Ауыл тұрмысы қаладан кем болмауы тиіс
Ауыл тұрмысы қаладан кем болмауы тиіс
111
оқылды
Әлия Әбсеметова 2005 жылы «Тұран-Астана» университетін «халықаралық экономист» маман­дығы, 2016 жылы әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетін «журналист» мамандығы бойынша бітіріп, екі дипломды да барынша тиімді пайдалануда. Мұны­мен шектелмей, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистратурада білім алуда. Балаларын қатарынан қал­дырмай бағып-қағып, өсіріп отыр­ған ана алған білімі мен өмірлік тәжірибесін іске асыра отырып, замандастарын, оның ішінде өзі сияқты аналарды қоғам тірлігіне тарту, өз мәселесін өздері шешуге баулу және жергілікті жердегі проб­лемаларды жоғары жаққа жеткізіп, оларды шешу жолдарын бірлестіре қарастыруды мақсат тұтқандықтан праймеризге қатысқанын айтады. Ең бастысы, білімін іс жүзінде сы­нап көріп, бағын сынау, мақсатын жүзеге асыруды көздеген. Әлияның айтуынша, дәл осы жолғы жаңаша ұйымдастырылған сынақ өзі сияқты жандардың елге пайдалы әрекет етуі үшін өте қолай­лы. Оның пікірінше, праймериз – ел тұрғындарының өмірін жақсы жағына өзгерту үшін жасалған керемет мүмкіндік. Ол қазірдің өзінде көптеген жоба­ларды жүзеге асыруда. Мәсе­лен, 2018 жылы журналист ретінде UZYN.KZ деп аталатын сайт ашып, бүгінде бас редактор қызметін атқарып келеді. Одан бөлек, респуб­ликалық БАҚ-пен тұрақты байла­ныста. Медиа ерікті ретінде онко­логиялық және сал ауруына шал­дыққан балалардың еміне қаражат жинауға қатысып, қайырым­дылықпен де айналысады. Оның тікелей атсалысуымен 2,5 жылда 60 балаға 45 млн теңге жиналып, олар ем алып, денсаулығын қалпына келтіруден өткен. Әлия Әбсеметова елдегі қиын ке­зең – әлемді алаң­датқан қауіпті індет таралуы кезінде және соған байланысты төтенше жағдай жария­ланған уақытта халықпен бірге бо­лып, көптеген жандарға көмек көр­сетті. Ме­ценаттармен бірлесе отырып, Жамбыл ауданында тұра­тын жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға азық-түлік себетін үлестірді. Әлия өзінің басты жетістігі әрі мақтанышы– үлкен отбасы мен жанашыр жары деп санайды. Ол кез келген уақытта жұбайы мен тоғыз баласын, оның ішінде асырап алған жеті жеткіншегін қолдап, әр баста­масына демеу болады. Өмірлік серігімен бірге балалардың жағ­дайын жасап, аналық жылуы мен махаббатын сыйлап отыр. Соның арқасы болар, аталған отбасы республикалық «Мерейлі отба­сы – 2018» өңірлік байқауының Алматы облысы бойынша жеңім­пазы атанған. Әлияның өзі еріктілік қызметі үшін «Шапағат» мемле­кеттік медалімен, мейірімді аналық жүрегі үшін Dede Gorgud қоғамдық қорының атынан Mehriban Ana халықаралық орденімен мара­патталған. Ауылдағы көшбасшы әйел болып саналатын ол Жам­был атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжі мен №3 Қарғалы орта мектебінің қамқоршылық кеңесіне басшылық етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің, Қазақстан Жур­налистер одағының және «Nur Otan» пар­тиясының мүшесі. Тоғыз баланың анасы өзінің сай­лауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының кіріс мөлшерін арттыру және олардың салық төлеу қабілетін күшейту үшін жағдай жасау қажеттілігі туралы толғанады. Кіріс артса, тұрғындардың қар­жылық жағдайы жақсарып қана қоймай, бюджетке түсетін салықтың артуына себепкер болатынына