Неге «жемқорлар жерұйығына» айналдық?
Неге «жемқорлар жерұйығына» айналдық?
 

Жемқорды неге қолдайды?

Бұл ойдан шығарылған ақпарат емес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегі. «Бүгінде жемқорлар жазасын қылмыс­тық-атқару жүйесінің (ҚАЖ) қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде, яғни қоныс-колонияларда өтей алады. Ал бұл олар жасаған әрекеттің ауырлығына, қылмыстық қудалау қағидатына сәйкес келмейді. Өйткені Қылмыстық кодекс бойынша қоныс-колонияларда тек қыл­мысты абайсызда жасаған адамдар, сон­дай-ақ күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталғандар, келтірген залалын толық өтегендер және 2 жылдан аспайтын мерзімге бас бостандығынан айырылғандар ғана отыра алады», – дейді агенттік. Сарапшылар жазаны өтеу орны мәсе­лесін қарағанда депутаттар және судьялар жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға «артықшылық» бергеніне назар аудартады. Бұл сөз бос байбалам болмауы үшін анти­коррупциялық орган ұсынған мына мә­ліметке жүгінген жөн: «Сыбайлас жемқорлық үшін соттал­ған­­дардың едәуір бөлігі қауіпсіздігі ба­рынша төмен мекемелерде, яғни қоныс-колония­ларда жазасын өтеп жатыр. Ең сорақысы сол, бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде: егер 2016 жылы жемқорлардың небәрі 16%-ы қоныс-колониясына жі­бе­рілсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш – 25%, 2018 жылы – 46%, 2019 жылы  65% болды». Қоныс-колониясы не ұсынады? Ондағылар тіпті түрме киімін кимеуге құқылы көрінеді. Қылмыстық-атқару кодексінде қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде сотталғандар үлгісін Үкімет бекітетін нысандағы киімді (тюремная роба) кимеуіне болатыны көрсетілген. Мына «қызықты» қараңыз: «қоныс-коло­нияда ұсталатын сотталғандар ақшалай аударымдарды шектеусіз алуға және жіберуге құқылы». Олар «жыл сайынғы ақылы демалыс уақытына шығуға құқығы бар». Бұдан бөлек, оларға «демалыс және мереке күндерiн сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін мекеменің шегінен тыс жерде өткiзуге рұқсат беріледі». Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жемқорларға камера және жатақханадан тыс жерде тұруына, сондай-ақ ұялы телефон, бомба, есірткі, ішімдік және әскери үлгідегі киімнен басқа кез келген затты түрме аума­ғына әкелуіне, пайдалануына рұқсат етіледі.  

