Суға батып бара жатқан 7 жасар баланы қармақпен құтқарып алды
Суға батып бара жатқан 7 жасар баланы қармақпен құтқарып алды
110
оқылды
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 6 қазан күні түс кезінде болған екен. 52 жастағы атыраулық азамат Жайық өзеніне батып бара жатқан баланы құтқарып қалған.

Құтқарушыларға Бейбарыс көпірінің астына, Жайық өзеніне баланың құлағаны жайында хабар түскен. Олар оқиға орнына келгенше жергілікті тұрғын Асанәлі Тасқалиевтің баланы құтқарып, ауруханаға жеткізіп қойыпты.

Құтқарушының айтуынша, ол немересімен серуендеп жүргенде, екі бала алдынан жүгіріп шығып, көмектесуін сұраған. Ол баланы қармақпен құтқарып алып, жағаға шығарған. Содан кейін алғашқы медициналық көмек көрсетіпті.

«Баланың тамыр соғуын байқап едім, тынысы болмады. Содан демалуы үшін  алғашқы көмек көрсетттім. Қолымнан келгеннің бәрін істедім. Көп ұзамай бала есін жиды. Содан орап алып, досым екеуміз такси тоқтатып, оны №5 қалалық емханаға алып бардық », - деді Асанәлі Тасқалиев.

Қазір бала облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы ауыр деп бағалануда. Балада церебральды ісіну диагнозы қойылған.