А.Қырықбаев: «Nur Otan» жаңа саяси дәстүрдің негізін қалады

А.Қырықбаев: «Nur Otan» жаңа саяси дәстүрдің негізін қалады

Оның айтуынша, «Nur Otan» партиясы енгізген электронды дауыс беру механизмі саяси ин­новация болды. Егер де 581 104 адам онлайн дауыс берсе, 81 583 партия мүшесі сайлау учас­ке­леріне келіп дәстүрлі тәсілді қол­данды.

– Праймериз арнайы ақпа­раттық жүйесін әзірлеу бары­сында жеті базалық қағидат ескерілді: қолжетімділік, авто­номдылық, айқындық, леги­тимділік, көп­функ­ци­оналдық және қауіпсіздік. Қарбаластың тууы мүмкіндігін алдын ала бол­жап, мамандардың ұсынысы бойынша дауыс беру кезеңін үш күнге бөлдік. Тех­никалық қиын­дықтар да туын­дады. Дауыс берудің алғашқы сағаттарында бір мезетте сайтқа партия­лық­тармен, нәти­жені бақылап отыр­ған канди­даттармен бірге сырт­тан кіргендер өте көп болды. Мұның бәрі жүйенің жұмыс істеуіне салмақ түсірді, бұл өз кезе­гінде процеске кедергі кел­тіріп, сұранысты қайта қарау уақытын созуға әкелді. IT ма­мандар туындаған қиын­дық­тарды тез арада жойып, сұра­ныстарды оңтай­ландырып, со­ның арқа­сында түрлі серверден дауыс беру мен нәтижені тексеру мүмкіндігін туғызды, – деп тү­сіндірді Арман Қы­рықбаев.
Партия хатшысының айтуын­ша, партияішілік іріктеуге қаты­сушының рейтингі анық көрі­нетін барлық ақпарат толы­ғымен ақпа­раттық жүйеге жүктеліп, көп­­ші­лікке қолжетімді.
– Үгіт-насихат кездесулері ба­ры­сында әр облыс, қала, аудан үшін әзірленген партияның сай­лауалды бағдарламасының 216 жобасы талқыланды. Тұрғындар өз ойларын ортаға салуда бел­сенділік танытып, 20 мыңнан ас­­там ұсыныс есепке алынды. Ұсы­ныстардың басым бөлігі төмен­­­дегідей болды, тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы – 21 пайыз, көлік және инфрақұ­рылым – 15 пайыз, әлеуметтік проб­лема­лар – 11 пайыз, білім беру – 8 пайыз, денсаулық сақ­тау – 7 пайыз. Өңірлердің көп­те­ген тұрғындары интернет-бай­ланыс пен эколо­гияға бай­ла­нысты мәсе­ле­лерді көтерді. Пар­тия бағдар­ламасын толықтыру барысында азамат­тардың барлық талап-тілектері ескерілетін бола­ды, – деп хабар­лады Арман Қы­рықбаев.
Жалпы алғанда, үгіт-насихат кезеңі барысында кандидаттар 1,4 млн адам қамтылған 62 мыңға жуық іс-шара өткіз­ді. Осыған байланысты, праймериз қаты­сушыларының басты назарды он­лайн форматқа аударғанын айта кеткен ләзім. Брифинг барысында Пар­тиялық бақы­лау комитетінің төрағасы, «Nur Otan» партиясы атынан Мәжіліс депутаты Павел Казанцев түрлі тәртіп­бұзу­шы­лықтар үшін 34 канди­даттың праймеризге қатысу мүмкін­дігінен айырылғанын, олардың 27-нің барлық үміткерлерге міндетті шарт болып сана­латын дебатқа қатыс­пағаны үшін шет­тетілгенін тілге тиек етті. Оның ай­туынша, науқан ереже шең­берінде өткенімен, ұйымдастыру комите­тінің жұмысында да, кандидаттардың іс-әрекетінде де кемші­ліктер болған. Биыл­ғы жылдың 17 тамызы мен 4 қазаны аралығында комитет пен барлық дең­гейдегі партиялық бақылау комис­сия­лары 30-дан астам ша­ғым мен өтінішті қарады. Праймериздің алғашқы ке­зеңі тә­мамдалғанын айтқан Арман Қырықбаев жергілікті мәс­ли­хат­тардағы партиялық тізім­ге ену­ге таласатын канди­даттар үшін пар­тияішілік іріктеу­дің аяқ­талғанын жеткізді. – Олардың рейтингісіне жа­салған сараптамадан кейін, әйел­дер мен 35 жас­қа дейінгілерге арналған квоталар еске­ріліп, пар­­­­­­тиялық тізім жасақталады. Об­лыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы мәс­лихаттарға, сон­дай-ақ Мә­жіліске баруды жоспар­лағандар үшін – күрес әлі алда. Олар кон­ферен­ция­лардағы дебат­тарға қаты­сады, – дей келе ол «Nur Otan» прай­меризінің – бұ­қаралық сая­саттың дамуына қарай жасалған үлкен қадам екенін тілге тиек етті.
– Біздің партия жаңа саяси дәстүрдің негізін қалады. Пар­тия­­ішілік  демо­кратияның  нақ­ты механизмін енгізді. Елдегі сая­си пікірталастың мәдениетін қа­лыптастырып жатырмыз. Біз прай­мериздің партия үшін ал­дағы Мәжіліс пен барлық дең­гейдегі мәслихаттар сайлауына дайындық екенін ашық айт­тық. Бізге алдағы сайлау науқанында да, билік органдарында да пар­тияның өкілі бола алатын мықты лидер ке­рек. Біз алдымызға прай­­ме­ризді ашық және бәсе­келі өткізу мақсатын қойдық. Ол мақ­саты­мызға жеттік деп ойлаймын. «Nur Otan» партиясы барлық уа­қытта да өз қатарына жаңа мү­шелерді тартуға қызы­ғушылық танытып келеді. Жаңа күштер және кәсіби мамандармен партия қата­рын толықтырып отырудың маңызы зор, – деді партия хат­шысы.
 

Әбілмансұр ЖАСАН