Ол екі бап бойынша күдікті саналып отыр
Ол екі бап бойынша күдікті саналып отыр
«Ешқайда кетпеу туралы қол­хатты талап еттім. Прокурор үй­қамақты жөн көрді», – деді оның адвокаты Әнуар Байдаров. Алматы қалалық Полиция департаменті әлеуметтік желілерде ұлттық сипат­тағы жазбаларымен танымал бол­ған блогер Марғұлан Боранбайдың Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша күдікті саналып отыр­ғанын растаған. Бұған дейін Поли­ция департаменті «Ол ҚК 174-бабы 1 және 2-тармағында көрсетілген «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нә­сілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты тудыру» және Қыл­мыс­тық кодекстің 179-бабы 2-тар­мағында көрсетілген «Билікті ба­сып алуға үгіттеу және шақыру» бойын­ша күдікті деп танылды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамал­ды», – деп мәлімдеген.
Мәлімдемеде күдіктінің қыл­мысын анықтау ісі бойынша қажетті барлық сараптамалар жүргізілгені де айтылған. Сондай-ақ жақын арада қылмыстық іс бойынша про­цессуалдық шешім қабылданып, сотқа дейінгі тергеу жұмысының қалай өтетіні белгілі болатыны да сөз болды.
Биыл 26 ақпанда қоғам бел­сендісі Татьяна Руштан ІІМ-ге ша­ғым түсіп,  Қазақстандағы «ұлтшыл­дарға» украиндықтар дем беріп, делебесін қоздырып жүр деп негізсіз тұспал жасайды. Жағдайға өзінше сараптама жасаған ол «Facebook-тың қазақстандық сегментінде бүгінде адамдар ызалы, долы күйге дейін жетті. Алайда құқық қорғау органдары жұрттың ұлттық ар-намысына тию фактісінің бірде-бірін анықтамады, жазаламады. Біз сізден барлық айыпты адамдарды тауып, заң жүзінде жазаға тартуды сұраймыз! «Ұлттық патриоттардың» бірі – Марғұлан Боранбай. Ол «Қазақстан тек қазақтар үшін ғана» деп санайды. Бұл ретте оның Youtube-тегі бейнежазбаларына және каналына назар аударуды өтіне­мін», – дейді өз шағымында. М.Боранбай сол кезде поли­цейлердің уысына іліккен көрінеді. Одан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынған. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз блогы арқылы жауап беріп, қылмыстық істің барын растады. «Ішкі істер министрлігі тұрақты түрде ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізіп, жарияланған материалдарда қылмыстық құқық­бұзу­шылық құрамының және ны­шаны­ның бар-жоқтығын қарайды. Ондай фактілер анықталса, сот­қа дейінгі тергеу жүргізіледі. Мы­салы, өтініште баяндалып отыр­ған факт бойынша Алматы қала­сының Полиция департаменті М.Боран­байға қатысты сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыруда», – деді ведомство басшысы.
ІІМ Т.Руштың өтініші тір­келіп, аталған қылмыстық іске қосу үшін Алматының Полиция де­партаментіне жолданғанын хабарлады. Министрлік тергеу барысы туралы ақпаратты ұсынудан сол кезде бас тартты. Ал енді по­лиция Марғұлан Боранбайды қамау­ға алғанын жариялады.
Өндіріс аясында қажетті сарап­тамалар жүргізілгені де хабарланды. «Жақын уақытта қылмыстық іс бо­йынша процессуалдық шешім қа­был­данады және сотқа дейінгі тер­г­еу кезеңіне бұлтартпау шарасын тағайындау мәселесі шешіледі», – деді Полиция департаменті. 
Ал адвокат Әнуар Байдар әлеу­меттік желідегі парақшасында Мар­ғұлан Боранбайға қатысты қозғалған қылмыстық іс тапсырыспен жасалуы мүмкін екенін айтты.
«Қылмыстық кодекстің 179-бабы бойынша қозғалған іс менің қор­ғауымдағы азаматты қамау үшін қолдан жасалып отыр. Бұл заң­ды дөрекі бұзу болып са­нала­ды. Мен жалған куәлік бер­ген сарапшыны, тергеушіні қылмыс­тық жауапкершілікке тартуға ұм­тыламын. 2019 жылы көктемде қоз­ғалған іс тоқтап қалып, бүгін қай­та басталып отыр», – деді ол. Адвокаттың айтуынша, егер кү­дікті осы бап бойынша кінәлі деп танылса, жеті жылға бас бос­тан­дығы­нан айырылуы мүмкін.
Марғұлан Боранбай 1993 жылы адам өлтіргені үшін 15 жылға бас бос­тандығынан айырылып, ара­да 10 жыл өткенде туберкулез коло­ниясынан шартты түрде уақытынан бұрын босап шыққан.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