Ақтөбеде екі ірі өндіріс орны жұмысшыларына 44 млн теңге қарыз
Ақтөбеде екі ірі өндіріс орны жұмысшыларына 44 млн теңге қарыз
141
оқылды
Ақтөбеде екі ірі кәсіпорын жұмысшыларына 44 миллион теңге берешек. Еңбеккерлер алдындағы қарыз бірнеше жылдан бері өтелмеген. Биыл мораторийге байланысты еңбек инспекторлары тексеруді азайтты. Алайда 900-ден астам адамның арыз-шағымы бойынша жұмыс берушілердің іс-әрекеті назардан тыс қалмады. Барлығы 159 нұсқама беріліп, 44 әкімшілік іс қозғалды. Жұмыс берушілерге 8 миллион теңге айыппұл салынды.
"Биыл өндірісте 45 жазатайым оқиға тіркелді. 9 айда 54 адам жараланып, 11-і көз жұмды. Барлық оқиға бойынша арнайы тексеру жүргізіліп, іс полицияға жіберілді. Қазіргі кезде 25 қылмыстық іс қозғалды", - деді облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Саламат Аманбаев.
Айта кетейік, қазіргі кезде Ақтөбеде екі ірі өндіріс орнының 150-ден астам жұмысшысы жалақысын ала алмай жүр. Жалпы қарыз көлемі 44 миллион теңгеден асты. Оның бірі – «Жаңатас Ақтөбе» ЖШС. Соңғы 2-3 жылда бұл мәселе шешімін таппай келеді. Екіншісі – «Аскаэкспоцентр» ЖШС. Берешегі - 15 миллион теңге. "
Аймақтық деңгейде тағы 5 кәсіпорын бақылауға алынды. Олар да жұмысшыларына қарыз. Ай сайын есеп жүргізіп отырамыз", - деді Саламат Аманбаев.