Қордай мен Қасқабұлақ қақтығысынан қандай сабақ шығады?
Қордай мен Қасқабұлақ қақтығысынан қандай сабақ шығады?

Қордайлықтарда әлі де қорқыныш басым  

Басқосуда  ең алдымен сөз алған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов ақпараттық топтың негізгі жұмысына тоқталып өтті. – 7-23 қыркүйек аралығын қамтығын іссапарымыздың бары­сында 291 шара ұйымдас­тырылып, оған  7 929 адам тартылды. Түрлі этнос өкіл­дерімен кездесу кезінде 85 аза­маттың 45 өтініші сол жерде ше­шілді. Қалғандары хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Аудандардың бөлінісіне ке­лер болсақ, Байзақ ауданы Бурыл ауылында ұлттар арасында бол­ған қақтығыстан кейін өзге ұлт өкілдерінің арасында  елді мекеннен қоныс аударуға ниет­тілердің бар екені  байқалды. Жамбыл ауданында жұрт­шылықтың ғаламтор жыл­дам­дығының аздығына шағым­данып, мал жайылымының да жетіспейтінін сөз етті. Қордай ауданында жағдай қалыпты дегенімізбен, қақ­тығыстан кейін үрейленіп қалған халықта әлі болса қорқыныш басым. Балаларын әскерге жіберуге жүрексінеді. Меркіде жастар жұмыс­сыздығы мен дәрігер тапшылығы туындап отыр. Этникалық кемсітулер де кезігеді.
Шуда өзге ұлт өкілдері арасында тіл мәселесі өзекті болып тұр. Міне, осы жайттың барлығын жіті зерделеп, бұ­қараға жан-жақты түсіндірме жұ­мыстарын жүргіздік. Енді «Бей­бітшілік пен келісім» жо­басына енбеген Талас пен Сарысу аудандарында ақ­параттық топтың жұмысын жал­ғастыруды ұсынамын, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.
Баяндама тыңдалғаннан кейін аймақ басшысы бас­қарма басшысына жасалып жат­қан жұмыстың нәтижесі қан­шалықты көрініп жатқанын сұ­рады. Дауыл Бейсенқұлов қа­зірдің өзінде жобаның жемісі бай­қалып, іссапарлар арқылы ау­дандар мен ауылдардағы негізгі мә­селер айқындалғанын тілге тиек етіп, енді осы бағыттағы жұ­мыстарды жүйелі жалғастыру қа­жетін айтты. Басқосуда бұдан бөлек, кә­сіпкерлікті қолдау, дін мә­селесі, құқық қорғау саласы, әлеу­меттің әлеуетін арттыру ба­ғытында жұмыс жүргізген топ же­текші­лерінің де баяндамасы тың­дал­ды. Топ  жетекшілерінің бірі – облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасының  бас­шысы Жорабек Баубековтың айтуынша, ауыл тұрғындарының арасында мемлекеттік бағдар­ламалардан мүлде хабарсыз адамдар кезіккен екен. Басқарма басшысы бұған қоғамдық-саяси жаңалықтарға қызығушылық танытпай отырған  бұқараның өзін кінәлады. Kordai kaktigisi Соған қарамастан  спикер қарапайым және түсінікті тілде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін ауыл тұрғын­дарына түсіндіретін арнайы насихат топтарын құруды ұсын­ды.
– Біз қақтығыстардың қалай алдын алуға болатынын түсіндік, бейбіт жолмен шешілген кездер де болды. Алайда мұндай жағ­дайлар мүлдем туындамауы тиіс, ол үшін көп нәрсе атқарылуы керек. Ел басшылығы бұл мә­селелерге жіті назар аударып отыр.  Көбіне жергілікті деңгейдегі әкімдердің дәрменсіздігінен қа­былданған шешімдер нәти­жесіз болады. Бұдан былай ау­дан әкімдерінен атқарылған жұ­мыстар туралы нақты сан­дар мен фактілер, ауылдық ок­руг әкім­дерінің есептерін үне­мі тың­дап отыруды талап ете­­мін, – деді  Бердібек Сапар­баев баян­дамашылардың ұсыныс­тарына қолдау білдіріп.
 

Қасқабұлақтағы жағдай қайталанбауы керек

Өткен аптада Қазақ­стан күрдтері «Барбанг» республика­лық қауымдастығының төра­ғасы, Қазақстан халқы Ассам­блеясының мүшесі, Князь Мирзоев та  Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, Талас ауданы  Қасқабұлақ ауылының  тұрғындарымен кездесті.
– Жамбыл облысында 80-нен астам ұлт өкілдері тұрады. Қордай өңіріндегі соңғы оқи­ғалар қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің бұзылуына се­беп бола алмайды. Тұрғындар мем­лекеттің қамқорлығын се­зінуде. Барлық зардап шеккен үй­лер мен басқа да нысандар қалпына келтірілуде. Мемлекет басшысының қол­дауы­ның ар­қасында Қордай ау­данын дамытуға қосымша 32 миллиард теңге бөлінді. Жаңа әлеуметтік нысандар салынып, жолдар жөнделуде. Жыл соңына дейін  ауданның газдандыру дең­гейін 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, – деді облыс әкімі қонаққа жалпы жағдайды таныстырып.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы Қасқабұлақ ауылындағы тұрмыс­тық кикілжіңге  кейбіреулердің ұлтаралық сипат беруге тырыс­қанын атап өтті. Бірақ жедел шаралардың арқасында бұзақы­ларды тәртіп сақшылары қолға түсірген. Билік өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайдың орын алаты­нын  ешкім күтпеген. Себебі жергілікті әкімдік Қасқабұлақты ең үлгілі ауыл ретінде бағалайды. Соңғы бірнеше жылда мұнда бірде-бір құқықбұзушылық тір­кел­меген. Ал  дүкендерде  спирт­тік өнімдер мүлде  сатылмайды. Князь Мирзоев мұндағы жақсы дәстүрлерді сақтап қалу үшін балаларды патриоттық рухта тәрбиелеу қажетін айтты.
– Балалардың бойында кішкентай кезінен бастап өз елі­не, дәстүрі мен әдет-ғұрпы­на, мемлекеттік тілге деген сүйіс­пен­шілігін қалыптастыру қа­жет. Қасқабұлақ ауылының мектебінде қазақ тілінде оқы­та­тын сыныптар ашылды. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі ұлтаралық қатынастар тіліне айналуы керегін ай­рықша айтқан болатын. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді білуге және құрметтеуге міндет­ті, – деді К.Мирзоев.
Бұл күні мұндай кездесу 4 мыңға жуық күрд диаспорасының өкілдері тұратын Жамбыл ау­данының Гродеково ауылында да ұйымдастырылды.   Түйін:
Міне, осылайша жам­был­дықтар Қордай мен Қасқа­бұлақтағы жағдай қайталанбас  үшін жан-жақты түсіндіру жұ­мыстарын жүргізуде. Бұл, әрине ең бірінші ел тыныштығы мен тұрғындар қауіпсіздігі үшін жа­салып отырғаны   белгілі. Ал «Бейбітшілік пен келісім» жобасы енді Талас пен Сарысу аудандарын бетке алмақ. Топ мүшелері аталған елді мекендерде де халықпен кездесіп, көптің көкейінде жүрген түйткілдердің түйінін тарқатуға күш салады. 
 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы