Абай аманаты
Абай аманаты
Адамзат өркениетінің тарихы сан мәрте дәлелдегендей, ұлы тұлғалар көбіне көненің күйреп, жаңаның бой көтеріп, қоғамның бір сападан екінші сапаға ауысар дәуірінде дүниеге келеді. Жарату­шы өз мейірі түскен ерекше жан­ның бойына нұрлы сипат дары­тып, замананың сан алуан фак­торлары оның қайталанбас дара болмысын сомдайды.

Абай Құнанбайұлы тұлғасы да – сондай аралық кезеңнің жемісі. Ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір. Ол өмір сүрген тұста қазақ қоғамы бұрынғы хандық басқару жүйе­сінен біржолата қол үзіп, «өз қолы­нан өз ырқы кеткен» алды бұлыңғыр уақытқа тап болды; көшпенділік салттары дағдарысқа ұшырап, отырықшылық өрке­ниет белгілері ентелеп ене бас­та­ды; баһадүр аламан­дықтың беті қай­­тып, заманауи білімге бет бұ­ра­тын кез туып келе жатты.

Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысын­дағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап бер­ген рухани темірқазығына айнал­ды. Үлкен білімпаз Құдайберген Жұбанов Еуропа руханиятымен салыстыра айтқандай, Абай – «өз ортасының Данте сияқты адамы», яғни халықтың дәстүрлі сөз өнерін, таным жүйесін, мінез бі­тімін түбірімен жаңаша түлет­кен санаткер. Орыстар үшін – Алек­сандр Пушкин, ағылшындар үшін – Уильям Шекспир, неміс­тер үшін – Иоганн Гете, амери­ка­лық­тар үшін – Уолт Уитмен қан­дай болса, қазақстандықтар үшін Абай да – сондай рухани ұлы тұлға. Мызғымастай көрінген Кеңес империясы құлап, тәуелсіз жас мемлекеттің негізін қалау мис­сия­сы маған бұйырғанда, тарих­тың «соқтықпалы, соқпақсыз» күрт айнымалы сәтінде хәкім Абайдың өсиетіне жүгініп, елім­нің болашағына жаңаша көзқа­распен қарағаным хақ. Байқауымша, ұлылықты ұғыну – бір бөлек те, онымен табысу және тоғысу, яғни түпсіз тереңіне бойлап, жеке болмы­сыңа жарату – өз алдына қырық қатпар құбылыс. Осыған орай, «Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?» деген сауалға ден қойғанда, әлбетте ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді десем, асыра айтқандық бола қоймас. Рас, өлең-сөзге жүйрік, ел әдебиеті­не қанық әжем Мырзабала мен анам Әлжан кішкентай күнімде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадыма барынша сіңірді. Бұл Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы болатын. Ал келешегіме бәйек боп жүрген қайран шешем мені 9-сынып бітірген соң Қас­ке­леңге өз қолымен жетек­теп апарып, Абай атындағы қазақ орта мектебінің табал­ды­ры­ғынан аттатқанда, алдымнан мүлде басқа әлемнің есігі ашылды. Ұлы ақынның есімін иеленген оқу ордасының шә­кірті болудың өзі – бір жағынан мақтаныш, екінші жағынан жауапкершілік екенін ұқтым. Әрине, біз Абайдың мектеп жасына лайықталған оқу, ғылым, адамгершілік, табиғат тақырыбындағы хрестома­тиялық өлеңдерін жұрт қатарлы жатқа айтатынбыз. Әсіресе, өзім ақынның философиялық астарға толы «Ескендір» поэма­сын қайта-қайта құмарта оқы­ғаным есімде. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғаббас Бейсенбетовке түсін­беген жерлеріме қатысты тосын сұрақтар қойып, соңынан қал­майтынмын. Бұл ынтызарлық менің көне грек әлеміне, оның билік пен даналық жүйесіне балалық қиялмен сапар шегіп, ойымның өрісі кеңеюіне едәуір септігін тигізді. Дана Абайдың «талапты ерге нұр жауар» деген қағидасын басшылыққа алып, 1958 жылы мектепті бітірген бойда тәуе­келге бел байлап, Арқа төсіне аттандым. Ар жағы – Украи­на­ның Днепродзержинск қа­ласы... Бұл менің тағдырымдағы бетбұрысты