майды. Сондықтан депутат дағ­дарыстан кейінгі эко­номиканы қалпына келтіру жағ­дайында Үкі­меттен бүгінгі қол­данылып жатқан шараларды қал­дыруды қарастыруды, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдаудың баламалы тетіктерін қамтамасыз етуді сұрап отыр.

Отандық өндіруші тапсырыссыз қалмай ма?

Қазақстан ДСҰ-на мүше болып, халықаралық ұйым талабына сай келетін нормаларды жасауды бастағанда Covid-19 короновирустық инфекциясының өршитінін болжаған жоқ. Коронадағдарыстың әлем экономикасына ауыр соққы боларын ешкім де болжай алмаған еді. Сондықтан бүгінгі қалыптасқан жағдайды ескере отырып, елімізде алдымен экономиканың негізгі секторларын қалпына келтіруге, екіншіден халықаралық келісімдердің шарттарын сақтауға бағытталған баламалы қолдау шараларын әзірлеу қажет екені сөзсіз.

Бұл орайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған мәселелерді назарға алып, отандық өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында кейбір НҚА-ді түзетпек ниетте. Аталған министрлікке қарасты QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Жергілікті қамтуды дамыту және мониторинг жүргізу дирекциясының басшысы Қайрат Жолдыбаевтың айтуынша, жер қойнауын пайдаланушыға тауарлардағы және жұмыстардағы/қызметтердегі жергілікті қамту бойынша, өз еркімен қосымша міндеттеме алған жағдайда, ТЖҚ сатып алуды конкурстық процедураларды пайдаланбай алуға мүмкіндік беру қарастырылып жатыр.

«Жер қойнауын пайдаланушының орындап отырған шартына қараймыз, егер осыған дейін ол кәсіпорын жергілікті үлесті қамтуды 15 пайыз орындап келген болса, сол көлемді сақтап қалуына мүмкіндік береміз. 35 пайыз орындаса, 35 пайызды қалдыруы тиіс. Осындай жағдайда компания тауарлар, жұмыстар/қызметтер бойынша конкурссыз тікелей шарт жасаса алады. Бірақ шартты қалай орындап жатқанын тоқсандық, жарты жылдық есебінде көрсетіп отырады. Егер өз міндеттемесін орындамаса, онда конкурстық процедураға қатысуға міндетті болады», – дейді.

Бұдан бөлек, отандық өндірушілер қауымдастықтары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ұйымдарының сатып алуды жүзеге асыру тәртібіне ұқсас және конкурстық өтінімдерге осы тізілімдерге кіретін әлеуетті өнім берушілерді бағаны шартты түрде 5-10% төмендетуді қолдана отырып, жер қойнауын пайдаланушылардың тауар өндірушілерінің және өнім жеткізушілердің тізілімін құруды ұсынып отыр екен. Сарапшылар бұл ДСҰ талаптарына қайшы келмейді, өйткені бұл тізілімге отандық өндірушілер мен өнім жеткізушілер ғана емес, белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда шетелдік өндірушілер де енеді. Қайрат Жолдыбаев депутат М.Пішембаевтың 2021 жылы күшіне енетін норманы шегеру туралы ұсынысы Сауда және интеграция министрлігінің құзырына жататынын айтады.

Ал QazIndustry ДСҰ-ға кірген кезде осындай норманы шегеруге мүмкіндік қарастырылған ба, жоқ па деген мәселені қарастырмақ ниетте. Себебі мекеме өз атынан сондай ұсыныс жасауды ойластырып отыр. Бірақ бұл айтарлықтай уақытты алатын процесс. Десе де, жаңа жылдан бастап күшіне енеді деген норма сақтала отырып, отандық өндірушілерді қолдаудың тетігі де іске асуы мүмкін екен.  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