Түркістандық әкімдер заң талаптарын білмей ме?
Түркістандық әкімдер заң талаптарын білмей ме?
 Мәселен, Жетісай ауданына қарасты Атамекен, Жаңа, Жылы су, Асықата кенті, Қазыбек би ауылдық округі әкімдері кәсіпкерлердің есеп шотына тиісті жұмыстарын толық орындамаса да төлем құжаттарға қол қою арқылы бюджет қаржыларын аударып жіберген. Аталған жергілікті билік өкілдері жеке кәсіпкерлермен келісім шарт жасала салысымен артынша қаржы аударған. 
Есесіне мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнама талаптары бұзылып, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін аталған лауазымды тұлғаларға әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылып отыр. Кеңес жиынында тағы да сол Жетісай ауданына қарасты Ш. Ділдабеков ауылдық округі әкімінің де тәртіптік жауапкершілігі қаралды. Ол өз уақытында жұмысын толыққанды аяқтамаған әлеуетті өнім берушіні заңнамада көзделген мерзімде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа жүгінбеген. Осындай олқылықтарға жол бергені үшін әдеп жөніндегі кеңес округ әкіміне «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза беруге ұсыныс жолдап отыр.
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы А.Шілманов аталған лауазымды тұлғаларға орын алған кемшіліктер мен бұзушылықтарды алдағы уақытта болдырмау, бюджет қаражаттарын заңнама талаптарын сақтай отырып қолдану және жұмсау жөнінде атап өтті. P.S Қазіргі таңда прокурорлық қадағалау нәтижесінде жоғарыда аталған кемшіліктер мердігерлер тарапынан қалпына келтірілген.

Назгүл НАЗАРБЕК