Көк аспандағы қозғалыс

Көк аспандағы қозғалыс

Азия мен Еуропа мәдениеті екі аралық тәрізді. Еуропа туристері музей мен қала мәдениетіне қызығады. Архитектуралық өнер туындыларын тамашалағанды ұнатады. Туристердің көпшілігі Азияны аралағанда билет пен ыңғайға назар аударады екен. Қай ел тиімді баға ұсынады, соған тартып отырады. Мұндайда мәселе қайта айналып елдегі әуебилетінің арзан-қымбатына тіреледі.

Қазақстан 26 мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша түйіседі. Яғни, елімізде аптасына 26 шетелдік және 3 қазақстандық әуекомпания 430 рейс жасайды. Индустрия және инфрақұ­ры­­лымдық даму министрі Бейбіт Атам­құловтың мәлімдеуінше, шетел­дік тасымалдаушылар үшін «ашық аспан» режимін енгізу ке­рек. Сонда ел мен елдің ара­сында әуебайланыс орнап, қа­шықтық қысқарады.

Министрдің айтуынша, 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласы «ашық аспан» режиміне көшкен. Нәтижесінде, үш жылда 19 жаңа маршрут ашылған. Оның ішінде Токио, Варшава, Будапешт, Хель­синки бар. Сондай-ақ астанада Мәскеу, Стамбұл, Лондон мен Бей­жіңге ұшу жиілігі өскен. Мұ­ның бәрі сәтті режимнің жемісі. Ендігі мақсат – Сингапур, Шан­хай, Нью-Йорк сияқты ірі қа­лаларға рейс ашу. Қазақстандық тасымалдаушылар осы бағытта жоспар бойынша әрекет етіп жатыр. Атамқұловтың сөзінше, Алматы, Шымкент, Өскемен, Пав­лодар, Көкшетау, Тараз, Пет­ропавл, Семей әуежайына «ашық аспан» режимі енгізіледі.

Бірқатар шетелдік әуеком­па­ниясы Қазақстан нарығына шы­ғуға ниетті. Мысалы, 2021 жы­лы Дубайдың атақты Emirates-і ке­леді. 2020 жылы елімізде Qatar Airways жұмысын бастамақ. 2021 жылы China Eastern-нің арқ­а­сында Шанхайға жол ашылады. Сонымен бірге Орал әуежелісі, Победа мен тағы басқа әуе ком­паниялары келеді деген болжам бар.

Осындайда «Қазақстан көгін­де бұрындары шетелдік әуеком­паниялары рейс жасамады ма?» деген ой туады. Жұмыс істеген. Осыдан бірнеше жыл бұрын Австрия мен Чех әуежелісі мен KLM ел игілігі үшін қызмет ет­кен. Мәселен, КLM әуекомпания­сы Амстердам – Нұр-Сұлтан/Алматы бағытында жолаушы та­сымалдаған. Бастапқы келісім бойынша екі ел аптасына 7 рейс жасаған. Компания ел нарығынан кетуіне себеп ретінде экономи­ка­лық жағдайды көрсетіпті. Бірақ Air Astana арқылы Нұр-Сұлтан – Париж бағыты бойынша байла­ныста екенін жазған. Сондай-ақ Қазақстан – Еуропа нарығындағы бәсекенің жоғары екенін, ұлттық валютаның құбылмалылығын қосқан.

Доллар көтерілсе, мұнай құ­ны­ның түсетіні немесе керісінше, болатыны бәрімізге белгілі. Ал әуебилет бағасы тікелей керо­­синге байланысты. Бағаның 20%-нан астамын авиа отын шы­ғыстары құрайды. «Мұнай өнiм­дерiнiң жекелеген түрлерiн өн­дi­рудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» заң қабылданғаннан бастап Үкімет авиациялық керосин бағасын реттеуден босатылды. Салдары Қазақстанның ішкі нарығында авиациялық керосиннің жетіс­пеуіне әкелді. Бақылауда ұстама­ғаннан кейін «бармақ басты, көз қыстыға» айналды. Билет бағасы қымбаттап, әуе нарығында ала­геуім туды. Елдегі шетелдік ком­паниялар жүгенсіз жерден тізгін тартқанды жөн көрді.

Содан бері әуе нарығында бірнеше серпіліс болды. Шетел­ден керосин тасымалдау да бір ар­наға түсті. Президент Жолда­уында әуебилетінің қымбат еке­нін баса айтты. Үкімет билет құ­нын түсіру жөнінде шара қолда­нып жатыр. Жақында өткен оты­рыста Үкімет басшысы авиа­керосинге баға белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды. Тапсырма алғандар – Ұлттық экономика, Энергетика, Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму минис­тр­лігі. Жүктеген міндеттің аяқ алы­сын жыл соңында көретін бо­ла­мыз. Ал қазірге қуантарлығы – FlyArystan лоукостері.


FlyArystan секілді лоукос­тер­лер әлемдік әуе нарығының құраушы күші. Мысалы, AirAsia жаһанға танымал лоукостер. Тарифі жағынан да ең арзан лоукостерлер қатарында. Аталған әуекомпания 140 бағыт бойынша Азияның 23 еліне жолаушы та­сымалдайды. Әуекомпанияның Австралия мен АҚШ-қа қатынай­тын рейсі бар. Жалпы, ел мен елді жалғайтын лоукостерлер халыққа өте тиімді. Осы орайда, FlyArystan 2020 жылдың аяғына таман Мәс­кеумен халықаралық байланыс орнатады.

FlyArystan осы жылдың ма­мыр айынан бастап 450 мыңнан астам билет сатты. Билеттің 60%-ға жуығы 10 мың теңгеге дейін минималды тарифпен сатылған. Жақында Нұр-Сұлтаннан Пав­лодар, Семей және Шымкент қалаларына ұшатын жаңа рейс ашылды. Билет бағасы 5 999 тең­геден басталады. Павлодарға оп­ционды тариф 999 теңгеден бас­тап сатылды. Біріншіден, бұл – тиімді пиар. Екіншіден, әуе бә­секесінің қызуына әсер ететін фактор.

Әуекомпаниялары жыл сайын адам тасымалы туралы рейтинг жариялайды. Жолаушы ағыны­ның пайызын есептейді. Халықа­ралық әуекөлігі қауымдасты­ғы­ның аймақтық өкілі Джордан Карамалаков kursiv.kz-ке берген сұхбатында нарықты жан-жақты талайды. Әуетасымалының елдегі күйін былайша жеткізеді. «Негізгі мәселе – халықтың қозғалысына оның қаржылық мүмкіндігі шек­теу болып тұр. Мәселен, Еуропада бір адам жылына орта есеппен 1,7 рет ұшса, ал АҚШ-та тұрғын­дардың қозғалыс коэффициенті 2,5-ті құрайды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш әлдеқайда аз. Одан жолаушы ағынын ұлғайтуға қажетті негізгі әлеуетті көріп отырмын. Кірме туризм отандық авиацияны аталмыш салада жылына 14 пайыздан 16 пайызға дейін дамытуға ықпал ете алады. Қазір Үндістан мен Қытайда осындай көрсеткіш байқап отырмыз. Меніңше, Қазақстан жолаушы ағынының жылына 8-10 пайызға артуына қанағат­танбауы керек. Егер 15 пайыздан артық көрсеткішке қол жеткізе алса, онда авиациялық қатынасқа дамып кеткен елдермен арадағы қа­шықтық қысқара түспек» дейді ол.

Осындайда физика еске тү­се­ді. Физиканы әуе тіліне аударғанда қашықтық қозғалысқа, қозғалыс қаражатқа тәуелді. Ал қашық­тық­қа керосин, қозғалысқа жолаушы, қаражат тиімділігіне әуекомпания жауапты. Осы үштік жүйелі жұ­мыс істегенде, көк аспандағы қозғалыс реттеледі.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