Қарағандыда құрылысы бес жылға созылған балалар ауруханасы мен қаланы басып кеткен қоқыс тұрғындардың наразылығына өзек болды. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек облыс орталығында шешімін күтіп отырған барлық нысанға барып қайтты.
Аймақ басшысы әуелі құрылысы аяқталмаған балалар ауруханасымен танысты. Бұл нысанның құрылысы мердігермен сот дауы туындауына байланысты ұзаққа созылып кеткен. Ауруханаға қатысты сот аяқталды. Жақын арада жаңа мердігерді таңдауға байқау жарияланбақ. Облыс әкімі келер жылы қолданысқа берілетін ауруханаға бөлінген қаражатты жеткізуді тапсырды.
Жеңіс Қасымбек қаладағы қоқыс жинау жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Әкімді қаладағы қоқыс қабылдайтын полигондардың саны мен қала тұрғындарынан келіп түсетін шағымдардың көптігі қызықтырды. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, қызмет түріне белгіленген тарифтің төмендігі мен техниканың жетіспеушілігі наразылықтың туындауына себеп болып отыр.
– Жағдайды түсіну керек. Бұл мәселе бойынша жеке кездесу өткіземіз. Үнемдеу мүмкіндіктерін талдау қажет. Қызмет көрсетушілер техниканы жаңартып, өз жұмысшыларына қалыпты жалақы төлеуі тиіс. Егер ертең қоқыс жинайтын адам болмаса, үлкен шиеленіс пайда болады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Облыс әкіміне қаланы дамытудың бас жоспары таныстырылды. Тұрғын үй құрылысының әлеуетінен бастап газдандыру, жылумен қамту және басқа да коммуналдық қызметтерді сапалы қамтамасыз ету мәселелері аймақ басшысының назарына ілікті.
– Қалада тұрғын үйдің қанша пайызында орталық су құбыры жоқ? Тазарту құрылыстары кешені бойынша жағдай қандай? – деп сұрақ қойды Жеңіс Қасымбек.
Облыс орталығындағы үйлердің бір бөлігі орталық сумен қамтылмаған, ал тазарту құрылыс кешендері тек жобалануда. Бұл жауапқа өңір басшысының көңілі толмады.
– Желтоқсан айында үкімет 53 тазарту құрылыс кешеніне несие беру келісіміне қол қояды. Жұмыстарды жылдамдату керек, себебі бірінші транш келер жылдың ақпан-сәуір айларында өтеді. Егер үлгермей қалсаңыздар, мүмкіндікті пайдаланбасақ, мәселе 2021 жылға дейін созылып кетеді, – деді Жеңіс Қасымбек.
Бұдан басқа, оған үшінші жылу құбырының құрылысы туралы баяндалды. Аталған мәселе тез арада шешуді талап етеді. Себебі қуат жетіспеушілігі тұрғын үй құрылысын тежейді. Кәріз қалдықтары сүзгілеу алаңдарына шығарылады.
Жеңіс Қасымбек назар аударуды талап ететін тағы бір басты мәселе Қарағанды айналасындағы айналма жолдарды салу және қайта жаңарту екенін атап өтті. Ол ірі жобалар бойынша барлық мердігерлердің есептерін тыңдап, жұмыс кестесінен қалыс қалмауды тапсырды.
Облыс әкімі сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілердің қызметімен танысты. Ол «Ақнар» фабрикасына және «Жакко» ЖШС полипропилен және полиэтилен құбырлар мен фитингтер шығаратын зауытқа барды.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы