Қаржы пирамидасы – құлқын мен құрдым
Қаржы пирамидасы – құлқын мен құрдым
 

217-бап – 217 іс

Ішкі істер министрлігінің тергеу өндірісінде жыл басынан бері Қылмыстық кодекстің «Қаржы пирамидасын құру және басшылық ету» туралы 217-бабы бойынша 217 қылмыстық іс қа­ралып жатыр. Оның 95-і – биыл жаңадан тіркелгендер. Ал 117 іс сотқа жолданған. Өкінішке қарай, бұл салада өсу тенденциясы бай­қалады. Мәселе, былтыр 8 айда бұл көрсеткіштер 169-да 14 іс болыпты. Сотқа 20 іс жолданған. Бүгінде «қаржы пирамидасы» белгілері бар 18 ұйымға және әлеуметтік желілер мен WhatsАpp мессенджеріндегі 5 топқа қатысты тергеу жұмысы жалғасуда. Биыл жалпы саны 92 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған болса, оның 51-і тұт­қынға алынған, 3-і «үй қа­ма­ғында», 16-сы ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүр, 18 күдіктіге іздеу жариялан­ған, 4 адам сотталған. Ал осы ат төбеліндей ұйымдастырушы­лардың санынан олардың құр­бандарының саны мыңдаған есе көп.
Олар 26 178 адам. «Пирамида перғауындары» өз салымшыларын 40 миллиард теңгеге тақырға отыр­ғызып кетіпті. Мәселен, әуел­де қаржы үштағанынан зар­дап шеккендер саны 1-2 мың адам­нан, салым сомасы 1-2 млрд тең­геден аспай келсе, соңғы ата­ғы дүркірей шыққан құр бір топ­тың өзі 17 мыңнан астам адам­ды 22 миллиард теңгеден астам қаржыға алдап кеткен. Олар – «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард», «Выгодные заимы» компаниялары. Енді бүгінде бұл іс бойынша 51 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның 32-сі қамауға алынған болса, 3-еуі «үй қамағында», 10-ы қолхатпен бостандықта. 6 күдіктіге іздеу жарияланған болса, олардың екеуі бүгінде қолға түсті. «Қабылданған шаралардың нә­тижесінде іздестіруде жүрген «Вы­годный займ» ЖШС-нің Орал қаласындағы филиалының директоры, Әзербайжан азаматы Р.Ибрагимов Баку қаласында қол­ға түсті. Оны алдыру үшін ха­лық­аралық тапсырыс берілді. Мәс­кеу қаласында да «Гарант 24 Лом­бард» ЖШС-нің Нұр-Сұлтан қаласындағы директорының орын­басары С.Фролов ұсталып, тұт­қынға алынды. Ол жаққа да экс­­традициялық материал жол­данды. Ал осыған дейін осы іс бо­йынша 3 күдіктіні Ұлттық ұлан­­ның арнайы ұшағымен Ре­сей, Қырғыз Республикасы және Молдовадан алдырған бо­латынбыз. Мұндай жедел шара бізде бұрын тарихта болмаған. Күдіктілердің қылмыстық әрекетін жүзеге асыру кезінде тапқан мүліктеріне арест қойылды. Олар – 169 пәтер, 1 572 автомашина мен техника, 10 жер үй, 6 жер телімі, 5 пар­кинг, 1 көпфункционалды (дәм­хана-бильярд) кешен, «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-нің есеп­шотындағы 1,5 млн теңге. Одан бөлек, қолма-қол 70 миллион теңге алынды. Бұл мүліктердің орташа нарықтық жиынтық сомасы 2 млрд теңгеден асады», – дейді ІІМ Тер­геу департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Осы іс бойынша биыл Түркияда қолға түсіп, маусым айында экс­традицияланған директордың бірі Н.Танбашев бұл пирамиданы ұйымдастырған Ж.Есіркепов еке­нін айтады. Бүгінде ол тұт­қында отыр. 2018 жылы Ақтөбе қа­ласында ол «Выгодный займ»  ЖШС-ін құрып, қарыз берумен және автомашиналарды жоғары ба­ғамен бөліп төлеуге қабылдаумен айналысқан. Оның арты осындай үлкен афераға айналған. Сон­дай-ақ Ж.Есіркепов Түркия Рес­публикасының Солтүстік Кипр аралынан жылжымайтын мүлік сатып алып, оны Танбашевтің аты­на рәсімдеп қойыпты. Бұл ел­мен дипломатиялық өзара қа­рым-қатынастың жоқтығына бай­ланысты қазір осы мүлікті біздің мемлекеттің атына рәсімдеп, қайта сату мәселесі қарастырылуда екен.
«Қаржы пирамидаларынан» зардап шеккендер ішкі істер ор­гандарына бірден жүгіне қоймайды. Қылмыстық істің созылып кетуінің бір себебі – осы. Сондықтан да азаматтардан жергілікті жердегі құрылымдық бөлімшелерге немесе тікелей біздің департаментке ха­барласуын сұраймыз. Бұл кел­тірілген шығынды нақты анықтау үшін керек. Ал екінші себебі – ұйымдастырушылары шетелдерге қашып кететіні. Оларды анықтап, ұстауға уақыт қажет»,  – дейді Сан­жар Әскенұлы.
 