сәттің бірі бол­ғаны анық. «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел» демеп пе еді жарықтық Абай даладағы қой соңында жүрген қазақ ба­ла­сына. Ондағысы «алыс-жа­қын демей, баратын жеріңе барып, маңдай тер, табан ақың арқылы кәсіп үйрен, нәпақаңды жи» дегені ғой. Біз қарша­да­йы­мыздан еңбекқор болып өстік. Қатарластар бәріміз әке-ше­шелерімізге қолғабыс етіп, бірге еңбекке араласып, шөп шауып, мал жайлап, отын жа­р­ып, жеміс өсіріп, бақша салып, жылдың төрт мезгілінде үзілмей кезектесе келіп отыратын ша­руаны атқарысып, қара жұ­мысқа әбден төселдік. Кейін туған жерден шалғайдағы Теміртауда, «Карметком­би­наттағы» от-жалында балқыған болаттың ортасында құрыштай шыңдалдық. Кейде біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шал­қар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді. ...Тарих талқысы қызық. Абайға дейінгі заманға зер салсақ, ат жалын тартып мінген қилы заманда өмір сүрген жы­рау­лардың арқа сүйеген, сөз арнаған елтұтқасы болыпты. Әріде Тоныкөктің – кемеңгер Білге қағаны, беріде құтты қо­ныс іздеген Асан Қайғының – Жәнібек ханы, мұнан соң көмекей әулие Бұқардың – Абылай ханы, тіпті одан да кейініректе Нысанбай жы­раудың Кенесарысы үлгісінде ел басшысы мен данагөй сөз иесі арасындағы қарым-қа­тынасы ұлт тарихында Ұлы даланың әсем жарастығының айғағындай із қалдырыпты. Ал Абайдың маңдай тіреп, ой бөлісетін, назын айтатын алдияр ханы болған жоқ. Өйткені өктемдігін орнатқан империя реформаларының нәтижесінде Шыңғыс тұқымы екі тізгін, бір шылбырдан то­лығымен айырылды. Ал тіпті ақыр соңында қазақ үшін би­ліктің ең зоры, әрі кетсе болыс­тық, ауылнайлық немесе ресми кеңседегі тілмаштық қана болып қалды. Cондықтан жаны күйзелген дана Абай салмақты сөзінің бір бөлігін «қалың ел, қайран жұрты – қазағына» бағыштаса, қалған уақытта «моласындай бақсы­ның, жал­ғыз қалдым тап шыным» де­ген сарында өзімен-өзі мұңдас­ты. Ататегінде ел басқару үр­дісі бар, әкесі Құнанбайдың аға сұлтандығын былай қой­ғанда, өзі де бірнеше рет болыстық қызмет атқарған Абай билік жүйесінің мән-мазмұнын «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел», «Единица болмаса, Не бо­лады өңкей нөл» деген кон­цеп­­туалдық пайымға сыйғызды. Дауылпаз жыраулардың соңғы тұяғы, «Халық – менің шын атым» деп тұтас ғасырдың жүгін арқалаған Жамбыл Жабаев «Абайдың суретіне» атты өлеңінде өзінен бір жас үлкен рухтас ағасының ішкі дүниесіне бойлай отырып: Терең ойдың түбінде теңізі бар, Тесіле көп қарасаң, көңіл ұғар. Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей, Есіл сабаз ызамен өткен шығар!.. – деп Абай трагедия­сының шет-пұшпағынан хабар­дар етеді. Мәселе сол әр қазақтың Абайдың «тереңіне сүйсініп үңіле білуінде» жатқан жоқ па?!  

Ұлы ақынның есімін иеленген оқу ордасының шә­кірті болудың өзі – бір жағынан мақтаныш, екінші жағынан жауапкершілік екенін ұқтым. Әрине, біз Абайдың мектеп жасына лайықталған оқу, ғылым, адамгершілік, табиғат тақырыбындағы хрестома­тиялық өлеңдерін жұрт қатарлы жатқа айтатынбыз. Әсіресе, өзім ақынның философиялық астарға толы «Ескендір» поэма­сын қайта-қайта құмарта оқы­ғаным есімде. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғаббас Бейсенбетовке түсін­беген жерлеріме қатысты тосын сұрақтар қойып, соңынан қал­майтынмын. Бұл ынтызарлық менің көне грек әлеміне, оның билік пен даналық жүйесіне балалық қиялмен сапар шегіп, ойымның өрісі кеңеюіне едәуір септігін тигізді.

  Абай заманында толық бо­дандыққа душар болған қазақ жері бұтарланған, бөлшектел­ген. Қармайтын тал қалмай, ел тұңғиыққа сүңгіген. Кезінде төрт­­күл дүние тарабын тоғыс­ты­­рып, алаш жұртының ай­бы­нын асырған, мәңгілік ұйт­қы­сына айналған кіндік шаһар – Түркістан өз мәртебесін жо­ғалтқанына біраз уақыт өткен. Шын мәнінде, Абайдың иек артып, тәу етіп баратын ас­танасы да жоқ еді. Елдікті аң­саған, бірлікті көксеген да­нышпан үшін мұнан артық қасірет табылмас. Бүгінгі күні әлемді аузына қаратқан салта­натты елордасы бар егемен мемлекетте өмір сүріп жатқан оның жасампаз ұрпағы мұндай ұлттық шексіз құндылықтың қадірін біліп, маңызын түсінуге тиіс. Абайдың осы арманының орындалғанына, Есілдің жаға­сында еңселі байтақ қаланың ірге теуіп, бой көтеруіне мұрын­дық болғаныма мың да бір шүкіршілік етемін. Тәуелсіздікті жарияламас бұрын елімізде жаһандық деңгейдегі аса маңызды шешім қабылданды. Ол – Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлық. Қараңғы түнде тау қалғып, Ұйқыға кетер балбырап. Даланы жым-жырт дел-сал ғып, Түн басады салбырап. Шаң шығармас жол-дағы, Сілкіне алмас жапырақ. Тыншығарсың сен-дағы, Сабыр қылсаң азырақ, – деген жолдар арқылы Абайдың Гетемен және Лермонтовпен сөз жарыстыра отырып бейне­леген туған топырағын 40 жыл бойы сұрапыл жарылыстар арқылы астан-кестен етіп, жаппай зобалаңға ұшыратқан тажалдың үні солай өшті. Сонда халқының бейбіт тұрмысын, жеке елдік қалпын ұлықтаған дананың рухы қайта байыздаған шығар деймін. Жаңа мемлекеттіліктің не­гізін қалау барысында кө­кейімде «Өз елімді ұшпаққа қалай шығарамын? Әлемнің ең алдыңғы қатарлы жұрттарының қатарына қалай қосамын?» деген сауалдар менің ойымды онға бөліп, санамды сан-саққа жүгіртіп келеді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...». Бұл – Абайдың мәңгі жасайтын қағидасы. Мұның ғажайып үлгісін мен қаршадайымнан көзбен көріп өстім. Шамалған ауылында зұлмат заманның тауқыметін тартып, сонау жер түбінен ерік­сіз қоныс аударып келген түрлі ұлт өкілдері жапсарласа күн кешіп, қоян-қолтық араласа өмір сүрді. Олардың арасында месхет түріктері, шешендер, ин­гуштар, украиндар, немістер, қарашайлар бар еді. Біз өзіміз құралпы басқа жұрт балаларын еш жатсынбай, бір үйдің бала­сындай, бір қолдың саласындай сезініп, құлын-тайдай тебісе жүріп жетілдік. Ал әкем Әбіш болса, түріне қарасаң – таулық, тіліне қарасаң – қазақшадан айырмасы шамалы бір малқар (ол кезде балқар деуші еді) отбасын үйімізге әкеп пана­латып, жұмысқа орналастырды. Ішкен асымыз, жасаған тір­лігіміз, көрген қызығымыз, шек­кен қиындығымыз ортақ болғандықтан, тез арада туыс болып кеттік. Осындай ортада өскен­діктен, адамзат баласын ала­ламайтын мінез бойыма ерте дарыды-ау деймін. Әлем тарихына үңілсең, ру мен ру, тайпа мен тайпа, одан әрі ұлт пен ұлт, содан соң мем­лекет пен мемлекет арасындағы ірілі-ұсақты кикілжіңнің кө­бінің ар жағында Адам Ата мен Хауа Анадан тараған жұмыр басты, екі аяқты пенделердің бірін-бірі тегіне, түріне, тіліне, яғни нәсіліне қарап жатырқауы жасырынып жататын кездер жиі ұшырасады. Дініне қарай бөліну індеті де сұмдық зар­дапқа ұрындырған. Абай айтқан осындай «алты бақан алауыз­дық­тың» салдарынан талай жұрт өзара қырқыса жүріп, жер бетінен біржола жойылып