Жемқорлық бәйгесі тоқтар емес
Жемқорлық бәйгесі тоқтар емес
103
оқылды
 

Досмұхамбетов қызметінен кете ме?

Соңғы жылдары шенеуніктер жарыса ұсталып жатқандай әсер қал­­дырады. Мысқылға салып айт­­сақ, жемқорлық бәйгесі қыза түс­кендей. Бір үйреншікті сце­нарийге еті­міз үйренген. Бұл бәй­гедегі орынбасарлардың сал­мағы басым, үлесі көп. Қай кезде де пара алатын орын­басарлар, негізгі басшының бәрі судан таза, сүттен ақ. Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовты айтпағанда, құрықталып жатқан облыс әкімі мен министрлер са­наулы-ақ. Сосын келіп орын­ба­сарлар тек басшының «артын жабу» үшін келгендей көрінеді. Бә­ріне күйе жағудан аулақпыз, бірақ қол ас­тындағы қызметкері, туысының бірі жемқор атанып жатса, шендінің орнын босатуы дамыған елдерде қа­лыптасқан үрдіс және оны ешкім ер­лікке баламайды. Себебі ел бас­қа­рып, белгілі бір саланы немесе ай­мақ­ты дамытамын деген ниеттегі бас­шы­ның жан-жағы таза болса ке­рек. Жуырда Атырау облысы әкім­інің бірінші орынбасары Нұрлан Тау­баев пен өңірдің құры­лыс бас­қар­масының басшысы Тимур Ба­саров 182 млн теңге пара алды деген кү­дікпен ұстал­ғанын білеміз. Нұрлан Таубаев осы қызметке мамыр айында ғана тағайындалған екен. Ізін ала «Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қыз­метінен кете ме» деген сауал туын­даған. Осыдан 1 апта бұрын ғана әкім өзінің отставкаға кетуге даяр екенін мәлімдеді.

– Заң бәріне ортақ. Егер орын­­ба­сарымның (Нұрлан Таубаев) қыл­мы­сы дәлелденіп, сот шешімі шығар бол­са, өз еркі­ммен от­ставкаға кету үшін өтініш жазуға дайынмын. Ал әрі қа­рай шешімді Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев қабылдайды, – деді Махамбет Досмұхамбетов.

Аймақ басшысының сөзі мен іс-әрекеті сәйкесе ме, ол ал­да­ғы уа­қыт­тың еншісінде. Бірақ осыған дейін жоғарыдағыдай мәлімдеме жа­сап алып, жылы ор­нынан қозғала қоймаған шорқақ шенеуніктер ба­рын ұмытпаған жөн. Бір қызығы, Нұрлан Таубаев қа­мауға алынғаннан кейін бір жайт­­тың басын шалды. Таубае­втың түсініктемесін оның адво­каты Игорь Вранчев Face­book па­рақшасы арқылы көп­шілік­ке жеткізгендей болды. Экс-ше­неуніктің өз пікірінде тер­геушілер ештеңе түсіндірмей алып кеткенін, Атырау облысының бұ­рынғы әкімі, қазіргі Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевпен сыйыс­пағанын айтқан. Негізі, Таубаев Ноғаев әкім болып тұрған шақта об­лыс әкімінің орынбасары қыз­ме­тін атқарған. 2019 жылдың қыр­күйек айында отставкаға ке­туге арыз жазған. Сонымен, тағы бір орын­басардың ұсталуы дә­йексіз, бірақ көңіл­ге күмән ұялатар әңгімелерге куә етті.  

Заң ортақ, басшы шорқақ

Заң демекші, былтыр жел­тоқ­сан айында «Қазақстан Рес­пуб­­ликасындағы мемлекеттік қыз­мет туралы» және «Сыбайлас жем­­­­қорлыққа қарсы күрес ту­ра­лы» заңдарға өзгеріс енген бо­ла­тын. Осы өзгерістерге сәйкес, мем­­лекеттік қызметші сыбайлас жем­қорлыққа барса, оның бас­шысы 10 күн ішінде отставкаға өтініш беруі тиіс. Отставкаға ке­туі үшін оның сол жерге басшы болғанына 3 айдан асуы керек. Бірақ бұл норма тек 2019 жылдың 10 желтоқсанынан бері болған жемқорлық фактілерін қам­тиды. Ал одан бұрынғы оқиғалар «сен көрмедің, мен білмедім» күйінде қала ма? Негізі, заң желтоқсан айын­да қабылданғанымен, одан бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені жиі көтеріп кел­ді. Сонда да құлақ асып, арын сақтап қалған шенеунік жоқтың қасы. 2019 жылы мамыр айында Ұлт­тық экономика министрі Рус­­лан Дәленов Кәсіпкерлікті да­мыту департаментінің дирек­то­ры Асланбек Жақыповтың ісіне бай­ла­ныс­ты сот шешімі күшіне енсе, қыз­метінен кетуге дайын екенін мә­лімдеді. Асланбек Жа­қыпов үш жыл­ға сотталды, со­ңында министр лауа­зымын сақ­тап қалды. 2018 жы­лы қарашада Маң­ғыстау облысы әкі­мінің бірінші орынбасары Серік Аман­ғалиев 115 мың еуро пара алған жерінен ұсталып, талай ай тергеуде жа­тып, былтыр жазда 10 жылға сот­талды. Аудан әкімдері ғанка қызметтен ке­тіпті жалпы, орынбасары үшін қыз­метін қия қоятын аудан әкімдері ға­на іспетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлі­ме­ті бойынша, соңғы 9 айда аудан­дық және об­лыстық деңгейдегі 9 әкім қызметінен кетуге өтініш берген. Оның 6-уы қызметімен қош айтысса, қазіргі кезде Атырау об­­­­лысы Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаевтың өті­ніші қа­ралып жатыр. Оның орын­басары па­ра алғаны үшін 8 кыр­күйекте сот­талған. Ал қалған екі әкім, Сәт­баев қаласының әкімі Асқар Ыды­рысов пен Алматы облысы Пан­филов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиевтің өтініші қабылданбай, қатаң сөгіс алып құтылыпты. Бұған дейін Қостанай об­лы­сының әкімі Архимед Мұхам­бе­тов Рудный қаласының әкімі Бақыт­жан Ғаязовтың өтінішіне қол қойғаны хабарланған еді. Алай­да осы Архимед Мұхамбет­овтің өзінің басы дауға қалып жүр. Себебі ол облыс әкімі болып отырғалы бері аудан басшылары жемқорлықтың аранына көп­теп түсіп жатыр. Былтыр Қос­та­най­ға қарасты Әулиекөл ау­данының әкімі Асхат Қисықов «тен­дерге көмектесемін» деп мектеп құ­рылысын жүргізетін кәсіпкерден 7 миллион теңге бопсалап, қолға түсті. Көп ұзамай сот отырысы өтіп, жемқор басшы 2,5 жылға абақтыға қа­малды. Одан бөлек, былтыр тағы да өңір­дегі Федоров ауданы әкімінің орынбасары парамен ұсталған. Айналдырған 1 жылдың ішінде қа­ла мен екі аудан әкімдеріне не жет­пегені белгісіз, бірақ облыс әкі­мінің қызметінен кеткенін қалай­тын­дардың қарасы көп. Демек, заң­ның сеңі облыс әкім­дері мен ми­нистрлерді емес, аудан әкімдерін со­ғуға ғана қауқарлы сияқты. Заң қабылдаймыз, жем­қор­лыққа қарсы ұрандатамыз, бірақ нә­тиже жоқ.  

Мадияр ТӨЛЕУ