«Астана Балеттің» жексенбілік кеші
«Астана Балеттің» жексенбілік кеші
117
оқылды
«Біз үйде оқшауланып отырғанда, дәрігерлер жұмыс орнында қалып, адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін жан аямай күресті. Сол себепті біз жаңа маусымның алғашқы 10 концертін медицина қызметкерлеріне арнап, осылайша алғысымыз бен құрметімізді білдіргіміз кел­ді», – деді «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов. Астаналық театр әртістері екі бөлімнен тұратын концерттік бағдарламасын тарту етті: Рикардо Амарантенің LoveFearLoss бір актілі балеті мен «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті. Осы хореографиялық топтамаға Айгүл Тәти, Анна Цой, Зауырбек Райбаев, Дәурен Әбіров сынды кешегі және бүгінгі қазақстандық балетмейстерлер қойған 13 би миниатюрасы енген. «Астана Балет» театрының хореографы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти: «Біздің хореографиялық тартуымыз шынайы құрметтен туындап отыр. Біз бұл өнердің емдік қасиетіне сенеміз. Ол рухыңызды асқақтатып, жаныңызды жадыратады. Қазіргідей күрделі кезеңде мұның өзі өте маңызды», – дейді. «Астана Балет» театрының жетекші солисі Айжан Мұқатова: «Қиындыққа төзіп, өз өміріне төнген қауіпке қарамай, дәрігерлік міндетін адал атқарып жүрген адамдарға деген құрметім шексіз» деген пікірін жеткізді. 700-ден астам адамға арналған көрермен залы бұрынғыдай емес, өзгешелеу көрінді: астаналық санитар дәрігердің қаулысына сәйкес спектакль аудиториясы 50 адамнан аспауы тиіс. Алайда осыншалықты бос залдың өзінде концерттен кейін әртістерге көрсетілген қошемет өте зор еді. «Ерекше эстетикалық ләззат алдым. Әртістердің пластикасы қандай, шіркін?! Заманауи өрнектерге бай ұлттық нақыштағы би қандай?! Бәрі өте әдемі, өте әсерлі болды. Талантты әртістеріңіз қуанышты көңіл күйімен бөлісті. Мұны әр көрермен сезінгеніне шүбәм жоқ», – дейді қалалық фтизиопульмонология орталығының дәрігері Гүлнәр Аманжолова.
Театр 10 қайырымдылық кешін өткізуді жоспарлаған еді. Әзірге 6 концерт өтті. Қараша айында театр Қарағанды мен Семейде тағы 4 қайырымдылық концертін өткізбекші.  

Н.ЕРЖАНҚЫЗЫ