Аймағамбетов: Енді педагогтер біліктілік санаты үшін қосымша ақы алады

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов техникалық және кәсіптік білім берудің 80 жылдығына арналған іс-шара барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін біліктілік санаттары үшін қосымша төлемдерді тек мектеп мұғалімдері алған. «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануымен колледж педагогтері де біліктілік санаты берілгеннен кейін ай сайын қосымша ақы алатын болады.

«2020 жылдың қаңтар айынан бастап колледж педагогтердің жалақысы артты, алдағы жылдары да арта түспек. Біліктілік санаты үшін қосымша ақы төлеу мәселесі көп жылдар бойы көтерілген болатын. Егер мектептерде мұғалімдер біліктілік санаттары үшін қосымша ақы алса, колледждерде мұндай үрдіс болған жоқ. Енді колледж оқытушылары да ай сайын лауазымдық жалақысының 30-дан 50 пайызына дейін қосымша ақы алатын болады», - деді министр.

Өз кезегінде колледж директорлары мен директор орынбасарларының атқарған жұмысының тиімділігіне байланысты өз жалақысының 100 процентіне дейін қосымша ақы алу мүмкіндігі бар.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.