Қазақстан құрамасы Бельгияға кезекті үш ұпайын сыйға тартты
Қазақстан құрамасы Бельгияға кезекті үш ұпайын сыйға тартты

Біздің құраманың енді екі матчы қалды

Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңі аясында «Астана-Аренада» Бельгияны қабылдаған Қазақстан құрамасы есебімен 0:2 есебімен жеңіліп қалды. 

Бельгиялықтар 21 минутта оң қанатпен шабуыл ұйымдастырып, әуелете асырылған пасқа бірінші жеткен Миши Батшуайи есеп ашты. Бұған дейін «Челси» шабуылшысы Сергей Малыймен жиі қақтығысып, сары қағаз да алған болатын.

Бірінші таймда Қазақстан құрамасының да гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Бірде Максим Федин қапы қалса, бірде Ғафуржан Сүйімбаевқа мергендік жетіспей қалды. 

Ал екінші таймның бас кезінде, нақтырақ айтсақ 53 минутта Томас Менье команда капитаны Эден Азар асырған пасты тиімді пайдаланып кетті. Дмитрий Шомко мен Дмитрий Непогодов (қақпашы) ПСЖ ойыншысына қарсылық таныта алған жоқ. 

Еске салсақ, осыдан үш күн бұрын Кипрмен кездескен біздің құрама 1:2 есебімен жеңіліп қалған еді. Осылайша, Михал Билек баптайтын құрама Еуропа чемпионатына шығудың теориялық мүмкіндігінен толықтай айырылған.

Енді біздің команда сырт алаңда Шотландия және Сан-Марино құрамаларына қарсы ойнайды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы соңғы 7 матчтың тек біреуінде ғана жеңіске жетті. Ал өзге алты кездесудің бәрінде өңкей жеңіліс тапты. Жалпы, біздің құрама Еуро іріктеу кампаниясындағы өз алаңында өткізген 9 кездесудің жетеуінде жеңіліп отыр.

Бельгия құрамасы I тобында көш бастап келе жатыр. Бүгінгі және бұдан кейінгі ойындардың нәтижесіне қарамастан Роберто Мартинес командасы құрлық чемпионатына жолдама еншілеп қойды. Олар соңғы 6 матчта қақпаларына гол жібермеп еді. Бұл жолы да сол статистиканы сәтті жалғастырды.