дәлел келтіреді. Егер ойға алғандары орындалса, 2025 жылға қарай Жам­был ауданы тұрғындарына 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ұсынуға, ал ауылдағы жалақы мөлшерін 115 мыңнан 190 мыңға дейін арттыруға, сондай-ақ жұмыс­сыздық деңгейін 4,7%-дан 4,3%-ға дейін азайтуға мүмкіндік туады. Өзге де көптеген әлеу­меттік пробле­маларды, мәселен бала­бақшалар мен мектептер салу, жол сапасын жақсарту, қажет аудандарға су және газ тарту сияқты мәселелерді ше­шуге болады. Ауыл тұрғындарымен кездес­кенінде тұрғындардың ең негізгі проблемасының бірі – жайылымдық жердің жетіспеуі, соның салдарынан мал шаруашылығында кері кету тіркеліп отырғанына назар аударды. Жамбыл ауданындағы қолданылмай жатқан 76 мың гектар ауыл­шаруа­шылық жерді жайылымдық жер ретінде ауыстыру жайлы ойын да ортаға салды. Сонымен бірге ауылдағы өмір сүру сапасын таза ауызсу жүргізіп, жолдар салу, «Ауыл бесігі», «Құтты мекен», «Бақытты отбасы» бағдар­ламалары аясындағы қолжетімді баспананы дамыту арқылы артты­руды да көздейді. Жоғарыда аталған мәселелер Әлияның бағдарламасында қам­тылғандардың аз ғана бөлігі. Ал қоғамды өзгертуге ұмтылған бел­сенді әйел мұны сіз бен біздің көме­гімізбен жүзеге асыруға әзір. Бүгінгі күні ол аудан бойынша праймеризде бақ сынағандардың алғашқы бес­тігінде. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, сіз болып, біз болып күткен партияішілік сайлау аяқталды. Мен бұл додада азды-көпті 3 267 дауыс жинадым. Маған қолдау көрсетіп, сенім артып, бағ­дарламама ден қойған жандар 3 мыңға жетіп артылады екен. Бұл – мен үшін үлкен демеу, зор қуаныш. Себебі мен сияқты тоғыз баланың анасы үшін саясатқа араласып, ел мұңын билікке жеткізіп қана қой­май, ел ішіндегі түйткілді шешу­ге ұмтылудың өзі үлкен жеңіс деп ойлаймын. «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас» демекші, мені қол­дайтын жандар болмаса, менің көз­қарасым мен ұсыныстарыма сенген азаматтар болмаса, мен қа­зір­гідей нәтижеге қол жеткізе ал­мас едім. Праймериз аясындағы үгіт-насихат барысында көп дүниеге қанық болдым, елдің шын мәніндегі келбетін таныдым, ауыл тұрғын­дарының мұңы мен жанын бұрын­ғыдан да тереңірек түсіне бастадым. Аудандағы ауыл-ауылды аралап, көптеген тұрғын­дардың сыры мен үніне құлақ астым. Оларды естуге, сезінуге тырыстым. Проблемаларды шешу­дің қаншалықты маңызды екенін, ауылды көтеру – бүкіл елді көтеру екеніне, менің таңдаған жо­лымның дұрыс екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Бірақ праймериз әлі аяқталған жоқ. Алда күш сынасулар, дебаттан тұратын екінші кезең күтіп тұр. Менің бағым мен бабым сыналар сәт әлі алда. Осы аралықтағы уақыт­ты пайдалана отырып, мені қолда­ған, маған дауыс берген барлық партиялас әріптестеріме, сенімді өкілдеріме, «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасына, «Nur Otan» партиясының Жамбыл аудандық, облыстық филиалына, орталық аппаратқа алғысымды айтқым келе­ді. Бірінші кезекте, өзімнің жан жарыма, отбасыма маған көрсеткен орасан зор қолдауы үшін басымды иіп, рақмет айтқым келеді. Сіздер болмасаңыздар, мен жалғыз бұл жүкті көтере алмас едім! Біз өз мақсатымызға бірге жете­міз. Әділ және қауіпсіз елде өмір сүрейік!», – дейді Әлия Әбсеметова.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы