Қазақстан Президенті өз сөзінде көптеген елде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын атап өтіп, осыған байланысты ахуал ушыққан жағдайда оған мемлекеттік органдардың дайын болуы қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев түйткілді мәселелерді айта келе, тест сынамаларын алу көлемінің азайғанына назар аударды.
– Бүкіл әлемде зертханалар желісінің кеңейгеніне және тестілеу бағасының төмендегеніне қарамастан, елімізде оның құны жоғары болып отыр: 10 мыңнан 18 мың теңгеге дейін. Тұрғындардың басым бөлігі үшін бұл баға қымбат деп ойлаймын. Үкімет пен әкімдіктер тест сынамасын алудың қаржылай қолжетімділігі мәселесін шешуі керек. Сонымен қатар басқа елдермен, соның ішінде Ресеймен салыстырғанда бетперделердің бағасы әлі де шарықтап тұр. Оның да бағасын төмендету қажет. Үкімет бетперделердің бөлшек саудадағы шекті бағасын 60 теңге көлемінде бекітуді жоспарлап отыр. Маған хабарлаған мәлімет бойынша, Ресейде бұл баға 20-30 теңге шамасында. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне мұндай бағалардың сәйкестігіне талдау жасап, зертханалық қызметтер мен жеке қорғаныш құралдарының бағаларына мониторинг жүргізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.Президент ел тұрғындарының жаз маусымында дәрі-дәрмек тапшылығын көргенін жиынға қатысушылардың есіне салды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін ғана тиісті шаралар қабылданды. Атап айтқанда: дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры жасақталып, қажетті препараттардың тізімі кеңейтілді, сондай-ақ оларды шетелден әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Мемлекет басшысы пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі салмақ тағы да медицина қызметкерлеріне түсетінін атап өтті. Президенттің тапсырмасы бойынша екінші жартыжылдықта төлемақы үшін 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ үстемеақы және сақтандыру төлемдерін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер бар.
– Жергілікті жерлерде үстемеақыға қатысты «цифрмен ойнау» мәселесі жалғасуда. Бұл қаржы бөлу ісінде осы уақытқа дейін ашықтық жоқ. Мұндай жағдайды болдырмау қажет. Бас дәрігерлер жұмыс уақытының есебін түзетуді медицина қызметкерлерінің пайдасына емес, керісінше жасауға тырысып жүр. Дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны сұрап алмауы тиіс. 30 қыркүйектегі мәлімет бойынша пандемия кезінде бұл індеттен 182 медицина қызметкері көз жұмды. Қазіргі кезде бұл жағдайларды түрлі комиссия қарастыруда. 37 отбасына ғана жәрдемақы төленді. Мұндай жағдайға мүлде жол бермеу керек. Өлім себептерін адам қайтыс болғаннан кейін анықтау көптеген қиындық, соның ішінде этикалық сипаттағы түйткілдерді туындатады. Осы орайда, Үкіметке қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына егжей-тегжейлі тергеу жүргізбей, тиісті барлық жәрдемақыны төлеуді тапсырамын. Медицина қызметкерлерінің қызмет барысында науқасқа шалдығуы расталған жағдайда олардың төлемақылары қысқа мерзім ішінде сөзсіз төленуі тиіс, – деді Президент.