Шыда, шыда, науқас студент!
Шыда, шыда, науқас студент!
 

Ұзын сөз, ұзақ сергелдең

Әлемде коронавирус панде­мия­сына қарсы жаһандық «май­дан» ашылып, бүкіл ел шекарасын жапқанда, жаһанды шарлап жүр­ген қазақстандық шәкірттер амал­сыз атамекенге оралды. Мұн­да олар­ды жағымсыз «тосынсый» кү­тіп тұрды. Емханалар дерт буып, өзі­не жүгінген оқушы жастарды «мед­сақ­тан­дырыл­ма­ған­дық­та­рыңыз­дан емдемейміз!» деп есік­тен кері қайтарған. Тіпті, аурудан жаны қиналып, көзі қарауытып, құлағалы тұрғанына да қарамаған. Әрине, ақ халатты абзал жандарды айыптауға асықпаған жөн. Оларды осылай тасжүрек еткен Әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру қоры секілді. Қор қағидаға қайшы кез кел­ген іс-қимыл (тіпті, ол адам­гер­­шілікке сай болса да) үшін ем­­хана-клиниканы жа­залап, үл­кен айыппұл салады. Содан ығыр болған емханалар «аш бә­леден қаш бәле» деп ӘМСҚ база­сында жоқ сыр­қаттарды қабыл­даудан ат-тонын ала қашады. Георгий Пахомов Ресейдің же­текші университетінде оқып жа­тыр. КВИ індетінің өршуіне бай­ланыс-ты солтүстік көрші Қа­зақ­стан­нан және өзге елдерден сту­дент­терді ше­кара­дан өткізбей қой­ды.
«Сондықтан қашықтан оқуға көш­тік. Бірде сырқаттанып, өз ем­ханама медициналық көмек алуға жү­гінсем, олар қабылдаудан бас тарт­ты. Базада сақтандырыл­маған деп тұр. Медсақтандыру қоры проб­леманы ХҚКО арқылы ше­шіңіз деп кеңес берді. Бірақ орта­лықтағылар мұндай мәселе бойын­ша көмектесе алмайтынын жет­кізді. 1406 Call-орталығына қоңы­рау шалдым, ондағылар сақтан­дыруым жоғын рас­тады, бұл мәсе­ле­мен білім ми­нистр­лігі айналы­сып жатқанын мәлім етті. Жеңіл­дігі бар жастар­дың тізімін сол қал­пына кел­тіруде. Өкінішке қарай, оның сайтында беріл­ген 1450 телефоны жұмыс істе­мейтін болып шық­ты», – дейді Георгий.
Шынында, аталған нөмірге қоңырау шалсаңыз, автожауап­кер­ден: «Сіз шақыруыңызды жү­зе­ге асыра алмайсыз!» деген жауап ес­тисіз.  

Әділдік тез келеді деп кім айтты саған?

