ПРАЙМЕРИЗ: әлеуметтік желідегі танымалдық ештеңе шешпеді
ПРАЙМЕРИЗ: әлеуметтік желідегі танымалдық ештеңе шешпеді
166
оқылды
Жалпы, праймеризге қатысып, бақ сынауға үміт білдіргендер саны аз болған жоқ. «Праймериз» ақпараттық жүйе­сіндегі деректерге қарағанда, үміткерлер саны 10 990 адам болған. Ал партияның 786 805 мүшесінің 662 687-сі өз таң­дауларын жасады. Тіркелген аза­мат­тардың 36,7 пайызы – әйел, 29 пайы­зы – 35 жасқа дейінгі азаматтар. Бастауыш партия ұйымдары үміткерлердің 30 пайы­зын ұсынса, 70 пайыз үміткер өзін-өзі ұсыныпты. Қысқасы, белсенділік жаман болған жоқ. Ал біз қандай ерек­шеліктерді байқағанымызға келер болсақ, алдымен қоғамдағы саяси мәдениетке назар ау­дардық. Праймериз барысында қоғамда әлі де ескі стереотиптердің сақталғаны сезілді. Яғни, басшы-қос­шының айтқаны әлі де жүріп тұр. Аза­маттардың үміткерлер ұсынған бағ­дарламалардың, онда кө­терілген мәсе­лелердің маңызына емес, үміткердің тікелей қандай орында қызмет ететініне, сайлаушыға қалай ықпал жа­сайтынына әлі де көңіл бөлетіні бай­қалады. Прай­меризде кәсіпорын, мекеме бас­шы­ларының көбірек дауыс жинауы соның айғағы. Бірқатар аймақтарда жергілікті әкімдердің, шенеу­ніктердің ықпалы күш­ті болғаны жайлы да деректер ай­­тылып жүр. Бірақ «ұсталмаған ұры емес!». Ал партия назарына ілінгендер тиісті жаза­сын алды. Дауыс беру кезінде бір­­қатар аймақтардан ереже бұзғандар та­былды. Олар праймеризден шеттетілді. Екіншіден, қоғамда онлайн өмір мен оф­флайн­ның бір-біріне тым қатысы болмайтыны сезілді. Онлайндағы, яғни әлеуметтік желідегі пікір, бел­сенділік, танымалдық оффлайнда іске жарамай қалғаны байқалады. Әйтпесе, Тұрсынбек Қабатовты күллі Қазақстан, «Құралай ханым» деген атпен танымал Құралай Ошақбаеваны Іnstagram-ның қазақ­стандық сегменті жақсы біледі. Соң­ғысының 1,1 млн жазылушысы бар. Ал орыс тілінде ақпарат оқитын азаматтар үшін блогер Ғалым Байтұқ та танымал тұлға. Оның пікірлерімен ірі компаниялар, кейде мемлекеттік органдар да санасатын кез болады. Бірақ праймеризде оның да жолы бола қойған жоқ. Мәселен, осы­нау үш тұлғаның ішінен Құралай Ошақ­баева 459 дауыс жинаса, Тұрсынбек Қабатов 243 дауыс, Ғалым Байтұқ 101 дауыс жинаған. Міне, дәл осы кейстің өзі әлеуметтік желідегі белсенділік пен та­нымалдық сайлау процесіне нақты әсер ете қоймайтынын байқатады. Әри­не, праймеризде әр үміткер өзі тіркелген аймақ пен аудандағы сайлаушылардың ғана дауысын алуға құқылы екені рас. Жүйе солай жасалған. Ал әлеу­меттік желі жалпыға жария дүние. Бәлкім, осы се­бепті нақты аудиторияға бағытталған жұмыс сапасыз болды деуге болар. Бірақ праймериз кезінде тым белсенді әрекет етіп, көпшілікпен ондаған кездесу өткіз­гендер де болғанын ескеру керек. Айта­лық, Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ау­данынан праймеризге қатысқан кәсіпкер Қайырлы Таукеннің қол астында 5 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бірнеше ба­зарды жауаптанған тұлға. Бірақ жина­ған дауысының саны – 235. Демек, бұл жерде жұмыс­шылары қаланың түрлі ай­мақ­тарынан жиналған базарлар емес, нақты қызметкері бар кәсіпорын, мекеме алға шықты деуге болады. Яғни, дауыс беру нәтижелеріне нақты қандай фактор ық­пал еткенін бағалау қиын. Кейбір жерде танымалдық, кейде үміткердің лауа­зымы, тағы бір жерде нақты үгіт-насихат, элек­тораттың сер­гектігі әсер еткен тә­різді. Ал партия үшін праймериз жақсы тәжірибе болғаны жасырын емес. Прай­меризде жаңа идея­лар мен баста­малар көп ай­тылды. Аза­маттардың бел­сенділігі арта түсті. Тек праймеризге қатысты қо­ғамда екіұдай пікір қалып­тасқан жайы бар. Әрине, «жеңіл­геннің сөзі құрысын» деуге болар еді, бірақ әлеуметтік желіде бел­сенген үміт­кер­лердің ойы елдің саяси өмірі үшін бола­шақта да қажет болуы мүмкін екенін ескердік.      width=Әкім ТҰРСЫН, Алматы қаласы: – Менің бір байқағаным, жоғары жақта, яғни партияның орталық аппаратында өз­геріске бет бұру басталып, қо­ғамды жаңғырту бағытында көптеген игі істер жасалып жатыр. Бірақ мәселенің бәрі аймақтарда сияқты. Өйткені партия мүше­лері, атап айт­қанда мұғалімдер мен дәрігерлер, бюджеттік мекеме қыз­меткерлері баяғы әдет бойынша кімге дауыс беру керек деген секілді жоғарыдан бұйрық күтіп отыратыны байқалды. Егер праймериз нәти­желеріне сараптама, аудан, қалаларға мони­торинг жасасаңыз, жергілікті атқамінерлердің «өтініші» болмаған аймақтарда немесе әркім өз еркімен дауыс берген өңірлерде қатысушыларға дауыс беру деңгейі біркелкі болғанын көресіз. Арада көп айырмашылық жоқ. Ал кейбір аймақтарда көш бастаушылар мен олардың соңында қалған адам­­дардың жинаған дауысының арасында орасан зор айырмашылық бар. Бұл жерде дауыс берушілер өз дауысын қалауынша беруден әлі де сескеніп, бас­шылыққа мойынсынғанының салдары жатыр. Ал партия тарапынан ұйымдастырылған жұмыстарға қандай да бір мін тағу қиын. Тек бастауыш партия ұйымдары бас­шыларының праймеризге қатыс­қандары дауыс беруге әсер етті деп ойлай­мын. Айталық, мектеп директоры қатысса барша мұғалім оған дауыс берері сөзсіз. Екіншіден, әлеуметтік желілерде танымал тұлғалардың көбі өзін-өзі ұсынғандар екенін ескеру керек. Оларда тәжірибе жетіспеді. Әлеуметтік желілерге көбірек үміт артты. Ал әлеу­меттік желі жалпыға ортақ дүние. Ондағы жақтас әр аймақтан, тіпті шетелден де болуы мүмкін. Ал дауыс беру үміткердің тіркелген аймағы бойынша өтті. Сон­дықтан әлеу­меттік желі белсенділерінің көп дауыс жинай алмай қалғанына таңғалудың қажеті жоқ. Үшіншіден, меніңше праймеризге қатысушылар міндетті түрде жеңуді емес, өз ойларын, жоспарларын, ұсыныстары мен бағдарламаларын көпшілікке таныстырып, партия назарына іліктіруді көздеген тәрізді. Өз басым дәрігерлер мәселесін көтердім. Оны жұртшылыққа таныстырдық. Кездесулерде айттық. Демек, қозғап жүрген мәсе­лелерім әріптес, партия­ластардың да назарына ілікті деп ойлаймын. Ал онлайн дауыс беруге келсек, қалай болғанда да «Праймериз» ақпараттық жүйесі сынақтан сәтті өтті деп ойлаймын. Тіпті, Парламент Мәжілісіне депу­таттар сайлауды осы жүйе арқылы өткізс де артықтық етпейді. Қазір технология заманы, демек ақпараттық технология игіліктерін барынша пай­даланған дұрыс.   AidosАйдос ЖҰҚАНҰЛЫ, Нұр-Сұлтан қаласы: – Әлеуметтік желілерде танымал адам­дар­дың дауыс аз жинауының себебі әртүрлі. Дәл өз басым әлеуметтік желілерде белсенділік та­ныт­қанымның мақсаты – көп дауыс жинау емес, танылу. Бұл болашақ стратегиялық жос­пар деген сөз. Яғни, әлеуметтік желілер ар­қылы «Nur Otan» басшылары, қарапайым халық «Ай­дос Жұқанұлы қандай бағдар­лама ұсынды, не жасап жатыр екен?» дегенді көрсін, білсін де­дім. Ертең ұтылып жатсам, осындай мықты азаматтың ұтылғанынан ел қынжылсын, көрсін, көзі жетсін деген мақсатта әлеуметтік желі­лерде көп жарнама жасап, бағдарламамды ұсындым. Ал әлеуметтік желілерде танымал емес адамдардың ұтуының себебі қатысушылардың нақты кә­сіпорындар басшылары болуында. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданында ең көп дауыс жинаған азамат «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы. Ол 1,5 мыңнан астам дауыс жинады. Өйткені ол мекемеде мыннан асатын адам жұмыс істейді. Солардың көпшілігі «Nur Otan» партиясының мүшесі. Міндетті түрде олар басшы­сына береді. Сол сияқты барлық аудандарда алғашқы үштікке, бестікке, ондыққа кірген азаматтардың көп дауыс жинауына олардың кәсіпорын басшылары болғаны әсер етті. Олардың қол астындағы қыз­меткерлердің барлығы оларға дауыс берді. Болашақта праймериз өткізген жағдайда осыны партия басшы­лары ескерер деп үміттенемін.  

АмангелдіАмангелді ҚҰРМЕТ