кет­кені мәлім. Кеңес Одағы ыды­рауы­ның барысында және тәуел­сіздігіміздің елең-алаңын­да өз ішімізде неше түрлі іріткі салғыш, ірге бөлгіш пиғылдар оянып, сын сағаты туған кезде ел тізгінін ұстай отырып, тарихи тұрғыдан қа­лып­тасқан көпэт­ностық пен көпконфессия­лық жағ­дайын бірінші кезекте ескеру қажет­тігін аңғардым. Бір жағынан се­паратистік әре­кеттер бой кө­тергені байқалса, екінші жа­ғынан ұлтшылдық дабыл қақ­қан аласапыран кезеңдерді бастан өткеруге тура келді. Сон­дай күрделі ахуалда тү­сініс­тіктен татулыққа, ымы­ра­дан ынтымаққа қол жеткізу арқылы ғана тұтастығымызды сақтадық. «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – тө­бедегі келеді» дейді екен дана бабаларымыз. Қазір айтуға оңай, сол уақытта біз «қайтсек, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарамыз» деп арпалыса жүріп, елдігіміздің шаңырағын шайқалтпай ұстап қалдық. Тұр­мыс тапшылығын да бір тайқа­зан­нан ас ішкендей бірге еңсер­дік. Ол қазақтың кең қол­тық, ақ жүрек мейірбанды­ғы­ның және Алтай мен Атырау арасын сол қазақпен араласа жайлаған өзге ұлттардың Абай өнеге етіп қалдырған бауыр­ластығының арқасында жүзеге асты. Кезінде жер жүзінде теңдесі жоқ институт атанған Қазақстан халқы Ассамблеясының менің бастамаммен дүниеге келіп, елдегі татулық пен тұрақты­лық­тың ұйтқысына айналуы­ның өзі ел бірлігінсіз еш ұлы мақсаттың орындалмайтынын жете тү­сінгендіктен жүзеге асты деп пайымдаймын. Ел бірлігі ұранын бағзы заманнан бері талай сұңғыла бабаларымыз қайта-қайта көтеріп отырған. Сонау ХVІІІ ғасырдың өзінде Бұқар жырау: ...Егер Абылай алдында бітпесең, Атасын білмес алыспын. Көшің кетер бір жаққа, Малың кетер бір жаққа. Көш соңынан жете алмай, Есің шығар сол шақта, – деп бірлікке шақырса, Абай «Бі­рің­ді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп, ХІХ ғасырда-ақ бірлік арқылы күллі адам­зат­тың көшіне ілесе білуге ша­қыр­ды. Бұл – кемеңгер тұлғаның көре­гендігінің белгісі. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында мен әрбір сөйлеген сөзімде ел бірлігі, ұлт татулығы мәселесін ұдайы еске салып отыратыным сондықтан. Абайдың 150 жылдық мерей­тойына арналған салтанатты жиында: «Біз де бүгін ұлтішілік татуластыққа да, ұлтаралық та­ту­ластыққа да, әлемдегі барлық ел, барлық халықтармен ынты­маққа да, мәдениеттер ара­сын­дағы сабақтастыққа да Абайша қарап, Абайша қас­терлеуге ерекше мән береміз» деген едім. Осы қағида – менің еш­қашан айнымайтын өмірлік ұстаны­мымның бірі. Абай Қазақстан Республика­сының Президенті ретіндегі өкілеттігімді өз еркіммен тоқ­тату туралы шешім қабылдамас бұрын болашақ ел басқарар азаматқа қажет қайраткерлік тәжірибе мен тағылым жайын ой тезіне, көңіл безбеніне тар­тып, асықпай, зер сала қарадым. Абайдың: Бас басына би болған                         өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па                         елдің сиқын? ... Бірлік жоқ, береке жоқ,                     шын пейіл жоқ, Сапырылды байлығың,                       баққан  жылқың. Баста ми, қолда малға                     талас қылған, Күш сынасқан күндестік           бұзды-ау шырқын, – деген өкінішін қай­таламау қа­жет­тігі тағы алдымнан шықты. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат екенін есепке алмағанда, оның елдегі ішкі жағдайды саралап қана қоймай, шығыс­тың да, батыстың да тілдерін меңгергендігін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хат­шы­сының орын­басары қызметін атқарғанын, әлемдік саясаттағы Қазақс­тан­ның орнын байыптай алатын дипломаттық қырын да ескер­дім. Сондай-ақ өзім ай­рық­ша мән беріп келе жатқан ел бірлігі мәселесі мен адам­заттық құн­дылықтарды үйлес­тіру қа­білетіне сенім арттым. Өткен жылы Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын ХХІ ғасырға қарышты қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі саяси, экономикалық және мә­дени жетістіктері аясында атап өту туралы шешім қабылдады. Бұл – менің «Болашаққа бағ­дар: Рухани жаңғыру», «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты бағ­дар­ла­малық мақалаларымда қойыл­ған мақсаттарды жүзеге асыру­дың заңды жалғасы және Абай мұрасын заман сұраныс­тарына сай қайта зерделеудің маңыз­дылығын білдіреді. Уақыт бір орында тұрмайды. Ұрпақ жаңарады, қоғам жетіледі, талап өзгереді. Есіме осыдан ширек ғасыр бұрынғы, тіпті одан сәл әріректегі кезең түсіп отыр. Себебі Абайдың ойы мен сөзін күллі әлемдік ауқымда мойындату мәселесін Кеңес Одағы әлі тарамай тұрып, 1990 жылы халықаралық деңгейде көтерген едік. Бірақ ол кезде бізге құлақ аспады. Әрине, ал­дымыздан шыққан басты ке­дергі – Қазақстанның дербес мемлекет еместігі еді. Сон­дықтан асқақ тілегіміз егемендік алғаннан соң ғана қабыл болды. Абайды дүниенің даңқты тұлғаларының тізіміне енгізіп, 150 жылдық мерей­тойын ха­лық­аралық дәрежеде атап өту жөнін­дегі ұсынысымды қол­даған ЮНЕСКО ұйымының сол уақыттағы бас директоры Федерико Майор мырза кейін­нен мерекелік салтанатты ша­раларға да өзі арнайы келіп қатысты. Және бір айта кететін нәрсе, осы арада биік мәртебелі халықаралық ұйым тарапынан тұрақты тәртіпке айналған бір шарттылық бұзылды. Өйткені бұрын тек 200, 300, 500 секілді соңы бірнеше нөлмен аяқта­латын сандарға сәйкес келетін мерейтойлар ғана тізімге ілі­нетін. Жас мемлекет үшін ха­лықаралық ұйым тарапынан мұндай қолдау көрсетілуі ұмы­тылмасы анық. Абай мерейтойына әзірлік өте қиын-қыстау кезеңде қолға алынды. Экономикалық-әлеуметтік проблемалар шаш етектен болып тұрғанына қара­мастан, нар тәуекелге бардық. Арнаулы қаулы қабылдап, атқарылатын іс-шараларды тиесілі мемлекеттік құрылым­дар мойнына жүйе-жүйесімен жүктедік. Мерейтойға әзірлік жөніндегі республикалық ко­мис­сия және штаб құрылып, оны қаржылық, материалдық-техникалық, инфрақұры­лым­дық, идеологиялық, дип­ло­матиялық, ғылыми, мәдени тұрғыдан қамтамасыз етудің нақты шаралары бекітілді. Барлық жұмыстың барысын өз бақылауымда ұстадым. Жауап­ты тұлғалардың қатысуы­мен арнаулы мәжілістер ұйымдас­тырып, жағдайды жан-жақты пысықтап отырдым. Шабан­дық, салғырттық, немқұрай­дылық, атүстілік белең алған тұста талапты күшейтіп, тіпті мерейтойдың маңызын те­реңірек түсіндіру үшін дайын­дық барысындағы басқосудың бірін Семей қаласына барып өткіздім. Сондағы жиын үс­тінде: «Абай тойы – тек Алматы мен Семейге, Жазушылар ода­ғына, басқа да шығарма­шылық ұйымдарға ғана керек шаруа емес. Бұл – бүкіл республика­ның, күллі Қазақстан халқының мерекесі. Бұл, шын мәнінде біздің тарихи және рухани жадымызға, керек десеңіз, осындай іс-шараны мемлекет­тік деңгейде өткізе алатыны­мызға, ұйымшылдығымызға сын. Оның үстіне, Абай мере­кесі даңғойлықты көтермейді, ұлы адамды еске алу құрметіне, турасын айтқанда, атаулы күн­дерді атап өтуде бізде үйреншікті әдетке айналып кеткен шектен тыс аста-төк той жасаудың қа­жеті жоқ. Парасаттылық, ақыл­ға қонымдылық, ең бастысы зиялылық пен ұстамдылық қа­жет. Мерейтой даңғазалықтан ау­лақ, жоғары мәдениеттілік ая­сында өтуі тиіс. Абайдың өзі біз­ді осыған үндеп кеткен және оның өсиетіне кереғарлық етуі­мізге болмайды» деген екенмін. Бұл сөздерді жайдан-жай айтпаған едім. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде ұлт тарихындағы көп ақтаңдақтардың беті ашылып, «Өлі разы болмай, тірі байы­майды» деген ұранмен көпшілік жұрт өзінің қағаберісте қалған бабаларын түгендеп жатты. Олардың ішінде ұлттық дең­гейдегі батыр, билермен қоса, дәреже-дәрпі жергілікті жер­лерге ғана танымал тұлғаларға да ас беріліп, құрмет көрсетілді. Тоталитарлық жүйе құрсауында құндылықтарына тыйым са­лынып, іштей булығып келген халықтың ақ түйенің қарны жарылғандай сезімі мен се­німіне тосқауыл қою әбестік саналар еді. Бірақ той тойлаудың да, ой ойлаудың да жөні бар. Алты алаштың абызы болып қа­на қоймай, адамзаттың асқа­рынан көрінген халқымыздың ең аяулы перзенті, дана ұста­зы – Абай мерекесін бүкіл­халық­тық деңгейде лайықты өткізу мем­лекет мерейі екенін ұғын­дыру керек болды.

Абай қаншама тас қапас заманда өмір сүрсе де, бола­шаққа үмітпен көз тікті. Ол өлеңдерінде «жаңа өспірім, көк өрім», «тілеуі, өмірі алдындағы», «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі бермек үшін ғи­брат айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дей отырып, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тағылымын үйретті. Батыс пен шығыстың ілімін толық игерген Абайдың өнеге­сін ескере отырып, тәуел­сіз мемлекетіміздің жастары арасы­нан халықаралық стан­дарт­тарға сай, білімі мен білігі жоғары мамандар даярлау мақса­тымен «Болашақ» прези­дент­тік стипендиясын тағайын­дадық. Соның арқасында ұлы ақын өмір сүрген заманда «ин­тернатта оқып жүрген» қазақ баласының ұрпақтары ХХ және ХХІ ғасырлар тоғысында әлем­нің ең таңдаулы универ­сит­еттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Сөйтіп, Абай тойының ал­дында оның аруағын одан әрі ұлықтау, өмірбаяндық дерек­терінің көмескі парақтарын қайта жаңғырту, әдеби, филосо­фиялық және музыкалық мұ­расын тәуелсіздік тұрғысы­нан тыңнан пайымдау, әлемдік дең­гейде кеңінен таныту бағытында іргелі жұмыс атқарылды. Ұлы ақын шығармаларының алғаш рет жан-жақты текстоло­гиялық сараптамадан өткен екі томдық академиялық жинағы, «Абай» энциклопедиясы жарық көрді. Абайдың өмірі мен шы­ғармашы­лы­ғын тұтас қамтитын «Жиде­бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориал­дық қорық-музейі құрылды. Жидебайда үш жүз алпыс әулиелі мекен Маңғыстаудан әке­лінген ұлутастардан ақ­шаң­қан күмбезді Абай-Шәкәрім кесенесі тұрғызылып, оның ашылу рәсімінде бұл орынның енді әр қазақ үшін рухани Мек­кеге айналғанын атап өттім. Алатаудың жан-жағы тіп-тік құлама құздармен қаусы­рылып, заңғар басына бұлт қо­нақтаған Абай шыңына кө­теріліп, ақын рухына тағзым еттім. Ұлы ақын­ның өз халқы­мен бірге адамзат­тың биігінен көрінгенін тіледім. Сол жылы Абайға арналған салтанатты іс-шаралар Түр­кияда, Ресейде, Қытайда, Фран­цияда, Венгрияда, Үндіс­танда, Мысырда, Украинада, Қырғызстанда болып өтті. Лондонда Абай үйі ашылды. Ұлы ақынның әлем елдері руханиятының табалдырығы­нан аттап, бұрын көз көрмеген көкжиектерге енді ешкім тос­қауыл қоя алмайтын мәңгілік сапары басталып кетті. Абайдың 150 жылдығы аталып өткеннен бергі уақыт ішінде дүниежүзінің бірқатар елінде оның құрметіне көше аттары беріліп, Ренн (Фран­ция), Будапешт (Венгрия), Каир (Мысыр), Мәскеу (Ресей), Стамбұл (Түркия), Бейжің (Қы­тай), Ташкент (Өзбекстан), Теге­ран (Иран), Баку (Әзер­байжан), Витебск (Беларусь) қалаларының көрнекті орын­дарында ескерт­кіштер мен мүсіндер қойылды. Ретінше 2006, 2013 жылдары Мәскеу мен Ташкентте орнатыл­ған Абай ескерткіштерінің лен­тасын Ресей Федерациясы­ның президенті В.Путинмен және Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті И.Кәрімов­пен бірге қидым. ХХ ғасырдың екінші онжыл­дығында, дәлірек айтқанда 1913 жылы ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Қазақ­тың бас ақыны» атты мақала­сында «онан асқан бұрын-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» дей келе, соған қарамастан Абайдың есімін тек Семей мен Ақмола облыстарының қазақ­тары ғана білетінін, ал дүниеден қайтқан соң жарық көрген жал­ғыз кітабы ел ішіне кеңінен та­рал­май жат­қаны туралы қын­жыла жазған еді. Қарап отыр­сақ, содан бері бір ғасырдың көлемінде бірте-бірте ұлы ақын­ның даңқы жер жүзіне әйгі­лі бола­тындай деңгейге жетіп­піз. Ол – алдымен Абайдың тең­дес­сіз кемең­герлігінің, содан соң тәуелсіз мемлекеттілігіміз­дің арқасы. Абай қаншама тас қапас заманда өмір сүрсе де, бола­шаққа үмітпен көз тікті. Ол өлеңдерінде «жаңа өспірім, көк өрім», «тілеуі, өмірі алдындағы», «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі бермек үшін ғи­б­рат айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дей отырып, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тағылымын үйретті. Батыс пен шығыстың ілімін толық игерген Абайдың өнеге­сін ес­кере отырып, тәуел­сіз мем­ле­кетіміздің жастары арасы­­нан халықаралық стан­дарт­тар­ға сай, білімі мен білігі жоғары ма­мандар даярлау мақса­тымен «Болашақ» прези­дент­тік сти­пендиясын тағайын­дадық. Соның арқасында ұлы ақын өмір сүрген заманда «ин­тернатта оқып жүрген» қазақ баласының ұрпақтары ХХ және ХХІ ғасыр­лар тоғысында әлем­нің ең таңдаулы универ­сит­еттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Ұлы Абайдың 175 жылдығы биыл адамзатқа қатер төндіріп, коронавирус індеті жайлаған уақытпен тұспа-тұс келіп қалды. Аталған дерттің зардабы жер жүзіндегі мемлекеттердің ешбірін айналып өткен жоқ. Бірақ жарқын келешекке деген сенім мен сындарлы әрекеттің арқасында бұл уақытша қиын­дықты да еңсеретін боламыз. Абайдың сөзіне жүгінсек: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?». Лайым солай болсын! Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күн тірлігімізге, өр­кенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы бо­лашақ талабына лайық ұмты­лыстарымыздан және игі іс­терімізден нақты көрініс таба­тынына кәміл сенемін.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы