55 күнде салынған аурухана дертке тосқауыл бола ала ма?
55 күнде салынған аурухана дертке тосқауыл бола ала ма?
166
оқылды
Ел денсаулығын сақтауға елеу­лі үлес қосады деген үлкен үміт арты­лып отырған аурухананың ашылуына келген Алматы облысы­ның әкімі Амандық Баталов өзі­нің құттықтау сөзінде жобаны бел­гіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырған мердігер ұйымға алғысын айтып, дәл қазіргі кезде барлығымыздың ортақ міндетіміз халық денсаулығын көздің қара­шығындай сақтау екенін айрықша атап өтті. – Мемлекет  басшысының ха­лық денсаулығын сақтауға бай­ланысты жүктеген міндеттерін орын­дауға сәйкес, Алматы об­лысының ор­та­лығында салынған жұқпалы ау­руларға қарсы тұратын заманауи модульдік  аурухананы  пайдалануға беріп отырмыз. Бірін­ші кезекте күндіз-түні тынбай, үш ауысымда жұмыс істеген және 55 күн ішінде аса маңызды нысанды ел игілігіне ұсынған мердігер ұйымға халық  атынан алғыс айтқым келеді. Жаңа аурухана бүгінгі күннің бар­лық талабына толықтай жауап береді. Адам өмірін сақтап қалу, денсаулығын түзету үшін заманауи, соңғы шыққан құрал-жабдықтар орнатылған, мықты деген мамандар қызметке алынған. modyldi ayryxana Бірлесе күш жұмсаудың арқа­сында қауіпті жұқпаға тосқауыл қойып, індетті жеңетінімізге кә­міл сенемін. Өйткені мемлекет та­ра­пынан барлық жағдай жаса­лып, қолдау көрсетілуде. Биыл облыстағы денсаулық сақ­тау нысандары құрылысына 12 млрд теңге бөлінді. Болуы мүм­кін коронавирустың екінші толқы­ны­на дайындыққа 7,3 млрд тең­ге қарастырылды. Өңірдегі меди­цина қызметкерлеріне қажет­ті қолдаулар тұрақты түрде көрсе­тіле­ді. Келесі жылы облыс орта­лығында  денсаулық сақтау саласы  қызметкерлеріне арналған 60 пә­терлі үй салынады. Сонымен бірге коттеджді қалашықтан ме­дицина қызметкерлеріне арнап 47 үй бөлу мәселесін ойластырып жатырмыз, – деген Амандық Ғаб­басұлы ел-жұрттың амандығы жо­лында аянбай тер төгіп жүрген, әсі­ресе елді жайлаған қауіпті індет кезінде ұйқы мен күлкіні ұмытып, уақытпен санаспай еңбек еткен ақ желеңді абзал жандарға алғысын жеткізді. palata Жаңа инфекциялық аурухана­ның жұмысы мен жабдықталуы жайында мердігер ұйымның өкілі Арман Қабылқас жан-жақты әң­гімелеп берді. Оның айтуына қарағанда, қазіргі заман талабына сәйкес жаңа ауруханадағы қыз­меттік үдерістің басым бөлігі авто­маттандырылған және ци­фр­лан­дырылған. Басты назар осын­­да жұмыс істейтін медицина қыз­меткерлерінің ауруды өздеріне жұқтырып ал­мауына және жұқ­паны одан ары та­рат­пауына аударылып, басымдық берілген. Осы мақсатта аурухана «таза» және «лас» аймақтарға бөлін­ген. Таң­ертең жұмысқа келген медицина қызметкерлері «таза» аймаққа кіреді. Киінетін жерде киімдерін ауыстырып, жеке қорғаныс құ­ралдарын алғаннан кейін ғана «лас» аймаққа енеді. Жұмыс ауы­сымы аяқталғаннан кейін дә­рігер немесе мейірбике барлық қа­уіп­сіздік шарасын сақтай отырып, жеке қорғаныс құралдарын жойып, жуынып, киініп алғаннан кейін барып ауруханадан басқа есіктер арқылы шығып кетеді. Мұндағы тағы бір ерекшелік – барлық пала­тада орнатылған желдеткіштер  жү­й­есі. Желдеткіштер арқасында палатаға жиналып қалған ауа есіктер ашылған кезде дәлізге тарамай, қысымның күшімен ультракүлгін сәулелер арқылы тазалаудан өткізіліп, дренаждық жүйеге кетеді. Дәл осындай ауаны тазалау жүйесі барлық палатаға және жансақтау бөлімі мен зерт­ханаларға да орнатылған. Со­нымен бірге аурухананың меди­цина қызметкерлері бірыңғай ақ­парат­тық жүйеге қосылған план­шеттермен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде әрбір дәрігер, әр­бір мейірбикенің әр емделушінің жағдайын тұрақты бақылауда ұс­тап, ақпараттарды жаңалап оты­руына, консилиум аясында әріп­тестерімен кеңесуіне мүмкіндік береді. Жансақтау бөліміндегі әр төсектің үстіне де бірыңғай жүйеге жалғанған бейнекамера қойылған. Соның арқасында кезекші оператор монитор арқылы әр науқастың жағдайын көріп отырады. Аурухана диагностикалық және зертханалық құралдарды қоса алғанда, ең соңғы үлгідегі заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіл­ген. Олардың қатарында ком­пью­терлік томограф, сандық рент­­ген, жылжымалы рентген, 20 өкпені жасанды желдету,  викро­каустикалық, гемодиализдік ап­парат­тар, биохимиялық, клиника­лық және жедел-зертханалық жаб­­дықтар бар. Басқа да қажетті құрал-жабдықтармен толық қам­тылған. Жаңа аурухана аса қауіпті жұқ­палы ауруларды емдеуге арналған және қажет болған жағдайда госпиталь ретінде де пайдалану мүмкіндігі  ойластырылған. Жо­баның жалпы құны – 7,5 млрд тең­ге. Оның ішіне құрылыспен қоса меджабдықтарды, жиһаздарды алу мен орнату, маңын абаттандыру да енеді. Аурухананың аумағы – 6,8 мың шаршы метр.  

Болат АБАҒАН,  Алматы облысы