Еліміздегі 145 колледж 300-ден астам мамандық бойынша лицензия қосымшасынан айырылды
Еліміздегі 145 колледж 300-ден астам мамандық бойынша лицензия қосымшасынан айырылды
Білім және ғылым министрлігінің колледждерге жүргізген мониторинг нәтижесі бойынша 145 білім беру ұйымның 330 мамандық бойынша лицензиясына қосымшалары қайтарып алынды. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады. Министрліктің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басшысы Гүлзат Көбенованың айтуынша, студенттерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған жұмыс Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорларымен бірлесе жүргізілген.
«Бірінші кезекте біз оқу процесіне қажетті құрал-жабдықтардың, әдебиеттердің, білім беретін тиісті оқытушылардың болуына, оқуға барлық жағдайдың жасалуына назар аударамыз. Осы жұмыстың нәтижесінде колледждер қазіргі уақытта өзінің білім беру профиліне жатпайтын немесе біліктілік талабын сақтай алмайтын жекелеген мамандықтар бойынша лицензияның қосымшаларын қайтару туралы шешім қабылдады. Арасында еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандықтар да бар», – деді ол.
Ең қызығы, кейбір колледждерге белгілі бір мамандықтар бойынша студенттер оқуға мүлдем түспеген. Мысалы, педагогикалық колледж менеджерлерді даярлауға талпынса, ал экономикалық бағытта білім беретін колледж педагогтерді оқытпақ болған. Сондай-ақ кейбір оқу орындары материалдық базасы сай келмесе де белгілі бір мамандық бойынша кадрларды дайындағысы келген. Қазіргі уақытта студенттер оқуын аяқтады, ол үшін колледждерге мүмкіндік берілді.
«Бұдан былай 145 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы 300-ден астам мамандық бойынша студенттерді оқытпайтын болды. Сондықтан ата-аналар мен оқушыларға алаңдаудың қажеті жоқ. Ешқандай проблема туындаған жоқ», – дейді Гүлзат Көбенова.

Тұмар МЫРЗА