Қылмыс құралы – сенім

Күрделілігі мен ауқымы жа­ғы­нан Қазақстандағы «қаржы пи­ра­мидаларының» ішінде Ques­tra World компаниясын атап өту­ге болады. Өйткені мұн­да тр­ансұлттық ұйымдасқан қыл­мыстық топ әрекет еткен. Оны ұйым­дастырушылар – ресейлік ағайынды Кравцов, Ф.Джураев, О.Клейнард, испаниялық (Еуропа) Виера Рубало Антонино және Кабо-Верде Республикасынан (Африка) Гилаберт Батиста Хосе Мануэльдер. 2016-2017 жылдары елімізде «инвестициялық портфель құрамыз» деген желеумен жұмыс жүргізген олар 1 000-нан астам адамның 1 миллиард теңгеден ас­там ақшасын қалтасына басып әке­тіпті. Бұған дейін бұл топтың Қазақстандағы 4 өкілі орта есеп­пен 8 жылға сотталған. Бүгінде биыл тамыз айында қолға түсіп, Бе­лоруссиядан Ұлттық ұланның арнайы бортымен алдырылған Ольга Клейнардтың үстінен қаржы пирамидасынан (ҚК 217-бабы) бөлек, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру (ҚК 264-бабы) бойынша да қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүруде. karji peramidasi Questra World компаниясынан зардап шеккендердің бірі Әсел есімді келіншек бұл ұйымға бас-аяғы екі-үш айдың ішінде 22 мың 680 еуросын салып жіберіпті. Осылайша, ол  2017 жылдың  мамыр-шілде аралығында сол кездегі ба­ға­мен 8 миллион теңгеден ас­там ақ­шасынан айырылып қал­ған. Са­лым шарты бойынша ком­пания ақшаны тек қана еуро түрін­де қабылдаған. Бұл олар­дың халық­аралық салиқалы инвес­тициялық компания екеніне рең бере түс­кенге ұқсайды.
«Мені онда қайынапам алып келді. 10 000 € жинағым барын білетін. Әуелі соны, бір-екі аптадан соң «Каспий банктен» 7 миллион 200 мың теңге несие алып, оны 12 000 еуроға айналдырып сал­дым. Ешқандай да келісімшарт толтырып, қол қойған жоқпыз. «Бізде бәрі электронды түрде» деп, маған өздерінің веб-сайтынан жеке кабинет ашып берді. Салғам ақшам сонда көрініп тұрды. Тіпті, айтқандарындай бір-екі аптада 30-40%-ға көбейе бастады. Әйтеуір, қатты алданып қалдым ғой. Жан-жақтан жарнамалары қатты жүрді. Өзім сияқты талай адамдар салым салу үшін кезекте тұрды. Бір жағы «осы адамдардың барлығы бірдей ақымақ емес болар» дегендей, ғы­лыми тілмен айтқанда, «синдром толпы» құбылысы да өз әсерін бер­ген сияқты. Осының барлығын ой­лап басым қатып қатты. Өз ақ­шамнан айырылғаннан бөлек, не­сиені төлеу міндеттемесінен мені еш­кім босатқан жоқ қой?!» – дейді кейіпкеріміз.
Әселдің өзі қаржы саласының қызметкері. Экономикалық сауаты аз деп айтуға келмейді. Бірақ «пи­рамида перғауындарының» құрбанына айналып отыр. Неге? Бәлкім, бұл мил­­лиардтаған ақша­ларды қалтаға басқан алаяқтардың сол уақыттағы трендтерді қо­лай­лы пайдалана ал­ған ас­қан кәсіби шеберлігі болар? Ком­­паниялардың қаржылық ашық­­­­­­тығына тыйым салатын ком­­мер­­­циялық құпиялылықтың кө­лең­кесі ме? Әлде, әлеуметтік бә­секелестікте оңай олжа іздеген ка­­питал иелерінің ашкөздігі болар? Қазақстандықтардың халықаралық қаржы құралдарын игеруге деген ынтасы мен тәжірибесіздігі де бар шығар? Бұл сұрақтарға жауап іздегендер көп.
«Бүгінде бұл істің бірінші ке­зеңі аяқталды. Questra World-тың қа­зақстандағы өкілдерін сот­татуға қол жеткіздік. Олар – төрт адам. Бірі енді түрмеде о дүние­­лік болып кетті. Бірақ бәрібір ақшамызды қайтып беріп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан да ең бол­мағанда қылмыскерлердің жа­за­сыз қалмағанын қалаймыз. Мен өз қолыммен ақша берген адамдар бұл істе әлі куә ретінде жүр. Меніңше, бұл дұрыс емес. Олар да бұл жүйеде істеді, алаяқтық арам пиғылдың орындаушылары болды. Сондықтан да тергеуде анықталғандай Questra World ком­паниясының 400 агенті де жауап­кершілікке тартылуы тиіс», – дейді Әсел. Әсел мен оның заңгер-ке­ңесшісі Гүлжән Күзердің де жа­нын осы сұрақ жегідей жейді. «Қар­жылық алаяқтыққа келгенде Қазақстан заңнамасы солқылдақ. Өйткені «пирамида» сипаты бол­са да, Ішкі істер министрлігі жәбірленушілерден арыз түспей, ол мекемеге ешқандай да тексеру бастай алмайды. Қаржымен жұмыс істеген күннің өзінде де «желілік маркетингке» лицензия алуға, қар­жы ұйымы ретінде тіркелуге міндет қойылмаған. Ашықтан-ашық жұмысын жүргізіп жатқан кезінде оларға аудит жүргізу қа­рас­тырылмаған. Мемлекеттің қала­құраушы кешенді өнеркәсібін қар­жыландыратын мүйізі қарағай­дай Ұлттық банктің өзі базалық ставкаларын сан мың рет есептеп барып белгілегенде, құмда ізі, суда саны жоқ компаниялардың жы­лы­на 300% үстеме табысты ас­паннан алып ұсынуы ешқандай да заңнамамен реттелмейді. Біз осының бәрін сотта көтеріп отыр­мыз», – дейді ол. Заң өкілінің мұншалықты шырмауы көп сұ­рақтарға жауап іздейтіндей жөні бар. Өйткені өзінің қызы да дәл осы компанияға 36 мың доллар салым салып, алаяқтар құрған аран­ға түсіп отыр.
 

Ендеше не істемек керек?

Ең бірінші кезекте азаматтарға қаржылық сауаттылық жетіспейді. Табыс пайдасы адам сенгісіз тым биік қаржылық ұсыныстан бір­ден бас тарту қажет. Қазақстан заңнамасына да тиісті өзгеріс енгізу мәселесі пісіп-жетілген секілді. Өйткені «желілік маркетинг пр­ин­ципі» бар компаниялар жұ­мыс­тарын ашықтан-ашық жар­намалайды. Соған тыйым салу керек. Ал бүгінде жалпы саны 26 мыңнан асып отырған зардап шегушілердің ортақ бір ұйым құрып, бастамашыл топтары ел арасында абай болуға шақырып, насихат жұмыстарын жүргізсе, «қаржылық пирамиданың» си­паты бар  жұмыс істеп тұрған ұйымдардың үстінен тиісті орын­дарға арыз жазса, құба-құп болар ма еді? Иә, сұрақ көп, жауап аз. Бірақ бір нәрсе анық. Құлқын мен құр­дым – егіз! Құлқынның құлы бол­ған салымшылар қаражатынан, ұйымдастырушылары бостан­дығы­нан айырылмақ. Қылмыстық кодекстің 217-бабында 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Оған алаяқтық туралы 190-баптың 5-10 жылын қосыңыз. Бүгінгі таңда 92 адам осы баптар бойынша жауапкершілікке тартылған. Ал қашып жүргендердің түбі ұсталары анық.  

Нұрлан ҚОСАЙ