Ақсуда Ілияс ақынның тойы басталды
Ақсуда Ілияс ақынның тойы басталды

Жыр жампозы, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай туған жері Алматы облысының Жансүгіров кентінде ақынның 5 метрлік еңселі ескерткіші орнатылды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Дүбірлі тойдың беташары болған салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері, меценат Жақсылық Үшкемпіров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, танымал журналист Нұртілеу Иманғалиұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек және бірқатар қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, аудан халқы қатысты.

Ескерткіштің шымылдығы түсіріліп, ақынға тағзым шаралары атқарылғаннан кейін сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов дүбірлі тойдың басталуымен барша қауымды құттықтады.

– Бүгін туған жерінің төрінен Ілияс ақынға арналып еңселі ескерткіші орнатылып отыр. Бұл – елінің тарлан талантқа деген құрметі, ерен ерге деген тағзымы деп білеміз. Ақын шығармаларынан Құлагердің дүбірі, даланың жыры, қобыздың үні, домбыраның күмбірі есіп тұрады. Осы даналық ізі, ұлылық биігі – ұрпақтың ойына қуат, бойына нәр беретін баға жетпес байлық. Бұл орайда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы әлеуметтік-мәдени салалардың тың серпінмен дамуына ерекше ықпал етіп отыр. Меценаттардың экономиканың басқа салаларымен қатар, мәдениетке қолдау көрсетуі руханиятқа қызмет еткені деп түсінеміз. Әсіресе, кәсіпкер азаматтар бағдарламаны жүзеге асыруға, туған жерін көркейтуге белсене атсалысып келеді. Бүгінгі шара – соның айқын көрінісі,– дей келе, осындай игі істің атқарылуына мұрындық болған меценат пен мүсіншінің еңбегін ерекше атап өтті.


Мұнан соң сөз алған ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлы қазақтың маңдайына біткен үш арысының – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің бөлінбейтін үш тұғыр екендігін еске сала отырып, бұл мерейтойдың ілиястану саласына тың серпін, жаңа бір тынысын ашып бергенін айтты. Ақынның 20 томдығын шығару, «Ілияс ізімен» экспедициясын құрып, Мәскеуге сапарын ұйымдастыру шараларына қолдау көрсеткен, мерейтойдың кең көлемде, жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған облыс басшылығына көптің атынан ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ ақынның тойы бұдан әрі Талдықорғанда, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен Түркияда өтетінін айтты. Ескерткіш алдында ақын тойына жолдаған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың құттықтау хаттары оқылды. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып бүгін алаш арысының тұғырына қайта қонған тарихи күні екенін айта келіп, ақынға өлең арнады. Ал жетісулық ардагер, Алматы облысының Құрметті азаматы, қарымды қайраткер Наурыз Қылышбаев ақынның «Жетерміз бе тілекке» атты өлеңін тағдырымен ұштастыра отырып оқып, мұрасының мәңгілік екенін атап өтті.

Осы жиынға Қызылжар өлкесінен арнайы келген Бейімбет Майлиннің немересі Дәмен Әбілқасымқызы да сөз алып, кезек-кезегімен тұтқындалып кеткен үш арыстың артында қалған жұбайларының бір-бірінің балаларына қалай қамқорлық танытқаны, қиын сәттерде бір-біріне сүйеу, демеу бола білгені туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. «Сәкен, Бейімбет, Ілияс аталарымыздың тойы – барша қазақтың ортақ тойы», - деді Д.Әбілқасымқызы.

Атап өтсек, Жансүгіров кентінің орталық алаңына қойылған еңселі ескерткіштің авторы – Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, мүсінші Қазбек Дулатов. Ескерткіштің дайындалуына қаржылық қолдау көрсеткен меценат – Молдияр Нұрбаев.

Бұдан әрі той Жансүгіров кентіндегі орталық стадионда театрландырылған шарамен жалғасты. Мерейтой аясында ақынның «Құлагер» шығармасы белгілі режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Сәулебек Асылханұлының сценарийімен дайындалып, режиссерлігімен сахналанды.

Айта кетейік, мерейтойлық шаралар Талдықорғанда жалғасып, той қонақтары музей, кітап, сурет көрмелерін тамашалайды. Ақын шығармаларының 20 томдығының тұсауы кесіліп, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталады, сондай-ақ «Талдықорған» ипподромында ұлттық ат спорты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, І. Жансүгіров Мәдениет сарайында мерекелік концерт болады.