Президент пәрмен берді

Бір қуантарлығы сол, беті ашылып отырған осы жөнсіздікті жою үшін ең жоғары деңгейде саяси ерік-жігер бар екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 27 мамырда №20-439-7 қарарымен «пара алғаны, пара бергені, парақорлыққа делдал болғаны, ауыр және аса ауыр коррупциялық қылмыс жасағаны үшін сотталғандарға жазасын бірден қоныс-колониясында өтеуге мүмкіндік беру тәжірибесін жою» туралы бас­таманы қолдады. Аталған бастама Мемлекет басшысының қарауына биылғы 14 мамырда Үкімет бас­шысы Асқар Маминнің хатымен қоса енгізілген болатын. Идея о баста жем­қор­лыққа қарсы агенттіктің, Бас прокура­тура­ның және Әділет министрлігінің ке­лісімін алды. Енді Үкімет пен Парламент сыбайлас жемқорлардың жазасын өтеу шарттарын қайта қарайтын заң жобасын қабылдауы керек. Содан кейін коррупционерлер адам өлтірушілермен, зорлықшылармен, қарақшылармен бірге қамалуы ықтимал. Бұл оларға сабақ болады. jemkor1 Атап өткен жөн, қазіргі уақытта депу­таттық корпус Қ.Тоқаевтың сыбайлас жемқор­лықпен күресті күшейтуге бағыт­талған тапсырмаларын орындауда. Осыған қатысты заңнамалық түзетулердің алғашқы топтамасы өмірге жолдама алды. Осы сәрсенбіде, 2020 жылғы 7 қазанда Президент «Кейбір заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заңына қол қойды. Ол бойынша бұдан былай шенеуніктердің өзіне ғана емес, оның отбасы мүшелеріне де сыйлықтар, материалдық сыйақы немесе қызмет көрсету түрінде тарту алуына толық тыйым салынды. Бұл пәрменді тетіктердің қаншалықты тегеурінді орындалатыны белгісіз. Мысалы, ауыл-аумақта ірі шенеуніктің өзі ғана емес, оның отбасы мүшелері тойға келсе, оларға «мәртебелі мейман келді, мәртебемді асыр­ды» деп арнайы тарту-таралғы жасалатыны мәлім. Ол той-думаннан әлдекім видео түсіріп, әлеуметтік желіге тастамаса, мес­сенджер арқылы таратпаса, сыйлықтың бе­ріл­гені құпия қалады. Ондай жайтты ха­­бар­ламағаны үшін салмақты жаза қарас­тырылмаған. Әзірге сыйлық алудан шенеуніктердің өзі де бас тартар емес. Мысалы, жуырда әлеуметтік желіде Тараз әкімінің биылғы шілдеде ғана тағайындалған орынбасары Алмас Сәдубаевқа кабинетінде салтанатты түрде сыйлық ұсынылғаны көрсетілген бейнеролик тарады. Ізінше Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері де­партаменті қызметтік тергеу жүргізетінін ха­барлады. Ведомство А.Сәдубаевтың үстінен тәртіптік іс қозғапты. Іс тек Әдеп кодексін бұзуға қатысты болды. Жемқорлығы үшін іс қозғау туралы әңгіме жоқ. Себебі биік лауазымды шенді 7 күн ішінде ол сыйлықты арнайы мемлекеттік қорға өткізген. Бірақ дұрысы, тартуды тіпті қолына да алмай, азарда-безер болып, сыйлаушыға кері қайтаруы тиіс еді.  

Толқынды толқын қуады

Ел Үкіметі сарапшылармен бірлесіп, Президенттің жемқорлыққа қарсы күресті өрістету тапсырмасымен байланысты түзе­тулердің келесі толқынын түзуге кіріс­ті. Бұл пакеттің жаңашылдықтарына тоқ­талсақ, біріншіден, 2021 жылдан бас­тап мемқызметшілерге, Парламент депу­тат­тарына, судьяларға шетелдік банк­тер­де шоттар ашуына, өзге елдердің банк ұяшық­тарында қолма-қол ақша мен құндылық­тарды сақтауына тыйым салынады. Екіншіден, жемқорларды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға жол берілмейді. Үшіншіден, Қылмыстық кодексте құ­қық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілер мен пара алу­дағы делдалдардың сыбайлас жемқорлық үшін жазасы қатайтылады. Төртіншіден, пара алғаны не бергені, осы жолда делдал болғаны үшін сотталғандар, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандар жазасын бірден қауіп­сіздігі барынша төмен мекемеде (қоныс-колонияда) өтеу мүмкіндігінен айырылмақ. Бұл тетіктердің бәрі тек заң жобасындағы тиісті ұсыныстарды Парламент өзгеріссіз, өңдеусіз, жонусыз қабылдаса ғана іске қо­сылмақ. Әйтпесе, жемқорлар әрі қарай да көз қылып түрмеге отырғызылып, шынында бостандық пен той-думанда талтаңдап жүре бермек. Жасыратыны жоқ, халық жемқорлықпен күреске сенбейді, күреске үлес қосудан қорқады, коррупционерлердің жоғарыда достары көп деп санайды. Былтыр желтоқсан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің бастамасымен қазақ­стандықтар арасында әлеуметтік зерттеу жүргізіліпті. Сонда азаматтардың көпшілі­гі – 63%-ы «кінәлілер қолға түскеннің өзін­де бәрібір сот пен тергеуден құтылып кетеді немесе судья арқылы үкімді жеңілдете ала­ды» деп сенетінін мәлімдеген. Зерттеу Қа­зақстанда «сыбайлас жемқорлардың әділ жазаланатынына жұртшылықтың кү­мәнданатынын» көрсетті.  

Айхан ШӘРІП