Қарағанды облысы қысқа дайын
Қарағанды облысы қысқа дайын

Қарағанды облысында 6816 көпқабатты тұрғын үйдің 4659-ы жылу жүйесіне қосылды. 1397 әлеуметтік-мәдени тұрмыс нысандарының 1181-не жылу жіберілді.

2018 жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша бюджеттік несиелендіру арқылы облыс орталығында 4 магистралды жылу желісі қайта жөндеуден өтті. Биыл осы бағдарлама аясында республикалық бюджеттен Қарағанды және Жезқазған қалаларын жылумен жабдықтау жобаларына қаражат бөлінді. Ұзындығы 5,5 шақырым магистральды жылу желілерін қайта жаңарту қарастырылған.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек облыс орталығының алдағы қысқа дайындығын тексерді. Бүгінгі күні ауруханалар, мектептер, балабақшалар жылыту жүйесіне қосылған. Биылғы жылы жылу беру маусымы әдеттегіден ерте, 28 қыркүйекте басталды. Жұмыс сапары барысында Жеңіс Қасымбек қаланың коммуналдық кәсіпорындарына барды. Өңір басшысы олардың аязды күндері жылу мен су беруге дайындығын, сондай-ақ қала көшелерін қардан тазартуға әзірлігін тексерді.

Өңір басшысы Қарағанды қаласындағы ЖЭО-1 мен ЖЭО – 3-те болды. Биыл екі кәсіпорынды жөндеуге 5 723,5 млн. теңге жұмсалды. Оның ішінде төрт миллиарды - негізгі жабдықтарды күрделі және кеңейтілген жөндеуге жұмсалды. Қалғандары қосалқы жабдықтар мен ғимараттарды ағымдағы жөндеуден өткізуге бөлінді.

-              Қазіргі таңда жоспарлы жұмыстардың бәрін тәмамдадық. 2365 көпқабатты үйдің 98 % дайын. 49 проблемалық үй қалды. Күн суытуына байланысты қазір мерзімінен бұрын жылу бердік. Қыркүйектің 28 - нен бастап Пришахтинск, Сұрыптау елді мекендері жылуды бірінші болып алады. Жалпы алғанда, ешқандай қиындық жоқ,-деді Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров.

Сонымен қатар, аймақ басшысы қаланы қардан тазарту мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Жеңіс Қасымбек Қазыбек би ауданындағы көшелерді тазалауға жауап беретін «Тазалық эксперт» ЖШС жұмысымен танысты. Қыста кәсіпорын қызметкерлері көлік жүретін жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазартатын болады. Мекеменің қарауында 173 бірлік техника бар, оның 15-і осы жылы сатып алынған. Алайда, қар қарқынды жауған кезеңдерде қаланы тазалауға қосымша, жалға алынған көліктер жұмылдырылады. Кәсіпорын жұмысшыларға қажетті құрал-саймандармен, қысқы униформа жиынтығымен, қыс мезгілінің алғашқы айларына қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген. Жолдарға себуге арналған 15 000 тонна құм-тұз қоспасы сатып алынды.

Облыс әкімі сондай-ақ «Қарағанды Су» кәсіпорнында болды. Ол ауыз судың сапасын қадағалайтын мекеменің жабдықталуын, су тазарту құрылыстары мен зертханасын аралап қайтты.

Жеңіс Қасымбек сапарын Теміртау қаласында жалғастырып, шаһардың жылу маусымына дайындығын тексеріп қайтты. Бүгінгі таңда Теміртауда 1163 көпқабатты үйдің 947-і жылу беру маусымына толық дайындық актісін алды. Алдағы күндері тағы 20 үй құжат алады. Қысқа дайындық кесте бойынша жүріп жатқандығына көз жеткізу үшін Жеңіс Қасымбек Қарағанды ГРЭС– 1-де болып қайтты. Биыл кәсіпорын 600 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл ақшаға үш қазандық, екі турбоагрегат, бу құбыры мен құбырлар, крандар мен қосалқы құрылғылар ретке келтірілді. Өңір басшысы жөндеу жұмыстарына жұмсалған соманы жеткіліксіз деп атап өтті. Ол электр станциясының басшыларына инвестициялық саясатты қайта қарауға кеңес берді. Сондай-ақ, жаңа жабдықтарды сатып алуға және қолда бар жабдықтарды жөндеуге көмек көрсету нұсқаларын ойластыруға уәде берді. Теміртау ЖЭО-2-де облыс әкіміне жылу беру маусымына дайындық туралы баяндалды. Мұнда № 5 және 6 қазандықтарда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, №4 қазандықтың бітеу арматурасы мен қызу беті ауыстырылды, №3 турбина ретке келтірілді. Кейбір нысандарда жөндеу әлі жалғасуда. Биыл кәсіпорын жаңа, жетінші қазандықты монтаждауға кіріседі. Ол үшін іргетас дайын. Бұл Теміртаудағы жылу тапшылығының көп жылғы проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Өңір басшысы қаланың жылу маусымына дайындығын жеке бақылауда ұстауға уәде берді.

Жеңіс Қасымбек сонымен қатар қала кәсіпорындарының басшыларымен кеңес өткізді. Онда жаңғырту, тарифтер, қызметкерлердің жалақысын арттыру және басқа да мәселелер талқыланды. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Парамжит Калон металлургиялық комбинатты газға көшіруді ұсынды. Оның айтуынша, осылайша өндіріс арзан әрі экологиялық болады. Ол үшін Қазақстан Үкіметі, «АрселоМиттал Теміртау» және Еуропалық Қайта Құру және даму банкі арасында шарт жасасу қажет. Кәсіпорынның толық жұмыс істеуі үшін күніне миллион текше метрге дейін газ қажет болады.

- Бұл өте қызықты ұсыныс. Сіз сұраған көлем өте үлкен. Бізге нақты есептер қажет. Бұл қауіпсіздік пен экологияны және жаңғыртуды қозғайтын маңызды мәселелердің бірі, - деп жауап берді Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы кәсіпорын басшыларына қызметкерлердің жалақысын көтерудің маңыздылығы мен медициналық сақтандыру қорына міндетті аударымдардың қажеттілігі туралы еске салды.

Қарағанды өңірінің жылу маусымына дайындығын аймақ басшысы аппарат жиынында жеке қарады. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке облыстың жылу беру маусымына дайындығы туралы баяндалды. Кенді өлкенің бірнеше қалаларында ірі қазандықтар мен жылу энергия орталықтарында жөндеу, қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде олардың жартысынан көбі дайын.

Қарағанды қаласында ЖЭО-1 және ЖЭО-3-те барлық негізгі жұмыстар толығымен аяқталды. Инженерлік желілер де 100% дайын. 2365 тұрғын үйдің 2316-і жылу беруге дайындық актісін алды. Қалған 49 көпқабатты тұрғын үйде жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жөндеу жұмыстары аяқталуда. Дайындық төлқұжаттарын олар алдағы 10 күнде алуы тиіс.

- Қазіргі таңда 9 станцияның бесеуі дайын. Олар Топар бас энергия тарату станциясы, Қарағандының №1 және №3 жылу электр орталығы, Балхаш және Жезқазған жылу электр орталығы. Қалған төртеуінде жұмыс жүріп жатыр,-деді облыстық атом және энергетикалық қадағалау және бақылау департаменті басшысының м.а. Жалғас Шөгелбаев.

- Жылыту маусымы маңызды мәселелердің бірі. Мен оны тұрақты бақылауда ұстауды сұраймын. Дайындық жұмыстары белгіленген мерзімде жүргізілгенін көріп отырмын, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Аймақ басшысына Шахан және Ағадыр кенттеріндегі қазандықтар құрылысының барысы туралы Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов баяндады. Оның айтуынша, бұл жұмыстар кесте бойынша жүріп жатыр.

- Бүгінгі таңда тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандар 91% дайын, жоспар бойынша 95%. Саран мен Қарқаралы ауданы кестеден қалыс қалуда. Ақтоғай ауданына да жұмыстарды шрату қажет. Барлық қалалар мен аудандарда мемлекеттік мекемелер мен халық үшін көмір тасымалданады. Қажетті көрсеткіштің 80% қамтамасыз етілді, - деді Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Шет ауданының Ағадыр кентіне автономды жылыту жүйелерін жертөлелерден шығару жұмыстары жалғасуда. Қазір тұрғын үйлердің жанында орналасқан бес жаңа ДЖО-да қаңқалар мен жабдықтардың монтажы аяқталды. Қазан айының басында инженерлік желілер монтажын аяқтау жоспарлануда. 

Облыс әкімі сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге арналған көмір қорының көлеміне қатысты да сұрақ қойды.

- Тұрғындар жергілікті әкімдерге жолығып, мәселені жеткізу мүмкін емес деп шағымдануда. Сондықтан әлеуметтік желіде белсенеді болыңыздар. Бұл бірінші кезекте өздеріңіз үшін маңызды,-деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Көмір құны және қатты жағармаймен қамтамасыз ету барысы да назарда. Қара алтынның құны өткен жылмен салыстырғанда 500-600 теңгеге қымбаттаған. Облыс әкімі арнайы комиссия құрып, бағаны қадағалау барысын үдету керектігін ескертті.

- Тұрмыстық көмір өте өзекті мәселе. Алмас Айдаров өз қадағалауыңызда ұстауыңызды сұраймын. Өткен жылы бағаны тұрақты ұстап тұруда ірі компания тер төкті. Резонанс тудыратын сұрақ. Сондықтан мұны басты назарда ұстаймыз. Сондай – ақ, жылу беру маусымын аудан, қала әкімдеріне жиі қадағалауды тапсырамын,-деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қазір өңірдің барлық елді мекендерінде қатты отын сатылуда. Сату шілде айында басталды. Сауда нүктелерінде кезек пен дүрлікпе жоқ. Облыс тұрғындары Шұбаркөл көмірінің тоннасын 10 100 теңгеге сатып ала алуға болады, «Сәт Көмір» маркалы көмірді фракциясына байланысты 6000-6500 теңгеден сатады.

– Жеке секторда түсіндіру жұмыстарын мықтап қолға алу керек. Улы газдан адамдардың тұншығып қалу қаупі осы кезде арта түседі. Өткен аптада міне, осындай жағдайлар болыпты. Бұл өте өзекті мәселе,- деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Облыста көмір нарығындағы дүрлігуге жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар жасалуда. Сатып алушыларға ыңғайлылы болу үшін өңірде көмір жеткізу жөніндегі call-орталық ашылды және сайтта өтінімдерді алыстан қабылдау ұйымдастырылды.  Көмір алуға ұзын-сонар кезек болдырмау үшін онлайн-жеткізу қызметі арқылы көмірді сатып алу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Әкім орынбасары жаңа қызмет туралы айтып берді. 

- Қазір көмір маусымының қызу кезеңі басталды. Біз жаздан бастап халықты отынды алдын ала сатып алуға шақырдық. Ұсыныстар жеткілікті болуы үшін жеткізушілермен жұмыс істедік. Өткен жылы бұл тәжірибе сәтті жүзеге асырылды. Алайда, біз шілде мен тамыз айларында өткен жылға қарағанда аз көмір сатып алынғанын көрдік. Мүмкін, бұл жаздың ыстық болуымен байланысты болар, - деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.

Shubarkol.kz сайтында Шұбаркөл көмірін сатып алуға онлайн тапсырыс жасауға болады. 7543 нөмірімен облыстың барлық тұрғындары үшін қолжетімді call-орталық жұмыс істейді. Онлайн-тапсырыс бойынша көмірдің бір тоннасы 10 100 теңгені құрайды. Жеткізу төлемі мекенжайға байланысты 5 000 теңгеден басталады. 
- Біз көріп отырғанымыздай, бүгінгі таңда бұл ең арзан баға. Бұған қоса, көмірдің сапалы болуының кепілі болып табылады. Жеткізу кезінде банк картасы арқылы немесе қолма-қол ақшамен төлеуге болады, - деп атап өтті Алмас Айдаров.

Биылғы жылы облыста 37 млн тонна көмір өндіру жоспарланып отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 млн тоннаға артық. Жалпы көлемнің 4,5 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық көмірге тиесілі, ал 1,3 млн тоннаны қарағандылықтар тұтынады.  Мониторинг мәліметтері бойынша, жеткізу негізінен күнбе-күн, кейбір жағдайларда ары кетсе екі тәулікке созылады. Сатып алушылардың қалауы бойынша нақты бір белгіленген күні жеткізуге тапсырыс беруге болады. Облыс әкімінің айтуынша, Қарағандының ең ірі пунктінде күніне 120-130 машина жөнелтіледі. Облыс орталығында қосымша Пришахтинск шағын ауданында, Верещагин көшесі, 1/1 мекенжайы бойынша көмір сату нүктесі ашылды.

Қарағанды облысы әкімдігінің сайтында көмір сату нүктелерінің интерактивті картасы бар Оның көмегімен пайдаланушылар ең жақын нүктені оңай анықтай алады, сонымен қатар тұтынушылар қатты отынның құны туралы біле алады.Көмірге байланысты сұрақтар мен шағымдар бойынша облыстық call-орталыққа +7(7212) - 42-10-88 нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Жеңіс Қасымбек қатты отынның бағасын бақылап, негізсіз қымбаттауға жол бермеуді тапсырды.


Ләззат Қожахметова,

Қарағанды облысы