Мемлекеттің қолдауы кәсіпкерлердің адымын ашты
Мемлекеттің қолдауы кәсіпкерлердің адымын ашты
124
оқылды
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Алматы  облысы бойынша аймақтық филиалының дирек­торы Тимур Екеевтің айтуынша, «Даму» қоры мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында биыл аймақтағы кәсіп­орындарға 960 жоба бойынша 250,7 млрд теңгеге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылай қолдау көр­се­ткен. Кәсіпкерлер   540 жоба бойынша 22,8 млрд теңге сомасында несиелік кепілдеме алған.  Сондай-ақ биыл жалпы несие сомасы 16 млрд теңге болатын 104 жо­баға пайыздық мөлшерлемені суб­сидиялау түрінде қаржылай демеу жаса­лыпты. Несиелерді кепілдендіру бойыншы 81 жобаға  қолдау көрсетілген, кепілдіктердің жалпы сомасы –1,5 млрд теңге. Шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлер несие бойынша пайыздық мөлшерлемені азай­ту мүмкіндігі ұсынылған субсидиялау шарт­тары арқасында кәсіпорындарына өнім өндірісі мен қызмет көрсетуді жақ­сартуға мүмкіндік беретін жабдықтар мен ғимараттар сатып алған және айналым қара­жаттарын толықтырған. Жалпы, Жетсу жеріндегі кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудан кенде емес.  2010-2019 жылдар аралығында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында  облыстағы кәсіпорындар 1 841 533 млн теңгеге өнім шығарып,  21 015 жұмыс орнын сақтап қалған және жаңадан 5 451 жұмыс орнын ашқан. Сондай-ақ жалпы 119 070 млн теңгенің  салығын төлеген. Биылғы жылдың 30 шілдесінен бас­тап «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының бірінші бағыты аясында сыйақы мөлшерлемесін портфельдік субсидиялау және банктердің кредиттері мен микроқаржы ұйымдарының микро­кредиттері бойынша кепілдік беру түрінде қаржылай қолдау көрсетілуде.  Енді ба­нк­тер мен микроқаржы ұйымдары порт­фельдік субсидиялау және кредитке ке­піл­дік беру туралы шешімді өздері қабыл­дайды, «Даму» қорының келісімі қа­жет емес. «Даму» қорының қолдауына ие болған компаниялар қатарында қазақстандық қазандықтар шығаратын  ТeploStandart ЖШС зауыты бар. Аталған өндіріс орнының директоры Дмитрий Страхов кәсіпорынның  17 жылдан бері үйлер мен өндірістік ғимараттар үшін пештер мен қазандықтар шығарып келе жатқанын айтады. Қазіргі кезде  Қазақстандағы 20 мың үй осы өндіріс орнында шығарылған қазандықтармен жылытылады. Сондай-ақ ұйымның құрастыру  жұмыстары бо­йын­ша 18 жылдық тәжірибесі бар, осы уа­қытқа дейін 1,5 мың нысанда құрастыру жүргізген. Кәсіпорында  40 адам еңбек етеді. Мұнда  шығарылған қазандықтар мен тағы да басқа жылыту жабдықтары  еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды. Жылына мың дана қазандық шығарылады. Дайын өнімдерін  саудалайтын дүкендері де бар. Зауыт биыл «Өндіріс» және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламаларының шеңберінде жаңа құрал-жабдықтар сатып алу үшін мемлекеттік қолдауға ие болған. Екінші деңгейлі банктен компанияға 6 пайыз жылдық мөлшерлемемен 55 млн теңге сомасына несие берілген. Сондай-ақ «Даму» қоры кәсіпорынға 27,5 млн теңге сомасына несиеге кепілдендіруді ұсынған. Қосымша білім беретін «Толқын» жеке кә­сіпкерлігінің жұмысы да  кө­ңіл­ден шықты. Толқын Абуғалиева бас­шылық ететін қосымша білім беру саласы бойынша қызмет көрсетіп отырған жас ком­панияда балалар ментальды ариф­метика, жылдам оқу, ағылшын тілін мең­геру сынды бағыттар бойынша білім ала­ды. Кәсіпкерге осы орталықты ашу үшін ғимарат қажет болып, 2018 жылы «Даму» қорының көмегіне жүгінген. Со­ның нәтижесіндее  облыстың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін аймақтық қаржыландыру бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктен 6 пайыз жылдық мөлшерлемемен 16,2 млн теңге сомасына жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. «Даму» қоры ұйымға 8 млн теңге сомасына кепілдік ұсынған.
– Физика-математика мамандығы бойынша білім алдым. Қазір мұнда 5 адам қызмет етеді. Балаларға арналған бес кабинет бар. Карантин басталғанға дейін 160 бала оқыды, қазір біршама азайды. Ата-аналардың балаларын қо­сымша оқытуға деген құлшынысы өте  жоғары. Сол себепті жұмысымызды одан әрі жандандырамыз деп үміттеніп отыр­мыз. Бизнесті дамыту үшін Үкімет тара­пынан жасалып жатқан көмекке рақмет. Кәсіпкерлікті өрге сүйрейтін осындай игі істер жалғасын таба берсін, – дейді Толқын Сарқытбекқызы.
Кафе-пиццерия «Сәттісі» ЖШС-іне қарасты ғимарат заманауи үлгімен жаб­дықталған,  іші кең әрі жарық, жинақы да таза. Қызметкерлердің басым бөлігі – жастар. Аталған пиццериялар желісі қоғамдық тамақтану саласында 13 жылдан аса уақыт еңбек етіп келеді. Компания «Сала көшбасшысы – 2015», «KAZ FRANCH – 2014» марапаттарын иеленген. Серіктестік алғашқы кезде ғимаратқа мұқтаж болып, «Даму» қорына қолдау алу үшін жүгініп, облыстық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін аймақтық қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде екінші деңгейлі банктен 7 пайыз жылдық мөлшерлемемен 87 млн теңге сомасына жеңілдікпен несие алыпты. «Даму» қоры 32,4 млн теңге сомасына кепілдік берген. Жеке кәсіпкер Динара Саған­тайқызының Di Art Stuio атты сұлулық студиясы мен оқыту орталығының жұмысы да жақсы жағынан жұрт аузында жүр.  Шағын ғимаратта қыз-келіншектердің бет-әлпеті сұлуландырылып, тырнақ, қолдары ретке келтіріледі, түрлі шаш үлгісі жасалып, тұтынушының талабына сай қиылады. Сонымен бірге жастарды үйрету ісі де жолға қойылған. Ол үшін қажетті жағдайдың бәрі қарастырылған. Динара Сағантайқызының аталған кәсіп түрімен айналысқанына 17 жыл болыпты. Кәсіпкер келіншек «Даму» қорының ұсыныстарын қабылдай отырып, сұлулық салоны үшін ғимарат сатып алған. Сондай-ақ оны жөндеуден өткізіп, іс жүргізуге керекті құрылғылар орнатқан. Бұл жоба «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау тапқан. Екінші деңгейлі банктен 6 пайыз жылдық мөлшерлемемен 9 млн теңге сомасына несие ресімдепті.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы