Жамбыл медицинасында үлкен жаңалық. Енді дәрігерлер электроэнцефалография құрылғысымен құрсақта жатқан сәби мен терең комаға түскен адамның миын тексере алады. Мұндай аппарат облыстық денсаулық сақтау басқармасының жоспарланған бюджет есебінен алынып отыр.
Заманауи құрылғы қазіргі таңда Жуалы аудандық орталық ауруханасына қойылған. Себебі бүгінде Жуалы ауданы бойынша эпилепсия ауруымен 48 науқас невропатолог дәрігердің диспансерлік есебінде тұр. Эпилепсияның біріншілік кезеңін ерте анықтауға арналған құрылғымен науқас тәуліктік тексерілуден өте алады. Онда мидың белгіленген бөлігіндегі ошақты көрсетумен қатар, ұстама кезіндегі жағдайлар да анықталады. Осы диагностиканың арқасында медициналық талдау-зерттеу қорытындысы жасалып, жедел түрде ем тағайындалады. Аталмыш құрылғыға тексерілу үшін пациенттер тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға дәрігердің тағайындамасымен барып, өте алады.Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы