Ресейге кететін миллиардтар елде қалады
Ресейге кететін миллиардтар елде қалады
149
оқылды
«Кейбір заңнамалық актілерге жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» жаңа заң жоба­сының тағы бір өзекті тұсы бар: Қа­зақ­станда бүгінде электр қуа­тының артық­шылық-про­фициті қалып­тасқан, ол шамамен 3 000 МВт құрайды. Сонымен бірге маневрлік қуаттар­дың тапшылығы туын­дау­да. Себебі елде электр энергия­сы бірқалыпты тұты­нылмайды, яғни кешкі уақытта сұраныс артса, түнде ең төменгі көрсеткішке дейін құл­дырайды. Ал бұл электр стан­сала­рынан «жедел ауыспалы жұмыс» жүргізуді талап етеді екен. Осы орайда, құжат жаңа ма­неврлік қуаттарды тұрғызу үшін тартымды жағдай жасамақ, ал­пауыттарға жеңілдіктер беру ұсы­нылған. Бұл олардың төл мүм­кін­діктері есебінен электр «тогын» өнді­рудегі және тұтынудағы тең­герімсіздікті реттеуіне жол ашады делінді. Бұл ретте жобалар аукцион арқылы іріктелетін көрі­неді. Нә­тижесінде, еліміздің электр энер­гетикалық жүйесінің сыртқа тәуел­ділігі азаймақ. Бұған қоса, реттеу жөнінде көр­сетілетін қызмет үшін Ресейге кетіп жатқан қаржы енді Қазақ­станда қалатыны айтылды. Бұл жыл сайын шамамен 10-12 млрд теңгедей қа­ражат. Жобада жаңғыратын энергия көздерін қолдау үшін «өтпелі тарифті» белгілеу көзделіп отыр. Әйтпесе, қолданыстағы «Электр энергетикасы туралы» заңға сәйкес ЖЭК-тер өндірген қуатты KEGOC-қа қарайтын қаржы-есеп айырысу орталығы сатып ала­ды, бірақ оған жұмсалатын шы­ғын­­дар дәстүрлі стансалардың элек­тр энер­гиясына арналған шекті та­рифтерге қосылып кеткен. Сал­да­рынан жел мен күннен ЖЭК-тер шығарған электр көлемі жылда ұл­ғайған сайын су, көмір және мазут қол­данатын ГРЭС, ЖЭС-тердің өз дамуына бағыттайтын қаража­тының көлемі тұрақты түрде кеміп барады. Заң жобасы ЖЭК-терге өзге де қолайлы жағдай жасауды қарас­тырады. Мысалы, олардың электр энергиясын сатып алуға арналған келісімшарттың қол­данылу мер­зімін қазіргі 15 жылдан 20 жылға дейін ұлғайтпақ. Жаңартылатын энергия көздерінің электр энер­гиясын сатып алуды жүзеге асыру мерзімін 5 жылға ұзарту ұсыны­­­лады. Ол инвесторға аукциондық сауда-саттықта не­ғұрлым төмен тарифті ұсынуға жағ­­дай жасайды. Бұл өз кезегінде тұты­нушылардың шы­ғын­дарын төмен­­детуге мүмкін­дік бе­реді. Мұның сыртында депутаттар заң жобасында егер ЖЭК алдын­дағы төлем бойынша өз міндет­темелерін орындамаса, квазисек­торға, яғни қаржы-есеп айырысу орталығына көмек­­тесуге Үкіметтің өзін мін­деттеді.  

Айхан ШӘРІП