Украинамен келісімге келдік
Украинамен келісімге келдік
146
оқылды
Сенат басшысы Мәулен Әшім­­баевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сена­торлар «Қазақстан мен Ук­раина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек ту­ралы шартты ратификациялау туралы» заңды қабылдады. – Украина – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қа­тынас өзара ынтымақтастыққа және достыққа негізделген. Біз­дің елде­ріміздің мәдени-гума­нитар­лық байланысы да дәйекті түрде да­мып келеді. Алдағы уақытта өзара қарым-қатынасты одан әрі ны­ғай­туға екі мемлекет мүдделі. Осы тұр­ғыдан келгенде бүгін қа­был­данып отырған заң құқық қорғау саласы бойынша ынты­мақ­тастықты арттыруға мүм­кіндік береді деп сенеміз, – деді Сенат Төрағасы М.Әшім­баев. Шартта қылмыстық істер бойын­ша құқықтық көмек рә­сім­дері, сұрау салудың нысаны мен мазмұны, беру шарттары, көмек көрсетуден бас тарту үшін негіздер жазылған. «Шартты ратификациялау кү­діктілер мен айып­талушы­лардың қылмыс жасаудағы кінә­сін дәлел­деуге бағытталған іс-әре­кеттерді кешенді жүргізуге ықпал ететін болады. Сондай-ақ Қазақ­стан мен Украинаның құ­зыретті орган­дарына тікелей өзара іс-қимыл жа­сауға өкілеттік береді» деп тү­сін­дірді сенатор Нұрлан Бекна­заров. Осы шартты ратификациялау нәтижесінде екі елдің қыл­мыс­тық-құқықтық саладағы өзара шарттарының толық топтамасын жасақтау ісі аяқталды. Сонымен қатар депутаттар Сенат отырысында бірқатар сауал­­­­­­­­­­дарын жария етті. Ә.Бек­таев­тың сауалында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағ­дар­ла­масын іске асырудағы проб­лемалар айтылды. А.Кү­ріш­баевтың сауалы агро­өнер­кәсіп кешенінің статис­тикасын же­тілдіру мәселелеріне қатысты бол­ды. Д.Нөкетаева сирек кезде­сетін аурулары бар адам­дарды дәрімен қамтамасыз ету және уәкілетті органның тір­кеуінсіз елге әкелінген дәрілік заттарды өткізуді реттеу туралы сауалын жария етті. Ә.Нұралиев суармалы жерлерді сумен қам­та­масыз етуге байланысты мә­селе­лерді қоз­ғады. Р. Әб­дікеров «Кітапхана ісі тура­лы» заң жо­басын әзірлеу қажет­тігін жет­кізді. С.Алдашев 2025 жыл­ға дейін салынуы тиіс «Бей­неу–Шалқар» автомобиль жолы­ның құры­лысына назар ау­дартты. Ә.Құр­таев мақта баға­сын реттеу мәсе­лесіне мән-маңыз берді.  

Елдос СЕНБАЙ