Бітімгерлер қызметін жоғары бағалады
Бітімгерлер қызметін жоғары бағалады
174
оқылды
Оқу-жаттығу жиынына десантшы-шабуылдаушы әскердің, әскери әуекүш­тердің, әскери полицияның, әскери меди­циналық мекемелердің, Бітімгер­ші­лік дайындық жүргізу орталығы мен Минадан тазарту орталығының мыңнан астам әскери қызметшілері, 100-ден астам әскери және арнайы техника жұмыл­дырылды. Оқу орталығының командалық пунк­тінде Жоғарғы Бас Қолбасшыға бітім­гершілік полкінің жұмысы туралы баян­далды. Сондай-ақ қазақстандық бітімгер­шілік полкіне жүктелген міндеттерді орын­даудың жалпы алгоритмі туралы ақ­парат берілді. Сонымен қатар Прези­дент­ке бітімгершілік базаның үлгісі таныс­тырылды. Мемлекет басшысы оқу орталы­ғының инженерлік, лингвисти­калық, тактикалық және медициналық сыныптарын аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев бітімгершілік даярлық оқу орталығының инфрақұры­лымымен танысқаннан кейін оқу-жаттығу жиынын бақылады. Оқу-жаттығу жиыны барысында бітімгершілік контингенттің гуманитарлық жүк тиелген колоннаны алып-жүру кезіндегі іс-әрекеттері пы­сықталды. Жоғарғы Бас Қолбасшы оқу-жат­тығулары аяқталғаннан кейін әскери қызметкерлердің алдында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Қазақстанның за­манауи армиясы Ұлы даланың ержүрек батырларының даңқы мен әскери дәс­түрлерін мұраға алғанын атап өтіп, мұны әрдайым есте ұстау керек екенін айтты. Мемлекет басшысы елімізде ғана емес, бүкіл әлемде бейбітшілік пен ты­ныш­тықты қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан әлемдегі тыныштықты сақтау мақсатымен қақтығыс аймақтарына бітімгершілік әскерін тұрақты жіберіп отырады.
– Біздің басты басымдығымыз – ынтымақтастық пен әріптестік. Сіздер халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлкен үлес қостыңыздар. Бітімгер болу дегеніміз – әлемнің елшісі болу деген сөз. Сіздер бұл міндетті абыроймен атқар­дыңыздар. Осындай оқу-жаттығу жиын­дарының арқасында әскери шебер­ліктеріңіз шыңдала түседі. Армиямыздың әскери рухы мен даңқы одан әрі арта түсетініне сенімдімін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Тұңғыш Прези­дент – Елбасының өзі тікелей құрған  Қарулы Күштердің бітімгершілік қызметі еліміздің бейбітшілік, халықаралық қауіп­сіздік және тұрақтылық қағи­даттарына іс жүзінде сай келетінін жеткізді. Президент 2007 жылдан бері 35 қазақ­стандық әскери қызметші, оның ішінде төрт әйел азамат БҰҰ-ның Непалдағы, Кот-д’Ивуардағы, Батыс Сахара мен Ливандағы миссияларына штаб офи­цер­лері мен әскери бақылаушылар ретінде қатысқанын айтты. 2018 жылы БҰҰ ман­даты негізінде әрекет ететін алғашқы қа­зақстандық ротаның Ливанға жіберілуі еліміздің бітімгершілік әлеуетін нығайту  үшін жасалған маңызды қадам.
– Қазіргі уақытта өз жауапкершілік аймағының бақылау-өткізу бекеттеріндегі әскери міндеттерін қазақстандық бі­тімгерлер ротасының төртінші құрамы атқаруда. БҰҰ бітімгершілік әлеуетінің дайындық жүйесіндегі міндеттер желісін кеңейту үшін Қазақстан саперлердің, әскери медицина қызметкерлерінің, барлау және әскери полицияның арнайы бөлімшелерін ұсынды. Бұл бөлімшелер қазіргі бітімгершілік операцияларында барынша сұранысқа ие, – деді Президент.