Пакьяо vs Макгрегор: келесі шоуға дайындалыңыз
Пакьяо vs Макгрегор: келесі шоуға дайындалыңыз
144
оқылды
Жақында филиппиндік боксшы, әлемнің экс-чемпионы Мэнни Пакьяо UFC-дің екі салмақ дәрежесі бойынша экс-чемпионы Конор Макгрегормен жекпе-жек өткізуге келісім берді. Кәсіпқой боксқа спорт емес, шоу-бизнес деп қарайтын скептиктер бұл жаңалықты естігенде кездесу арқылы қос спортшының мол пайдаға кенелгісі келетінін бірден түсінді. Шетелдік Bloodyelbow сайты да жекпе-жектің болатыны растап отыр. Бұл туралы Пакьяоның көмекшісі Джейк Джонсонның арнайы мәлімдемесі де жарияланды. Бірақ, бір қызығы, Мэнни Пакьяо кездесуден алатын қаражаттың басым көпшілігін коронавирустан зардап шеккен Филиппин мемлекетінің азаматтарына көмектесуге бағыттамақшы екен. Ал Конор жекпе-жектен түскен табысын қайда жұм­сайтыны туралы ашып ештеңе айтпаған. Қос мықтының айқасы 2021 жылға жоспарланды. Кездесу бокс ережелері бо­йынша өтпек. Бұған дейін Макгрегор Twitter-де өзінің келесі кездесуі Пакьяомен Таяу Шығыста болатынын жазған болатын. Спорттағы үздік шоуды еске түсірсек, ең алдымен қарсыластарынан ешқашан жеңіліп көрмеген АҚШ боксшысы, бокстың 5 тұжырымы бойынша әлем чемпионы Флойд Мейвезер мен аралас жекпе-жек шебері, ирландиялық Конор Макгрегор арасындағы «ғасыр жекпе-жегі» еске түседі. Бұл шайқаста кездесуде Мейвезер Макгрегорды 10 раундта техникалық нокаутпен жеңгенін де спорт жанкүйерлері жақсы біледі. Ал осы жекпе-жектің нәтижесінде Мейвезер 100 миллион доллар гонорар алған еді. Қарсыласы 30 миллион доллар пайда тапты. Мейвезерге билеттер мен сувенирлік бұйымдар сауда­сынан түсетін үлес пен телетрансляция үшін төленетін ақыны қосқанда тағы да 200 миллион доллардай ақша түсті. Бәрін есептегенде, Флойд Мейвезердің бокс жекпе-жектерінен тапқан табысы 1 миллиард доллардан асты. Ал мұндай қаржыны әлем спортшылары арасында осыған дейін тек баскетболшы Майкл Джордан мен гольфшы Тайгер Вудс қана тапқанын айта кеткен жөн. – Los Angeles Times порталының ақпараты бойынша, Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо (2 мамыр 2015) жекпе-жегі ақылы трансляциялар сатылымы (pay-per-view, PPV) бойынша бокс тарихында ең табысты (4,6 миллион PPV) кездесулердің көшін бастап тұр. Сонымен қатар билеттердің сатылымы бойынша қазіргі уақытта бірінші орында 2015 жылдың 5 мамыр күні өткен кіші Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо арасындағы кездесу ең көп пайда тапқан. Бұл жекпе-жектің билеттері 72,2 миллион долларға сатылды. Екінші орында 2017 жылдың 26 тамызында өткен Флойд Мейвезер мен Конор Макгрегор арасындағы кездесу орналасқан. Ұйымдастырушылар бұл шоудың билеттерін 55,4 миллион долларға сатты. Алдағы Конор мен Пакьяо арасындағы жекпе-жек те барлық жағынан мол қаржы түсірген айқас болғалы тұр, – дейді спорт журналисі Дәурен Түлкібай. Иә, Макгрегор да шоу жасаудың нағыз шебері. Ол туралы көбі жақсы біледі. Конор үнемі қарсыластарын балағаттап, көрерменнің жекпе-жекке деген қызы­ғушылығын алдын ала арттыруды жақсы меңгерген. Бұнан кейін Мэнни-Макгрегор жекпе-жегін қарамаймын деп айтып көріңіз. Жанкүйерлер екі мықты рингке шыққанда «бірінің етін бірі жейді» деп алақандарын осы бастан ысқылап отыр. Бұл шайқасқа алдын ала бәс тігетіндері де көп болмақ. Алайда сарапшылар болса мұны спорт әлемінде көрермен тартудың ең кең таралған әдісі екенін айтуда. Соған қарамастан спортсүйер қауым үшін бұл кездесу жылдың үздік жекпе-жектерінің бірі болады деп болжануда. – Боксшының октагонда МакГрегормен айқасын көру қызық болар еді. Бұл жекпе-жектен қомақты табыс табуға болады. Соңғы жарты жылда Мэннидің кейбір достары маған хабарласып: «Конордың менеджерлерімен сөйлесе аласыз ба?» деп өтінді. Мен оларға нақты кімге хабарласу керегін көрсетіп, бай­ланыс нөмірлерін бердім, – дейді UFC шо­лушысы Брюс Баффер. Ғасыр жекпе-жегіне баланған бұл кездесуден бұрын алдымен оның жарнамасы жер жарғалы тұр. Ал нағыз шоуды Конор жекпе-жек алдында да тамаша ұйымдастыра алатыны тағы бар. Бірақ атақты спортшылар мен спорт сарапшысының барлығы дерлік осынау кездесудің соншалықты қызық болмайтынын күні бұрын болжап отыр. Басым көпшілігі Флойд Мэйвезердің еш қиындықсыз қарсыласын жеңетініне се­німді. Кім не десе де, жұрт мұның өте үл­кен қаржылық жоба екенін біледі. Соған қарамастан аталған кездесуді тағатсыздана күтушілердің саны күн санап арту үстінде.  

AblaiАбылайхан ЖҰМАШ