Карина Қарақұлова тікелей Бі­лім және ғылым министрі Асхат Ай­мағамбетовтің блогына жа­зып­ты. Жауап та алған.
«Құрметті Карина! Қазіргі кез­де министрлік уәкілетті ме­мор­ган­дармен, яғни Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау, Ден­саулық сақ­тау министрліктерімен бірле­сіп, шетелде оқитын жас­тарға ӘМСҚ жүйесінде «сақтан­дырыл­ған» мәртебесін беру бағы­тында жұ­мыс жүргізуде. Соның аясында сіз­дің деректеріңіз Ұлт­тық білім беру деректер қорына енгізілді жә­не мәртебе тағайындау үшін БҒМ ақпараттық жүйесінен Еңбек ми­нистрлігінің ақпараттық жүйе­сіне берілді», – депті ми­нистр. «Соған қарамастан әлі күнге дейін ӘМСҚ менің мәртебемді мойын­дар емес. Қор қайтадан ми­нистрге хат жазуымды сұрай­ды, сонда министрлік менің ше­телдік ЖОО студенті екенімді растайтын құжатты рәсімдеп жолдауы қажет. Тек содан кейін ғана олар мені сақ­тандыра алатын көрінеді. Екі ай болды, кеселім бойымды буып ба­рады, маған медициналық тек­серу қажет», – дейді Карина.
Білім және ғылым министр­лігінің Халықаралық серіктестік департаменті бұл студент қыздың деректері Ұлттық білім беру де­рек­қорына енгізілгенін және «сақ­тандырылған» мәртебесін та­ғайындау үшін еңбек ведомство­сына тапсырылғанын жеткізді. Бұл онсыз да белгілі. Белгісізі – неге онда мәртебе тағайындамаған?
«Атап өтер жайт, бұл процесс белгілі бір уақытқа созылуы мүм­кін. Бүгінде министрлік уәкілетті меморгандармен бірге шетелде оқитын студенттерді сақтандыру жұмысын жүргізуде. Аталған жұмыс министрліктің бақылауында» деп жауап қатты департамент.
Қазақ дарыны Әкежан Мейір­ханов АҚШ-тың ғылым ордасына түсті. Сонысы үшін «айыпты» бол­ды. Себебі Қазақстанда рес­ми баспасөзде жыл сайын жа­рия­­ланатын мемлекеттік бі­лім грантына ие болған студент­тер­дің тізіміндегілер қорда сақтандырыл­ады. Ал ол тізімде тек отандық уни­­верситет пен академияларға түскендер ғана енеді.
«Биылғы күзде Американың университетіне қабылдандым, аманшылық болса, 2024 жылдың мамырында бітіріп шығамын. Әйтсе де, Қазақстанда еш жерде студент ретінде есепте тұрмаған болып шықтым. Салдарынан мемлекет шәкірт жастарға ұсына­тын медициналық әлеуметтік же­ң­іл­дікті пайдалана алмайды екен­­мін. Сондықтан БҒМ-ге жү­гі­ніп, студент саналатын аза­маттар тізіміне қосуын сұрадым. Өтінішіме университетім бер­ген ағылшын тіліндегі ресми анық­тамахатты қоса тіркедім», – дейді Ә.Мейірханов.
Ол да министрліктен «мәлім­ет­терің Ұлттық білім беру дерек­қорына енгізілді және Еңбек ми­нис­трлігіне табысталды» деген жа­уап алыпты. Енді күтуі керек. Галина Кононенко өз перзентін түйткіл тұйығынан құтқару үшін шырылдап жүр. Оның ұлы ресейлік Сібір мемлекеттік геожүйелер және технологиялар университетіне, күндізгі оқуға түсіпті. Анасының арыздануы арқасында ұлына «уа­қытша сақтандырылған» мәрте­бесі берілген. Оның мерзімі 2 қазан күні аяқталды.
«Ресей университеті қазақ­стан­дық студенттеріне қашық­тан білім алу мүмкіндігін ұсын­ды. Сондықтан үйде отыр. Пан­демияның ұзай­тын түрі бар. Ен­деше тұрақты сақ­тандырылған мәртебесі қажет. Әйт­песе, ем­ханалар медициналық қызмет көр­сетуден бас тартады», – дейді ол.
 

Оқығаныңды дәлелде!

Қор шәкірт жастарға қызмет көрсетіп, ақша шығындамау үшін түлкібұлаңға салып, түрлі «қулықты» ойлап тапқан сияқты. Болашақ дәрігер, «Астана» медициналық университетінің студенті Іңкәр емхананың есігінен ғана сығалап жүр. Ол пандемия заманы туып, төтенше жағдай жарияланғанда ақшаға мұқтаж болып, 42 500 теңге әлеуметтік тө­лемге өтініш беріпті. Сол кез­де Еңбек министрі Біржан Нұрымбетов бұл көмекті бірыңғай жиынтық төлем төлегеннің бәрі алатынын мәлімдегені есімізде. Іңкәр содан үміттенген. Ізінше ереже өзгеріп, БЖТ төлегеннің бәріне бірдей берілмейтін бол­ды. Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тандыру қоры студентке төлемеді. Осы кезде ӘМСҚ жүйесі БЖТ төлегеннің бәрін жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтушы деп танып, жеңілдігі бар санаттан ав­томатты түрде шығарып тастапты. Соның кесірінен қаншама отандық студент «сақтандырылған» мәр­тебесінен айырылып қалды. Бүгін­де 42 500 теңге аламын деп санаттан шығып қалғандардың мәртебесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аян Исмайылов А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде 17 маусымға дейін оқыпты.
«Күндізгі бөлімде, магистра­турада білім алдым. Алайда биылғы ақпан мен маусым аралығында мен медициналық сақтандыру жүйесінен шығарып тасталыппын. Мәнісін сұрап, қорға жүгінсем, олар «сен ақпанға дейін ғана оқыпсың» дейді. Білім және ғылым министрлігінен сондай ақпарат алып­ты. Соның кесірінен күні бү­гін­ге дейін медициналық көмек ала алмай жүрмін», – дейді ол.
Қынжылтатыны сол, қор қарыз болып қалған айлардың берешегін өтемесе, ол адамға бәрібір мед­қызмет көрсетпейді. Мысалы, аза­мат жыл басынан бері төлеп келе жатып, басына қиын іс түскен айда жарна аудара алмай қалуы, ізінше жарна төлеуін жалғастыруы мүмкін. Әйткенмен, әлгі жіберіп алған айы үшін қосымша ақша енгізбейінше, тіпті жарна аударуды жалғастырғанына қарамастан, қор оның мәртебесін «бұғаттап» тас­тайды. Қысқаша айтқанда, бұдан былай әрбір қазақстандық өмірінің соңғы күніне дейін бірде-бір айды жібермей, ӘМСҚ-ға ақы төлеп тұруға міндетті. БҒМ Білім беруді цифрлық дамыту басқармасының басшысы Гүл Жүсіпованың айтуынша, Аян­­ның жағдайында олқылықты түзетуге болады. Бұл үшін ол 34 түр­лі дерегі көрсетілген егжей-тег­жейлі анықтама-кестені ми­нистрлікке жолдауы керек. Онда айталық, тұрғылықты ме­кен­жайы, оқу орнының атауы, қа­шан ЖОО-ға түсіп, бітіргені, оқу бағ­дарламасының түрі, соны рас­тай­тын құжаттарының нө­мірі, жеке куәлігінің деректері, байл­аныс телефондары мен е-поштасы, тіп­ті университеттің электронды пош­тасы мен оның сайтына сілтеме көр­сетуі тиіс. Ол мәліметтердің дұ­рыстығын БҒМ тексерген соң ӘМСҚ-ға жолдайды. Одан әрі қор да тексеру жүргізіп, дұрыс деп тапса, базасын дұрыстайды. Тек содан кейін емхана қайтадан кө­мек ұсына бастайды. Айтпақшы, осы­ның бәрі электронды түрде жү­реді. Адамды әлден айырып, күш-жігерін жоятын, жүйкесін жұқар­тып, жынды қылатын «электронды бюрократия». Қазақстанда азаматтардың аз қамтылған үлкен бөлігі үшін жар­­наны мемлекет төлей­ді. Мем­ле­­кет тарапынан сақтан­дырыла­­тын және жеңілдік беріл­ген санатқа  колледж бен ЖОО-да оқушылар; да кіреді. Ал жалпы 15 санат бар. Бұлардың баршасы үшін ӘМСҚ тұрақты түрде бюджеттен ақша алады. Ал сол қаржыға қызмет көр­сетуге келгенде сараңдық көр­­сететіні қынжылтады. Атап өтер жайт, қорда 552 миллиард тең­геден артық қаражат жиналған. Он­сыз да аз, 19 миллиондай ғана тұр­ғынның денсаулығын қорғауға ар­тығымен жетеді. Тіпті, әлемде осы­дан әлдеқайда көп тұрғыны бар Токио (39 млн), Шанхай (29,5 млн), Нью-Йорк (22,5 млн) се­кілді мегаполистерде жалғыз де­партамент қана бұл міндетті абыр­оймен атқарып отыр емес пе?  

Елдос СЕНБАЙ